1. Риуаят бұл жерде ішімдікке тыйым салынуына байланысты берілгенімен, өзге мәселелерді де қозғайды. Соның бірі – Бәдір олжасының хумусынан Әлиге үлес бөлінуі. Хумус деген не? Қалай бөлінеді? Одан кімдерге үлес беріледі? Бәдір шайқасы тұсында олжаны бөлу үкімдері бекітіліп пе еді? Осы сауалдардың бірқатарына әртүрлі жауап берілген. Бұл мәселелер №1101–1148 хадистерде қарастырылған.
2. Хадистегі түйелерді бауыздамай, бүйірлерін жару оқиғасы ішімдікке үзілді-кесілді тыйым салған аяттан3 бұрын болған. Ғалымдар Хамзаның сол кездегі күйі үшін жауапқа тартылмағанын айтады. Кейбіреулер осыған сүйеніп, «Мас адамның талағы есептелмейді» деген. Ғалымдар бұл пікірді құптамаған. Олардың уәжі бойынша, мас болу харам болғандықтан, мастық ақтау бола алмайды. Хамзаның жауапқа тартылмауының себебі – хамрға ол кезде әлі тыйым салынбағаны. Хамза әлгі сөзімен мақтанғысы келген болуы да мүмкін. Өйткені Абдулмұтталиб – оның әкесі, ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Әлидің атасы. Демек, Хамзаның оған туыстығы бір буын жақын еді. Арабтар атасын «сәйид», яғни мырза деп атағандықтан, немерелері құлға теңеліп айтылуы мүмкін болған.
3. Басқа риуаяттардағы егжей-тегжейге қарағанда, бұл оқиға Әлидің Фатимаға үйленгелі жүрген кезінде болған. Әли түйелерге изхир шөбін артып әкеліп, сатып, одан түскен ақшаны үйлену тойына жұмсамақ болған. Түйелерін ансарлардың бірінің ауласына шөктіріп қалдырған. Сол кезде Хамза осы үйде бір топ жолдасымен ішімдік ішіп отырған екен.
4. Алла елшісі (с.а.с.) Хамзаның мас екенін көргенде, оның сол күйінде айтқан сөзіне мән бермей, шегініп шығып кеткен. Мұндағы мақсат – Хамзаны одан әрі оғаш сөз бен әрекетке итермелемеу. Автор бұл сүннетті мас кісімен ұшырасқанда қалай әрекет етуге болатынына үлгі ретінде келтіреді.
5. Ибн Хажар осы риуаяттан шығарылған мынадай үкімдерді келтіреді және олардың кейбірін толық құптамағанын ескертеді.
• Түйе иесі түйесіне жүк артып, оны көлік ретінде пайдалана алады.
• Үй иесіне зияны тимейтінін және оның қарсы еместігін білсе, түйесін өзгенің ауласына шөктіріп қалдыруға болады.
• Қайғыдан жылау айып саналмайды. Кейде ашу басым түсіп, адам жылап та қалады.
• Пайдаланып жүрген, өзіне қажет нәрсесінен айырылған адамның қапалануы табиғи.
• Жәбір көрген адамның өзіне қиянат жасаған кісі туралы шағым айтуы ғайбатқа жатпайды.
• Хабар әл-уахид, яғни бір кісі жеткізген хабар, қабыл етіледі.
• Адал сусын ішілетін басқосу өткізуге болады. Жұрттың алдына ортақ қойылған астан алып жеуге рұқсат.
• Рұқсат етілген сөздермен ән айтуға, өлең оқуға, оларды күңнен тыңдауға болады.
• Хадис «Исламда мастыққа әуелден рұқсат берілмеген» дегендерге қарсы дәлел ретінде келтірілген. Бұл пікір бойынша, әуелде рұқсат болған іс кейін харам етілген.
• Кейбіреулер осы оқиғаға сүйеніп, жақын туыстың қиянаты кешіріліп, жазасыз қалуы мүмкін деген. Алайда Ибн Әбу Шәйба жеткізген риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) Хамзаға өлтірген түйелерінің құнын Әлиге өтеуді бұйырғаны айтылады. Зиян көрген адамның өз еркімен кешіруі – өз алдына бөлек жағдай.
• Бұл оқиға хамрға не үшін тыйым салынғанының бір себебін көрсетеді.
• Біреуге зиян келтірді деген хабар жетсе, имам сол істі жасаған адамның үйіне бара алады.
• Біреудің малын тартып алған кісі оны бауыздаудың тиісті шарттарын сақтап сойса, еті адал деп есептеледі.
• Үйге кірерде рұқсат сұрау – сүннет.
• Топтың басшысына берілген рұқсат онымен бірге келгендерге де жүреді. Әрқайсысының бөлек рұқсат сұрауы шарт емес.
• Мас кісі айтылған кінәні ұға алатындай күйде болса, істегені үшін оған ескерту жасалады.
• Ел ағасы үйінде жеңіл отыру үшін жамылғысын шешіп қоя алады. Жұрт алдына шыққанда әдеттегідей киінеді. Алла елшісі де (с.а.с.) үйінен шығарда жамылғысын алдырып, иығына жапқан.
• Есі дұрыс кісі мас адаммен сөзге араласпағаны жөн.
• Есінен айырылған адамның жанынан кетерде оған арқасын бермеу керек. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хамзаның жанынан шегініп шыққан.
• Бұл сөзден Абдулмұтталибтің жоғары дәрежесі және оны көтере мақтауға рұқсат етілгені аңғарылады. Хамза «Сендер менің әкемнің құлдарынан басқа кімсіңдер?» дегенде, «Оның құлдары секілдісіңдер» дегенді меңзеген болуы мүмкін. Сірә, мұнымен олардың Абдулмұтталибке ерекше құрметін және аталары олардың мал-мүлкін құлдың мүлкіндей жұмсай алатынын айтқысы келген.
• Айтылған сөзден туатын үкім оны айтқан адамның жағдайына қарай өзгереді.