عَنْ شَدَّادٍ بْنِ أَوْسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى كَتَبَ الْإِحْسَانَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ. فَإِذَا قَتَلْتُمْ فَأَحْسِنُوا الْقِتْلَةَ! وَإِذَا ذَبَحْتُمْ فَأَحْسِنُوا الذِّبْحَةَ وَلْيُحِدَّ أَحَدُكُمْ شَفْرَتَهُ وَلْيُرِحْ ذَبِيحَتَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ. «الْقِتْلَةُ وَالذِّبْحَةُ» بِكَسْرِ أَوَّلِهِمَا: الْحَالَةُ، وَبِفَتْحِهَا: الْمَرَّةُ الْوَاحِدَةُ مِنَ الْقَتْلِ وَالذَّبْحِ وَهُوَ الْمَصْدَرُ.
Шәддәд ибн Әус (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Алла тағала әр істе ихсанды бұйырды. Өлтіретін болсаңдар, азаптамаңдар. Мал соятын болсаңдар, оны қинамай сойыңдар. Әрқайсың пышағыңды қайрап, соятын малыңның қиналмауын ойлаңдар».1
Түсіндірме
1. Бұл хадис Исламның «Алла тағала әр істе ихсанды бұйырды» деген кең мағыналы қағидасын баяндайды. Ихсан дегенде алдымен жақсылық пен әсемдік ойға оралады. Мунауидың түсіндіруінше, мұндағы ихсан – шариғат рұқсат еткен істі оның талаптарын сақтай отырып, барынша көркем орындауға ұмтылу. Жәбірейіл хадисінде Алла елшісі ихсанды «Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету» деп түсіндірген. Бұл – ихсанның құлшылықтағы көрінісі. Ал мұнда Алла тағаланың әр іске лайық ихсанды бұйырғаны айтылған. Арабша «жазды» етістігі «бұйырды», «белгіледі» дегенмен қатар, «өрнектеді» дегенді де білдіреді. Сондықтан хадисті «Алла әр нәрсені өзіне тән әсемдікпен өрнектеді» деп те түсінуге болады. Осы тұрғыдан қарасақ, табиғаттағы жанды-жансыз жаратылыстың бәрінде өзіне тән сыртқы әсемдік бар.
Алла елшісі Алланың әр істі көркем атқаруды бұйырғанын айтып, өлтіру мен мал союда да осы қағиданы ұстануды ескерткен. Мал сойғанда пышақты қайрап, жануарды қинамауды тапсырған. Басқа хадистерде бұл әдеп толығырақ баяндалады: пышақты қайрау, оны малға көрсетпеу, бір малды екіншісінің көзінше соймау, соятын жерге сүйреп апармау және соярда «бисмиллә» деу.
Хадистегі «өлтіру» сөзі жалпы мағынада қолданылған. Оған адамды, жануарды және өзге тіршілік иелерін өлтірудің бәрі кіреді. Дұшпанды өлтіру, кісі өлтірген адамға қысас қолдану және зинаға кесілген жазаны орындау да осы қағидаға бағынады. Мұндайда жан иесін азаптауға, отқа жағуға тыйым салынған. Тасборан жазасы кезінде адамның басынан ұрмау туралы нұсқау да осы әдепке жатады.
2. Бұл қағиданы إِنَّ اللَّهَ جَمِيلٌ يُحِبُّ الْجَمَالَ. «Алла көркем, көркемдікті сүйеді» деген хадис толықтырады. Алла елшісі (с.а.с.) ұсқынсыз әрекеттерге тосқауыл қойғанда да, әсемдікке баулығанда да осы қағиданы еске салатын. Кейбір кісілер одан: «Киімімнің, аяқкиімімнің, тіпті аяқкиімімнің бауы мен қамшымның сабының әдемі болғанын ұнатамын. Бұл тәкаппарлыққа жата ма?» – деп сұраған. Ол: «Алла көркем, көркемдікті сүйеді. Әдемі киіну тәкаппарлыққа жатпайды. Тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау және жұртты менсінбеу», – деп жауап берген.
