Хадис

Кутуб ситтә, № 1950

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
270. Мал союдың әдебі мен тыйымдары
Нөмірі
№ 1950 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1950
Кутуб ситтә, № 1950 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَنْ نَسِيَ التَّسْمِيَةَ فَلَا بَأْسَ، وَمَنْ تَعَمَّدَ فَلَا تُؤْكَلْ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Мал соярда “бисмиллә” айтуды ұмытып кетсе, етін жеуге болады. Ал әдейі айтпаса, етін жемеңдер», – деген.1

Түсіндірме

Алла тағала ﴿وَلَا تَأْكُلُوا مِمَّا لَمْ يُذْكَرِ اسْمُ اللَّهِ عَلَيْهِ وَإِنَّهُ لَفِسْقٌ﴾ «Һәм Алланың аты аталмай сойылған малдың етінен жемеңдер, өйткені оны жеу анық күнә!» («Әнғам» сүресі, 121-аят) деп, малдың Алланың атымен сойылуын бұйырған. Ибн Аббас (р.а.) аяттағы әмірді түсіндіріп, Алланың атын ұмытып атамаған адамның сойған малы желінетінін, әдейі атамаған адамның сойған малы желінбейтінін айтқан.

Осыған қатысты бірнеше үкім бар.

• Тәсмия – аятта бұйырылған Алланың атын атау. Алланың кез келген есімін айтуға болады. «Аллаһу әкбар», «Аллаһу ағзам» деуге немесе «Алла» деп қана айтуға болады. Бастысы, бұл сөз дұға ретінде айтылмауы керек. Мысалы, «Аллаһуммағфир ли» деу жеткіліксіз. «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деу – мұстахаб.

• Имам Шәфиғидің пікірінше, малдың адал болуы үшін оны тиісті тәртіппен бауыздау жеткілікті. «Бисмиллә» деу – бекітілген сүннет. Бұл сөз айтылмаса, етті жеу мәкрүһ саналады. Өзге мүжтаһид имамдар бұл мәселеде басқа үкімге келген.

• Яһудилер мен христиандар Алланың атын атап сойған малдың еті желінеді. Олар Алланың атын атауды ұмытып кетсе де үкім солай. Ал атаған-атамағаны белгісіз болса, атаған деп есептеледі. Кітап иесінің мұсылман елінде немесе өзге елде тұруы үкімді өзгертпейді. Бұл – көпшілік ғалымның пікірі.

• Мұсылман немесе кітап иесі әйелдің, «бисмиллә» деудің мәнін білетін және мал союға шамасы келетін баланың, ақыл-есі кем, мас, мылқау немесе сүндеттелмеген адамның сойған малы желінеді.

• Мәжусидің, пұтқа табынушының, діннен шыққан адамның және «бисмиллә» деуден әдейі бас тартқан мұсылманның не кітап иесінің сойған малы желінбейді.

  1. 1Рәзин қосқан риуаят.