Хадис

Кутуб ситтә, № 253

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
34. Жеміс пен егін өнімін сату
Нөмірі
№ 253 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
253
Кутуб ситтә, № 253 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْمُزَابَنَةِ وَالْمُحَاقَلَةِ. فَالْمُزَابَنَةُ: اشْتِرَاءُ الثَّمَرِ فِي رُؤُوسِ النَّخْلِ». زَادَ مَالِكٌ: «بِالتَّمْرِ». «وَالْمُحَاقَلَةُ: كِرَاءُ الْأَرْضِ بِالْحِنْطَةِ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүзәбәнә мен мұхақалаға тыйым салды». Мүзәбәнә – ағаш басындағы балауса құрманы сатып алу. Имам Мәлик осы анықтамаға «кепкен құрма беріп» деген сөзді қосқан.

Мұхақала – бидай беріп, егістік жерді жалға алу.1

Түсіндірме

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) заманында егістік жерді жалға беру кең тараған. Тұқымды диқан өзі әкелетін. Егістіктің құнарлы бөлігінен бір телім жер иесіне белгіленіп, қалғаны диқанға тиетін. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұлай келісуге тыйым салды. Себебі жер иесіне белгіленген телімнің өнімі шықпай қалуы немесе зая кетуі мүмкін еді.

Имам Нәуәуидің түсіндіруінше, ғұламалар бұл мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Кейбірі хадистегі тыйымды жалпы мағынасында алып, егістікті өнімге де, алтын, күміс тәрізді заттарға да жалға беруге болмайды деген. Әбу Ханифа, Шафиғи және басқа да көптеген ғұлама егістікті алтын, күміс, азық қоры, киім-кешек және өзге де заттар есебінен жалға беруге болады деп санаған. Жалдау ақысы егінмен де өтелуі мүмкін. Алайда сол жерден жиналатын өнімнің үштен бірі не төрттен бірі секілді үлесін жалдау ақысына белгілеуге болмайды деген. Мұндай келісім мұхабара деп аталады. Белгілі бір телімге жер иесі үшін егін егу шартын қоюға да рұқсат жоқ деген. Ахмад ибн Ханбал, Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед және Мәлики мәзһабының кей ғұламаларының пікірі мынадай: «Жерді алтын мен күміске, сондай-ақ өнімнің үштен бірі не төрттен бірі секілді үлесіне жалға беруге болады. Басым пікір де осы». Әр пікірдің иелері өз ұстанымын риуаяттарға сүйеніп дәлелдеген.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 82. Мүслим, «Буюғ», 105 (1546). Имам Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 23–25 (2/625). Нәсәи, «Музараға», 45 (7/39).