وَلِلتِّرْمِذِيِّ فِي أُخْرَىٰ عَنْهُ: «أَنَّ بِلَالًا أَذَّنَ قَبْلَ طُلُوعِ الْفَجْرِ فَأَمَرَهُ النَّبِيُّ ﷺ أَنْ يُنَادِي: أَلَا إِنَّ الْعَبْدَ قَدْ نَامَ».
Тирмизидің Ибн Омардан (р.а.) жеткізген өзге бір риуаяты мынадай: «Біләл таң шапағы білінбей тұрып азан айтқан еді. Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Біліп қойыңдар, құл ұйықтап қалды”, – деп дауыстауды бұйырды».1
Түсіндірме
1. Тирмизи риуаятты «Түнде айтылған азан» тарауында, Әбу Дәуіт «Уақытынан бұрын айтылған азан» тарауында берген.
2. Тирмизи мен бір топ хадис ғалымы екінші риуаятты Пайғамбарға телуді жеткізушілердің бірі Хаммад ибн Сәламаның қатесі деп санаған. Олардың айтуынша, азанды уақытынан бұрын айтқан азаншыға оны қайталауды Омар (р.а.) бұйырған. Әбу Дәуіттің нұсқасында азаншының аты Мәсруһ екені анық айтылған.
Олардың пікірінше, азанды қайталау жөніндегі бұйрық мауқуф риуаятқа жатады. Омар оны Біләлге емес, Мәсруһқа айтқан. Тирмизи бұл мәселені кеңінен түсіндіреді. Риуаят мәрфуғ саналған күнде де, мауқуф саналған күнде де, бұдан шығатын үкім өзгермейді. Ғалымдар арасындағы айырмашылық көбіне риуаятты әрқалай түсіндіруден туған.
3. Алғашқы риуаятта Омар (р.а.) таң азанын ерте айтқан азаншыға намаз уақыты кіргенде азанды қайта айтқызғаны баяндалады.
Екінші хадистің мәрфуғ нұсқасы да осы мағынаны қуаттайды. Біләл Хабаши таң азанын қателесіп, уақытынан бұрын айтқан. Алла елшісі (с.а.с.) оған жұрттан кешірім сұрап, «Ұйқы жеңіп, жаңылысып, азанды ерте айтып қойдым» деген мағынада «Біліп қойыңдар, құл ұйықтап қалды» деп дауыстауды бұйырған.
Азанды уақытынан бұрын айту жөнінде ғалымдар әртүрлі үкім берген:
1. Имам Шафиғи, Мәлік, Ахмад ибн Ханбал, Әузағи мен Исхақ ибн Раһуя таң намазының азанын шынайы таң шапағы білінбей тұрып айтуға болады деген. Жәбир (р.а.) де осы пікірде. Бұл – ғалымдардың көпшілігі ұстанған көзқарас.
2. Әбу Ханифа мен имам Мұхаммед өзге намаздарға сүйеніп, таң намазының да уақыты кірмей азан айтылмайды деп үкім берген. Имам Әбу Юсуф алғашында Әбу Ханифаның пікірін ұстанған. Кейін риуаяттардағы үлгіге сүйеніп: «Таң азанын уақытынан бұрын айтуда айып жоқ», – деген.
3. Кей хадис ғалымдары мешітте екі азаншы болса, таң намазының азанын ерте айтуға болады деген. Олар мұны былай түсіндіреді: «Алла елшісінің (с.а.с.) басында Біләл Хабаши (р.а.) атты бір ғана азаншысы болған. Ол кезде азан таң намазының уақыты кіргенде айтылатын. Ибн Үммі Мәктум (р.а.) екінші азаншы болып тағайындалғаннан кейін, Біләл азанды ерте айта бастады. Сахих риуаяттарда Алла елшісі (с.а.с.): إِنَّ بِلَالًا يُؤَذِّنُ بِلَيْلٍ، فَكُلُوا وَاشْرَبُوا حَتَّىٰ يُؤَذِّنَ ابْنُ أُمِّ مَكْتُومٍ “Біләл түнде азан айтады. Ибн Үммі Мәктум азан айтқанға дейін ішіп-жеңдер”2, – деп ескерткен. Демек, ерте айтылған азанды қайталауды бұйырған № 2465 риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) бір ғана азаншысы болған кезіне қатысты. Мұны Ибн Омардың риуаяты да қуаттайды».
Бұл пікірді ұстанғандар ерте айтылған таң азанын жеткілікті санамайды. Намаз уақыты кіргенде екінші рет азан айту керек дейді.