Хадис

Кутуб ситтә, № 1964

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
273. Сойылған малдың етіне қатысты тыйымдар
Нөмірі
№ 1964 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1964
Кутуб ситтә, № 1964 · тараудағы реті: 3

وَعَنِ الزُّهْرِيِّ قَالَ: «لَا بَأْسَ بِذَبِيحَةِ نَصَارَى الْعَرَبِ فَإِنْ سَمِعْتَهُ يُسَمِّي لِغَيْرِ اللَّهِ فَلَا تَأْكُلْ، وَإِنْ لَمْ تَسْمَعْهُ فَقَدْ أَحَلَّهُ اللَّهُ وَعَلِمَ كُفْرَهُمْ». وَيَذْكُرُ عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ نَحْوَهُ. أَخْرَجَهُ رَزِينٌ. قُلْتُ: وَهُوَ فِي الْبُخَارِيِّ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ، وَاللّهُ أَعْلَمُ.

Қазақша аудармасы

Зуһри (Алла оны рақымына бөлесін) былай деген: «Араб христиандары сойған малдың етін жеуге болады. Сойған кісінің Алладан өзгенің атын атағанын естісең, етін жеме. Естімеген болсаң, Алла олардың күпірлігін біле тұра сойған малын адал еткен».

Әлиден (р.а.) де осыған мағыналас сөз жеткен.1

Түсіндірме

1. Ибн Хажардың айтуынша, Бұхари бір тараудың басында тізбексіз келтірген бұл хабарды Абдурраззақ «Мусаннафта» толық тізбекпен жеткізген.

2. Имам Шәфиғи христиан мал соярда بِاسْمِ الْمَسِيحِ «Мәсіхтің атымен» десе, сол сөз етті мұсылман үшін харам етуі мүмкін деген. Егер Исаның есімі оған дұға ету ниетімен аталса, ондай сөз етті харам етпейтінін айтқан. Бәйһақи Халимидің мына түсіндірмесін жеткізген: «Кітап иелері малын Алланың атымен сояды. Құлшылықтарындағы негізгі ниет те Аллаға бағытталған. Ниеті осы болса, сойған малы адал. “Мәсіхтің атымен” деген сөздің өзі оған кедергі болмайды. Өйткені бұл сөз Ислам сеніміне сай келмесе де, олардың түпкі мақсаты – Аллаға құлшылық ету».

3. Кітап иелері сойған малдың етін жеуге рұқсат берген аят жоғарыда келтірілді. «Мәида» сүресінің 5-аятында олардың тағамы мұсылмандарға адал екені айтылады. Ибн Аббас аяттағы طَعَامُهُمْ «тағамдары» сөзін ذَبَائِحُهُمْ «сойған малдары» деп түсіндірген.

Ғалымдар кітап иелеріне харам етілген тағам мұсылмандарға да харам бола ма деген мәселені талқылаған. Мысалы, кітап иелеріне ішмай харам етілген. Ғалымдардың көбі оның мұсылманға адал екенін айтқан. Имам Мәлик пен Ахмад ибн Ханбал оны мұсылманға да харам санаған. Ибн әл-Қасым: «Алла кітап иелерінің тағамын адал етті. Ішмай олардың тағамына жатпайды, малды сойғанда да оны ас етуді көздемейді», – деп, ішмайды мұсылманға харам санаған. Бұл уәжге Ибн Аббастың тәпсірімен жауап берілген: «Тағамнан мақсат – сойылған мал. Талапқа сай сою бүкіл денеге жүреді. Дененің бір бөлігі адал, екінші бөлігі харам болып бөлінбейді. Сондықтан ішмай да таза саналады».

Ғалымдар басқа да уәж бен дәлелдерді қарастырып, ішмай мұсылмандарға адал деген көпшілік пікірін дұрыс деп тапқан.

4. Ғалымдар сүндеттелмеген кісінің сойған малына қатысты да пікір білдірген. Кейбірі оның етін жеуге болмайды деген. Ибн Аббастан (р.а.): الْأَقْلَفُ لَا تُؤْكَلُ ذَبِيحَتُهُ وَلَا تُقْبَلُ صَلَاتُهُ وَلَا شَهَادَتُهُ. «Сүндеттелмеген адамның сойған малы желінбейді, намазы мен куәлігі қабыл етілмейді», – деген сөз жеткізілген.

