Хадис

Кутуб ситтә, № 2480

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
349. Азан тарихында есімі аталатын сахабалар
Нөмірі
№ 2480 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 17
2480
Кутуб ситтә, № 2480 · тараудағы реті: 17

وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ: «فَلَمَّا بَلَغَ حَيَّ عَلَى الصَّلَاةِ، حَيَّ عَلَى الْفَلَاحِ لَوَّى عَنُقَهُ يَمِينًا وَشِمَالًا وَلَمْ يَسْتَدِرْ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің нұсқасында: «Біләл “Хаййә алас-салаһ” пен “Хаййә алал-фалаһқа” келгенде, мойнын оңға және солға бұрды. Денесі тұрған қалпында қалды», – делінеді.1

Түсіндірме

1. Соңғы екі хадис Біләлдің (р.а.) азанды қалай айтқанын әр қырынан сипаттайды. Алғашқы риуаят оның «Хаййә алас-салаһ» пен «Хаййә алал-фалаһ» дегенде оңға, солға қарағанын көрсетеді. Екінші риуаят мойнын ғана бұрғанын нақтылайды. Ол орнынан қозғалмай, әуелі басын оңға бұрып, «Хаййә алас-салаһ», содан кейін солға бұрып, «Хаййә алал-фалаһ» деген. Біләлдің азан кезінде бұрылғаны жөніндегі риуаяттар әртүрлі. Бірінде бұрылғаны айтылса, екіншісінде бұрылмағаны айтылады. Ибн Хажар осы екі нұсқаны былай үйлестіреді: «“Бұрылды” дегендер басын меңзесе, “бұрылмады” дегендер денесін меңзеген болуы керек». Алғашқы риуаяттың Тирмизидегі қосымшасында Біләлдің екі саусағын екі құлағына қойғаны айтылған.

2. Риуаяттың толық нұсқасы ұзақ. Мұнда оның тақырыпқа қатысты үзіндісі берілді.

Азан тақырыбына қосымша бөлім

Азанның шығу тарихы

Азанға қатысты риуаяттар көп, әрі олардың арасында айырмашылық бар. Сондықтан азанның егжей-тегжейіне қатысты талас та аз емес. Мұнда әр пікірдің дәлелін таратып жатпай, бірнеше мәселені және ғалымдардың көбі келіскен тұстарды қысқаша баяндаймыз.

1. Азанның Меккеде ме, Мәдинада ма пайда болғаны туралы түрлі пікір айтылған. Меккеде басталғанын көрсететін риуаяттардың бәрі әлсіз. Ғалымдар азанның Мәдинада пайда болғанына бірауыздан келіскен.

Мәдинада нақты қай жылы басталғаны белгісіз. Көпшілік азан һижраның бірінші жылы, Пайғамбар мешітінің құрылысы біткен соң пайда болды деген пікірді ұстанған.

2. Кей риуаятта азан Алла елшісіне (с.а.с.) уахимен келгені, соның ішінде Миғражда уахи етілгені айтылады. Бұл риуаяттар әлсіз. Азан кейбір сахабаға түсінде үйретілген.

3. Азанның айтылуын түсінде көрген сахабалардың саны әр деректе әртүрлі. Кейбірінде оннан аса, енді бірінде он төрт немесе жеті делінеді. Сахих риуаяттар мұны қуаттамайды. Азанды түсінде екі кісі – Омар мен Абдулла ибн Зәйд (р.а.) көрген. «Дүние аспанында алғаш азан айтқан Жәбірейіл (а.с.) еді. Оны Омар мен Біләл (р.а.) естіді. Алла елшісіне хабарлауға Омар ертерек қамданды» деген риуаят та сенімді дерекке жатпайды.

4. Алла елшісінің (с.а.с.) өзі азан айтқан-айтпағаны жөнінде де пікірталас бар. Оның азан айтқанын растайтын сахих риуаят жоқ.

5. Дәлелге жарамайтын кейбір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) азанды Ибраһимнің (а.с.) азанынан алғаны айтылады. Өзге бірінде Адам (а.с.) жерге түскенде Жәбірейіл (а.с.) оған азан айтқан делінеді. Ибн Хажар бұл риуаяттарды ғариб санаған.

6. Азанның айтылу үлгісін Алла елшісінің өзі Әбу Махзураға үйреткен. Оның үйретуімен бұл үлгі бүгінге дейін жетті. Азан кезінде екі саусақты құлаққа қою, «Хаййә алас-салаһ» пен «Хаййә алал-фалаһ» дегенде басты оңға, солға бұру, биікке шыққанда әр тарапқа қарау секілді көпке таныс амалдар Алла елшісінің алғашқы азаншыларынан риуаят етілген. Олардың бәрі Пайғамбардың үйретуіне негізделеді.

7. Азанның үкімі жөнінде де пікірлер әртүрлі. Өйткені оның пайда болуына кеңес себеп болды. Риуаяттарға қарағанда, намаз уақытын жұртқа хабарлау қажет болғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Қалай хабарлаймыз?» – деп, сахабалармен ақылдасқан. Түрлі пікірді тыңдап, ешбіріне тоқтамай тарасқан. Одан кейін азанның айтылуы кейбір сахабаға түсінде үйретілген. Түсін Алла елшісіне бірінші болып Абдулла ибн Зәйд (р.а.) жеткізген. Пайғамбар оған азан сөздерін Біләлге (р.а.) үйретуді, Біләлге сол сөздермен азан айтуды тапсырған. Азанды естіген Омар (р.а.) бұл сөздер өзіне де түсінде үйретілгенін айтқанда, түстің ақиқат екені айқындала түсті. Өйткені сәкина Омардың тілімен сөйлейді. Осы оқиғада азанға кеңес негіз болғаны көрінеді. Кеңес мәндуб амал саналады. Осыған қарап, азанды да мәндуб деуге бола ма деген сұрақ тууы мүмкін. Алла елшісінің амалын ескерсек, азан уәжіпке жақын. Өйткені ол азанды өзі үйретті, айтылуын жалғастырды, ешқашан қалдырмады, қалдыруды бұйырмады әрі оған рұқсат бермеді. Осы тұрғыдан азан уәжіпке жақын саналады. Дініміздегі кейбір уәжіптер, парыздар мен тыйымдар Алла елшісі (с.а.с.) арқылы бекітілген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат» (520).