Хадис

Имамдар мен басшылардың көмекшілері

Кутуб ситтә, 5-том, 225-тарау · 4 хадис · № 1731–1734

Хадистер

1731
Кутуб ситтә, № 1731 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا أَرَادَ اللَّهُ بِالْأَمِيرِ خَيْرًا، جَعَلَ لَهُ وَزِيرَ صِدْقٍ إِنْ نَسِيَ ذَكَّرَهُ، وَإِنْ ذَكَرَ أَعَانَهُ، وَإِذَا أَرَادَ اللَّهُ بِهِ غَيْرَ ذَلِكَ جَعَلَ لَهُ وَزِيرَ سُوءٍ إِنْ نَسِيَ لَمْ يُذَكِّرْهُ، وَإِنْ ذَكَرَ لَمْ يُعِنْهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла бір әмірге жақсылық қаласа, оған шыншыл уәзір нәсіп етеді. Әмір ұмытса, есіне салады, есінде болса, оған жәрдем береді. Алла оған басқа нәрсе қаласа, нашар уәзір береді. Әмір ұмытса, есіне салмайды, есінде болса, жәрдемдеспейді».1

Түсіндірме

1. Уәзір – билеушінің көмекшісі әрі кеңесшісі. Бұл атау «жүк», «ауыртпалық» деген мағынадағы «уизр» сөзінен тарауы мүмкін, өйткені уәзір билеушінің жүгін бөліседі. Сондай-ақ «пана» мағынасындағы түбірден тараған болуы мүмкін, өйткені билеуші оның пікіріне жүгінеді. Сөздің түбірін «жәрдемдесу» мағынасындағы «муғазәрамен» байланыстыратын пікір де бар.

2. Бұл риуаят жақсы уәзірдің шыншыл болуын атап көрсетеді. Нәсәидегі нұсқада уәзірдің ізгі жан болуына назар аударылған.

Ғалымдардың айтуынша, уәзір алдымен шыншыл болып, билеушіге әр жағдайда дұрыс ақпарат жеткізуі, пікірін бүкпей айтуы керек. Ізгі адам дүниелік және ақыреттік істе жақсылыққа шақырады. Дүниелік істе ғана игі болу жеткіліксіз. Сөзінде де, ісінде де шыншыл әрі ізгі болу қажет.

3. Билеуші ұмытса, уәзір оған шариғат үкімдерін, дін әдебін, адамдар алдындағы жауапкершілігін және әділ болу міндетін еске салуы керек.

Ахнаф былай деген: «Сұлтан көмекшілер мен уәзірлері болмаса, өз билігін жалғастыра алмайды. Уәзір және көмекшілері сүйіспеншілік пен жақсылыққа жаны құмар болмаса, пайдалы бола алмайды. Сүйіспеншілік пен жақсылыққа шақыру да (кеңес) парасаттылық және адалдық арқылы ғана пайдалы болуы мүмкін. Патшаларға, әсіресе барлық адамдарға ең көп зиян келтіретін нәрсе – салиқалы уәзір мен көмекшілердің болмауы. Уәзір мен көмекшілердің кісілік қасиет пен ар-ұяттан жұрдай, кедей болуы. Бір әкім үшін ең үлкен апат сөзі – әдемі, жаман істер істейтін уәзірінің немесе досының болуы. Әкімдердің әшекейі мен сәні – олардың уәзірі. Кімнің жақындары бұзылған болса, ол адам ішкен су оның тамағына тұрып қақалып, бұған ем таба алмаған адам сияқты болады».

Бәйхақи, Али әл-Жәррахтан былай жеткізген: «Әмәуилердің балаларынан: «Сендердің биліктеріңнің күйреуінің себебі неде?» – деп сұрадым. Ол маған: «Төрт себепке байланысты», – деп оларды түсіндіріп берді:

1. Уәзірлеріміз бізге білуіміз керек нәрселерді дер кезінде айтып отырмады.

2. Салық жинаушылар халықты қудалап, зұлымдық көрсетті. Жұрт туған жерінен көшіп, содан қазынамыз бос қалды.

3. Әскердің жалақысы кеміп, кейін төленбей қалды. Сөйтіп, олар бізге бағынудан бас тартты.

4. Халық біздің әділдігімізден үміт үзді де, қауіпсіздік пен тыныштықты басқалардан іздеді».

