وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ أَكْلِ الْمُجَثَّمَةِ وَهِيَ الَّتِي تُصْبَرُ بِالنَّبْلِ، وَعَنِ الْخَلِيسَةِ وَهِيَ الَّتِي يَأْخُذُهَا الذِّئْبُ فَتُسْتَنْقَذُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ إِلَى قَوْلِهِ تُصْبَرُ بِالنَّبْلِ. وَأَخْرَجَهُ بَاقِيَهُ رَزِينٌ.
Әбу Дарда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мужәссаманың етін жеуге тыйым салды. Мужәссама – байлап қойып, жебе ататын нысана етілген жануар». Рәзин жеткізген жалғасында халисаның да етін жеуге тыйым салынған. Халиса – қасқырдың аузынан құтқарып алынған жануар.1
Түсіндірме
1. Тирмизи нұсқасында мужәссама жебе ататын нысана ретінде байлап қойылған жануар деп түсіндіріледі. Мұндайда құс пен қоян секілді шағын жануарлар нысана етілген. Алла елшісі жануарды садақ ату жарысында нысанаға алуға тыйым салған. Испандықтардың бұқа күресінде жануарға көрсететін қатыгездігіне де осы хадис тұрғысынан рұқсат берілмейді. Бұхари жеткізген риуаятта Әнас: نَهَى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ تُصْبَرَ الْبَهَائِمُ. «Алла елшісі жануарды байлап, нысана етуге тыйым салды», – деген. Сәмурадан (р.а.) жеткен нұсқада: نَهَى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ تُصْبَرَ الْبَهِيمَةُ وَأَنْ يُؤْكَلَ لَحْمُهَا إِذَا صُبِرَتْ. «Пайғамбар жануарды нысана етіп байлауға және осылай байлап өлтірілген жануардың етін жеуге тыйым салды», – делінген.
2. Халиса – қасқырдың азуынан құтқарылып, бауыздалмай тұрып өлген мал. Қасқырдың салған жарасынан өлген қой, ешкі секілді жануардың еті желінбейді. Жыртқыш жануар не құс жаралап өлтірген аңға да осы үкім жүреді. Аң аулауға үйретілген ит, сұңқар, бүркіт секілді аңшы жануарлардың ұстаған аңының үкімі бөлек. Бұл мәселе № 3474–3480 хадистердің түсіндірмесінде кеңірек қаралады.
- 1Тирмизи, «Атғима», 1 (1473). Тирмизиде Әбу Дәрдадан жеткен риуаят оқ атуға нысана етілген жануар туралы тұспен аяқталады. Қалғанын Рәзин қосқан. Қосымшадағы үкім Тирмизидің әл-Ирбад ибн Сәриядан жеткізген риуаятында да бар (1474).