Хасан әл-Басри мен Ибраһим ән-Нахағи егде жаста Исламға кірген кітап иесі сүндеттелуден өміріне қауіп төнеді деп қорықса, оны шарт санамаған. Мұндай кісінің сойған малын жеуге де рұқсат берген. Ибн әл-Мунзир көпшілік ғалымның жоғарыдағы аятқа сүйеніп, сүндеттелмеген адамның сойған малы желінеді деп үкім бергенін айтады. Құранда тағамы адал етілген кітап иелерінің бір бөлігі сүндеттелмейді. Алла елшісі Ираклий мен оның халқына ﴿يَا أَهْلَ الْكِتَابِ تَعَالَوْا إِلَىٰ كَلِمَةٍ سَوَاءٍ بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمْ﴾ «Уа, кітап иелері! Қане, бізге де, сендерге де ортақ болған арамыздағы мына сөзге келейік»2 деген үндеуді жолдаған. Ираклий мен оның қауымы сүндеттелмейтін, сөйте тұра олар аятта кітап иелері деп аталған.

Дүниеге құнығудан сақтану және жер бетіндегі кейбір мекендер

Хадис жинақтарының зүһд пен риқақ бөлімдерінде дүниенің кей қырын, ондағы кейбір істер мен нәрселерді сынайтын риуаяттар бар. Олардың діни мәтінде қандай мақсатпен айтылғанын әркім бірден түсіне бермейді. Бұрын да, қазір де сол сөздерге шектен шыққан түсіндірме берілетіні кездеседі. Кей адамдар осы қате түсінікке сүйеніп, дінге тіл тигізіп жатады.

Бұл бөлімде сондай риуаяттардың бірқатарын қараймыз. Қате түсінікке ұрынбау үшін әуелі бірнеше мәселеге назар аударайық.

1. Бұрыннан белгілі діни ұғымдарға қайшы көрінген риуаяттың дереккөзі сенімді ме? Алдымен соны анықтау керек. «Бұл қисынсыз, бұлай болуы мүмкін емес» деп бірден теріске шығаруға болмайды. Ол беделді еңбекте келген болуы ықтимал. Тиісті түсіндірме беріп, мағынасын ашуға болса, риуаят қабылданады.

2. Түсіну қиын риуаяттың сыртқы мағынасымен шектелмей, оны айтқандағы мақсатты іздеген жөн. Сенімді жинақтан келген хадисті сырттай ақылға немесе қисынға сыймайды деп теріске шығару – қате. Егер сөз астарлы қолданылса, араб тілінің сол қолданысын зерттеу керек.

3. Сан қырлы мәселенің бір жағы хадисте сөз болып, біз оны басқа жағынан бағаласақ, қайшылық туғандай көрінеді. «Дүние» ұғымы да көпқырлы. Тіпті әр адамның дүниесі бөлек деуге болады. Тақуа үшін ол – ақыреттің егістігі. Қанішер үшін – күн сайын біреудің жанын қиятын жер. Ғалым үшін – білімін тереңдетіп, танымын кеңейтетін бай кітапхана. Саудагер үшін – жақсы базар, диқан үшін – құнарлы алқап. Әр кәсіп иесі, әрбір адам дүниені өз тұрғысынан көреді. Біреулер мәңгі өмір сүрердей оған жабысады. Енді біреулер одан еш құндылық таппай, өмірін қияды.

Пайғамбар (с.а.с.) дүние жайлы айтқанда, оның қай қырын меңзеген? Мұны әр риуаяттың мән-жайынан анықтауға болады.

Алла елшісі дүниенің жақсылығын да, зиянын да сөз еткен. Кейде құлшылығын дұрыс өтейтін адамның дүниесін, кейде ақыретті ұмытып, ашкөздік пен азғындыққа түскен жанның дүниесін айтқан. Бір риуаятта дүние ақыретке өнім беретін егістік ретінде көрінеді. «Алладан басқа құдай жоқ» деген бір сөздің өзі адамға ақырет азығын жинауға мүмкіндік береді (№ 1884 хадис). Ал № 1971 хадисте дүниенің құны масаның қанатындай да болмайтыны айтылады.

Осы айырманы ескермей, риуаяттардың бәрін бір тұрғыдан оқығанда, олар өзара қайшы көрінеді. Бір хадис дүние тіршілігінің жақсы қырын айтса, № 1968 хадис оны зынданға теңейді.

Бұл мәселеге № 1973 хадистің түсіндірмесінде қайта ораламыз.

  1. 1Рәзин қосқан риуаят. Бұхари оны «Зәбаих» кітабының 22-бабының кіріспесінде келтірген.
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 64-аят.