Хадис

Кутуб ситтә, № 2023

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
282. № 2010–2023 хадистер
Нөмірі
№ 2023 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 14
2023
Кутуб ситтә, № 2023 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ عَطِيَّةَ السَّعْدِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يَبْلُغُ الْعَبْدُ حَقِيقَةَ التَّقْوَى حَتَّى يَدَعَ مَا لَا بَأْسَ بِهِ حَذَرًا مِمَّا بِهِ بَأْسٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Атия әс-Сағди (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Құл күнәлі нәрсеге ұрынып қалудан сақтанып, күнәсі жоқ нәрседен де бас тартпайынша, шынайы тақуалыққа жете алмайды”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадис адал болғанымен, қажеттен артық нәрседен бой тартуға үндейді. Мүмін кісі харам емес деген желеумен керексіз нәрсенің бәріне ұмтылмауы керек. Ас-су, киім, сөз, серуен, ұйқы немесе шығынның да қажетке сай мөлшерін ұстаған абзал. Шектен асқан тұсы ысырапқа, ал ысырап харамға жол ашуы мүмкін. Ысырап адал нәрсенің өзінде де кездеседі. Имам Ғазали: «Адал нәрсені артығымен пайдаланып, соған әуестену нәпсіні қомағайлыққа, шектен шығуға және қыңырлыққа жетелейді. Дініне зиян келуінен қорыққан адам осы қатерлерден сақтанып, адалды артық тұтынудан бой тартсын. Сонда харамнан да қорғана алады. Ол үшін ең абзалы – тақуалық және дініне зияны тимейтін нәрсені жақсы көру», – дейді.

2. «Тақуалық» сөзі «уиқая», яғни сақтану дегеннен тараған. Шариғатта ол азапқа апаратын әрекеттерден өзін қорғауды білдіреді. Мунауи тақуалықтың бірнеше дәрежесін атайды.

1) Серік қосудан аулақ болып, мәңгілік азаптан сақтану. Бұған ﴿فَأَنْزَلَ اللَّهُ سَكِينَتَهُ عَلَىٰ رَسُولِهِ وَعَلَى الْمُؤْمِنِينَ وَأَلْزَمَهُمْ كَلِمَةَ التَّقْوَىٰ﴾ «Алла пайғамбарына һәм мүміндерге жан-дүниелерін тыныштыққа бөлеп, жүректерін орнықтырған рақымын түсірді. Әрі тақуалық сөзін олардың ажырамас досы қылды.»2 деген аят дәлел.

2) Күнәдан сақтану. Ол құмар ойын секілді тыйылған істен аулақ жүруді де, намазды салғырттықпен өткізіп алмауды да қамтиды. Кіші күнәдан сақтану да осы дәрежеге кіреді. Шариғатта тақуалық көбіне осы мағынада қолданылады. ﴿وَلَوْ أَنَّ أَهْلَ الْقُرَىٰ آمَنُوا وَاتَّقَوْا﴾ «Егер әлгі елді мекендердің халқы иман келтіргенде һәм Аллаға қарсы келуден сақтанғанда»3 деген аят осы дәрежені меңзейді.

3) Раббысына бет бұрып, құлшылық етуге кедергі келтіретін нәрседен сақтану. ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Аллаға қарсы келуден барынша сақтаныңдар»4 деген аятта әмір етілген тақуалық – осы.

  1. 1Тирмизи, «Қиямет», 20 (№ 2451, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2453).
  2. 2«Фәтх» сүресі, 26-аят
  3. 3«Ағраф» сүресі, 96-аят
  4. 4«Әли Имран» сүресі, 102-аят