Хадис

Кутуб ситтә, № 1734

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
225. Имамдар мен басшылардың көмекшілері
Нөмірі
№ 1734 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1734
Кутуб ситтә, № 1734 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ جُبَيْرٍ بْنِ نُفَيْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ كَثِيرُ بْنُ مُرَّةَ، وَعَمْرٌو بْنُ الْأَسْوَدِ وَالْمِقْدَامُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا ابْتَغَى الْأَمِيرُ الرِّيبَةَ فِي النَّاسِ أَفْسَدَهُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. »والرِّيبَةُ»: التُّهْمَةُ، وَالْمُرَادُ أَنَّ الْإِمَامَ إِذَا اتَّهَمَ رَعِيَتَهُ، وجَاهِرَهُمْ بِسُوءِ الظَّنِّ أَدَّاهُمْ ذَلِكَ إِلَى ارْتِكَابِ مَا ظَنَّ فِيهِمْ فَفَسَدُوا.

Қазақша аудармасы

Жубәйр ибн Нуфәйр (р.а.) былай дейді: «Кәсир ибн Мурра, Амр ибн әл-Әсуад және әл-Миқдам Алла елшісінің (с.а.с.): “Басшы жұртты күдікке алып, кінә іздесе, оларды бұзады”, – дегенін жеткізді».1

Түсіндірме

Бұл хадистер ел басқаруда жұртқа жаман оймен қарамауды, оларды алдын ала айыптамай, сенімге сүйенуді өсиет етеді. Күдікпен қарау қоғамның адамгершілігіне нұқсан келтіреді. «Ән-Ниһаяда»: «Билеуші қол астындағы жұртты айыптап, күдігін олардың алдында ашық айтса, бұл оларды сол айыпталған іске итермелейді де, ақыры олар бұзылады», – делінген.

Әбу Дәуіт осы тақырыпта Алла елшісінің (с.а.с.): «Адамдардың айыбын қазбаласаң, оларды бұзасың немесе бұзуға шақ қаласың», – деген кеңесін де жеткізген. Сол жинақтағы басқа бір риуаятта өзгенің айыбын жасырған кісі тірідей көмілген қыз баланы құтқарған жанға теңеледі.2

Зәйд ибн Уәһб былай дейді: «Ибн Мәсғудқа бір адамды әкеліп: “Мына пәленшенің сақалынан шарап тамып тұр”, – деді. Абдулла ибн Мәсғуд: “Бізге аңдуға тыйым салынған. Ал бір іс ашық көрініп тұрса, соған сай шара қолданамыз”, – деді».3

Әбу Дәуітте осы тыйымның мәнін ашатын тағы бір риуаят бар. Уқба ибн Амирдің (р.а.) хатшысы Духайн былай дейді: «Шарап ішетін көршілеріміз бар еді. Оларға тыйым салдым, бірақ құлақ аспады. Уқба ибн Амирге: “Көршілеріміз шарап ішеді. Қойыңдар десем де, тыңдамады. Оларды ұстатып, жазалатсам қайтеді?” – дедім. Уқба: “Қой, оларға тиіспе!” – деді. Біраз уақыттан соң оған: “Көршілеріміз бұрынғыдан да көп ішетін болды. Сақшыларға ұстатсам қайтеді?” – дедім. Уқба: “Қой, оларға тиіспе! Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Кім біреудің айыбын көріп, оны жасырса, тірідей көмілген қыз баланы құтқарғандай болады’, – дегенін естідім”, – деді».4

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 44 (№ 4889).
  2. 2Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№4888).
  3. 3Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№4890).
  4. 4Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№4891).