Дәулеті бар адамның тұрмысы, киімі, баспанасы мен көлігі әл-ауқатына сай болғаны жөн екенін білдіріп, Алла елшісі: «Алла көркем, көркемдікті сүйеді және құлына берген нығметінің ізін оның бойынан көруді ұнатады», – деген. Бір жолы ол дәулетіне сай киінбеген кісіге осы қағиданы ескерткен.
Алла елшісінің (с.а.с.) әр істің көркем әрі ұқыпты болуына мән бергенін Табарани «Әл-Муғжам әл-кабирде» бір мысалмен баяндайды. «Алла елшісі қабірдегі бір ашық жерді көріп, оны жабуды тапсырды. Одан: “Мұның қабірдегі адамға пайдасы бар ма?” – деп сұрады. Ол: “Оған пайдасы да, зияны да жоқ. Ашық қалған жер тірі адамның көзіне оғаш көрінеді”, – деді».
Алла елшісі кісінің есімі жақсы, жүзі келісті болуына да мән берген. Жақсы ат қоюды жалпы жұртқа бұйырған. Ал елмен араласатын, өкілдік қызмет атқаратын адамның есімі мен келбетіне айрықша көңіл бөлген. Риуаяттарда оның аймақ басшыларына: «Маған хабаршы жіберсеңдер, жүзі келісті, есімі жақсы адамды жіберіңдер», – деп жазғаны айтылады.
الْتَمِسُوا الْخَيْرَ عِنْدَ حِسَانِ الْوُجُوهِ. «Жақсылықты жүзі келісті жандардан іздеңдер» деген риуаят та осыған қатысты. Алла елшісінің (с.а.с.) көрші елдер мен аймақтарға келбетті адамдарды елші етіп жібергені айтылады. Дихия әл-Кәлби мен Зибриқан ибн Бәдр (р.а.) осы қасиетімен танылған. Зибриқан өз қауымының зекетін жинауға тағайындалып, Пайғамбардан кейін Әбу Бәкір мен Омардың халифалық тұсында да осы қызметті атқарған.
Алла елшісі (с.а.с.) соғыс кезіндегі әдепті былай түсіндірген:
اُغْزُوا بِاسْمِ اللَّهِ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، قَاتِلُوا مَنْ كَفَرَ بِاللَّهِ، اُغْزُوا وَلَا تَغُلُّوا وَلَا تَغْدِرُوا وَلَا تُمَثِّلُوا وَلَا تَقْتُلُوا وَلِيدًا.
«Алланың атымен, Алла жолында жорыққа шығыңдар. Аллаға иман келтірмегендермен соғысыңдар. Жорықта олжадан ұрламаңдар, уағданы бұзбаңдар, мәйітті қорламаңдар, бала өлтірмеңдер»2.
Муғаз ибн Жәбәл (р.а.): «Адамдардың ең жаманы кім?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Жақсылық жайлы сұра, жамандық жайлы сұрама», – деген. Бұл жауап сұрақ қоюда да ихсан қажет екенін аңғартады. نَهَى رَسُولُ اللَّهِ عَنْ ضَرْبِ الْوُجُوهِ. «Алла елшісі беттен ұруға тыйым салды» деген хадистің аясы кең. Басқа хадистерде де жануардың, баланың, әйелдің, жанжалдасқан бауырдың, шәкірттің бетінен ұруға жеке-жеке тыйым салынған. Қызметші жайында Алла елшісі (с.а.с.): إِذَا ضَرَبَ أَحَدُكُمْ خَادِمَهُ فَلْيَجْتَنِبِ الْوَجْهَ. «Қайсыбірің қызметшісін ұрса, бетінен ұрмасын», – деген.
Осындай мысалдар көп. Бұл хадис Исламның әсемдік пен ізгілік туралы ұстанымын аз сөзбен кеңінен қамтитын риуаяттардың бірі.
3. Мунауи хадистегі ихсанның Алладан өзге бүкіл жаратылысқа қатысты екенін мысалмен түсіндіреді: «Бұл күтімге мұқтаж өсімдікке де қатысты. Періштелерге жақсылық жасау – олармен жақсы қатынаста болу, қорғаушы періштелерге ұнамайтын істен аулақ жүру, оларды мазалайтын жағымсыз иісті тағам жемеу». Мунауи бұдан әрі жындарға, шайтанға, тіпті кәпірлерге де ихсан қағидасының қалай қолданылатынын айтады.