  1. 1Әбу Дәуіт, Хараж 4, (2932); Нәсәи, Бәйғат 33, (7,159).
1732
Кутуб ситтә, № 1732 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ، وَأَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَا بَعَثَ اللَّهُ تَعَالَى مِنْ نَبِيٍّ، وَلَا اسْتَخْلَفَ مِنْ خَلِيفَةٍ، إِلَّا كَانَتْ لَهُ بِطَانَتَانِ بِطَانَةٌ تَأْمُرُهُ بِالْمَعْرُوفِ، وَتَحُضُّهُ عَلَيْهِ، وَبِطَانَةٌ تَأْمُرُهُ بِالشَّرِّ، وَتَحُضُّهُ عَلَيْهِ، وَالْمَعْصُومُ مَنْ عَصَمَ اللَّهُ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид пен Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла жіберген әр пайғамбардың және тағайындаған әр халифаның екі сырлас тобы болады. Бірі оны жақсылыққа бұйырып, соған ынталандырады, екіншісі жамандыққа бұйырып, соған итермелейді. Алла сақтаған жан ғана аман қалады».1

Түсіндірме

1. Хадистегі «битана» сөзі адамның сырын білетін, ақыл-кеңес беретін жақынын білдіреді. Пайғамбардың не билеушінің айналасындағы адамдар да осы мағынада айтылған.

2. Кей ғалымдар Алла елшісіне (с.а.с.) жамандықты ұсынатын сырлас туралы сөз жалпы ереже ретінде айтылған, оған жаман кеңес әсер етпеген деп түсіндірген. Оған ﴿وَٱللَّهُ يَعْصِمُكَ مِنَ ٱلنَّاسِ﴾ «Алла сені адамдардан сақтайды»2 деген аят дәлел. Бұл тұста қорғаныш ұғымы жаман ықпалдан сақтауды да қамтиды. Осы түсіндірме бойынша Алла елшісінің (с.а.с.) сырласы – періште.

3. Ғалымдар үкім берушіге халықтың жағдайын хабарлайтын адамдарды сенімді, адал, пайымды кісілер арасынан таңдауды өсиет еткен.

4. Хадисте билік иесінің айналасында жамандыққа шақыратын, теріс ақыл беретін адамдардың да болатыны айтылған.

5. Ғалымдар хадистегі екі сырлас деп екі уәзірді, шайтан мен періштені немесе жақсылық пен жамандыққа шақыратын кеңесшілерді түсіндірген.

  1. 1Бұхари, Ахкам 42; Нәсәи, Бәйғат32, (7, 158).
  2. 2«Мәида» сүресі, 67-аят.
1733
Кутуб ситтә, № 1733 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Кәғб ибн Ужра

وَعَنْ كَعْبٍ بْنِ عُجْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أُعِيذُكَ بِاللَّهِ يَا كَعْبَ بْنَ عُجْرَةَ مِنْ أُمَرَاءَ يَكُونُونَ بَعْدِي مَنْ غَشِيَ أَبْوَابَهُمْ وَصَدَّقَهُمْ فِي كَذِبهمْ، وَأَعَانَهُمْ عَلَى ظُلْمِهِمْ فَلَيْسَ مِنِّي وَلَسْتُ مِنْهُ، وَلَا يَرِدُ عَلَى الْحَوْضِ، وَمَنْ لَمْ يَغْشَ أَبْوَابَهُمْ، وَلَمْ يُصَدِّقْهُمْ فِي كَذِبِهِمْ، وَلَمْ يُعِنْهُمْ عَلَى ظُلْمِهِمْ فَهُوَ مِنِّي وَأَنَا مِنْهُ، وَسَيَرِدُ عَلَى الحَوْضِ. يَا كَعْبَ بْنَ عُجْرَةَ: الصَّلَاةُ بُرْهَانٌ، وَالصَّوْمُ جُنَّةٌ حَصِينَةٌ، وَالصَّدَقَةُ تُطْفِئُ الْخَطِيئَةَ كَمَا يُطْفِئُ الْمَاءُ النَّارَ يَا كَعْبَ بنَ عُجْرَةَ: أَنَّهُ يَرْبُو لَحْمٌ نَبَتَ مِنْ سُحْتٍ إِلَّا كَانَتِ النَّارُ أَوْلَى بِهِ».«السُّحْتُ»: الْحَرَامُ مِنَ الْمَكْسَبِ، وَالْمَطْعَمِ، وَالْمَشْرَبِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَهَذَا لَفْظُهُ وَالنَّسَائِيُّ بِمَعْنَاهُ. »السُّحْتُ»: الْحَرَامُ مِنَ الْمَكْسَبِ، وَالْمَطْعَمِ، وَالْمَشْرَبِ.

Қазақша аудармасы

Кәғб ибн Ужра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған: “Уа, Кәғб ибн Ужра, менен кейін келетін әмірлерден сені Алла сақтасын! Кім олардың есігіне барып, өтірігін растап, зұлымдығына жәрдемдессе, ол менен емес, мен де одан емеспін. Ол хауыз басында маған жолықпайды. Ал кім оларға барса да, бармаса да, өтірігін растамай, зұлымдығына қолғабыс етпесе, ол менен, мен де оданмын. Ол хауыз басында маған жолығады. Уа, Кәғб ибн Ужра! Намаз – айқын дәлел, ораза – берік қалқан. Су отты өшіргендей, садақа күнәні өшіреді. Харамнан өскен тәнге тозақ лайық”, – деді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) Кәғб ибн Ужраға үн қатып, өзінен кейін өтірікші, залым басшылар келуі мүмкін екенін ескерткен. Олардың өтірігін растап, зұлымдығына жәрдемдесуден сақтандырған.

  1. 1Тирмизи, «Салат» (№ 614); Нәсәи, «Бәйғат», 35–36 (7/160).
1734
Кутуб ситтә, № 1734 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ جُبَيْرٍ بْنِ نُفَيْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ كَثِيرُ بْنُ مُرَّةَ، وَعَمْرٌو بْنُ الْأَسْوَدِ وَالْمِقْدَامُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا ابْتَغَى الْأَمِيرُ الرِّيبَةَ فِي النَّاسِ أَفْسَدَهُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. »والرِّيبَةُ»: التُّهْمَةُ، وَالْمُرَادُ أَنَّ الْإِمَامَ إِذَا اتَّهَمَ رَعِيَتَهُ، وجَاهِرَهُمْ بِسُوءِ الظَّنِّ أَدَّاهُمْ ذَلِكَ إِلَى ارْتِكَابِ مَا ظَنَّ فِيهِمْ فَفَسَدُوا.

Қазақша аудармасы

Жубәйр ибн Нуфәйр (р.а.) былай дейді: «Кәсир ибн Мурра, Амр ибн әл-Әсуад және әл-Миқдам Алла елшісінің (с.а.с.): “Басшы жұртты күдікке алып, кінә іздесе, оларды бұзады”, – дегенін жеткізді».1

Түсіндірме

Бұл хадистер ел басқаруда жұртқа жаман оймен қарамауды, оларды алдын ала айыптамай, сенімге сүйенуді өсиет етеді. Күдікпен қарау қоғамның адамгершілігіне нұқсан келтіреді. «Ән-Ниһаяда»: «Билеуші қол астындағы жұртты айыптап, күдігін олардың алдында ашық айтса, бұл оларды сол айыпталған іске итермелейді де, ақыры олар бұзылады», – делінген.

Әбу Дәуіт осы тақырыпта Алла елшісінің (с.а.с.): «Адамдардың айыбын қазбаласаң, оларды бұзасың немесе бұзуға шақ қаласың», – деген кеңесін де жеткізген. Сол жинақтағы басқа бір риуаятта өзгенің айыбын жасырған кісі тірідей көмілген қыз баланы құтқарған жанға теңеледі.2

Зәйд ибн Уәһб былай дейді: «Ибн Мәсғудқа бір адамды әкеліп: “Мына пәленшенің сақалынан шарап тамып тұр”, – деді. Абдулла ибн Мәсғуд: “Бізге аңдуға тыйым салынған. Ал бір іс ашық көрініп тұрса, соған сай шара қолданамыз”, – деді».3

Әбу Дәуітте осы тыйымның мәнін ашатын тағы бір риуаят бар. Уқба ибн Амирдің (р.а.) хатшысы Духайн былай дейді: «Шарап ішетін көршілеріміз бар еді. Оларға тыйым салдым, бірақ құлақ аспады. Уқба ибн Амирге: “Көршілеріміз шарап ішеді. Қойыңдар десем де, тыңдамады. Оларды ұстатып, жазалатсам қайтеді?” – дедім. Уқба: “Қой, оларға тиіспе!” – деді. Біраз уақыттан соң оған: “Көршілеріміз бұрынғыдан да көп ішетін болды. Сақшыларға ұстатсам қайтеді?” – дедім. Уқба: “Қой, оларға тиіспе! Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Кім біреудің айыбын көріп, оны жасырса, тірідей көмілген қыз баланы құтқарғандай болады’, – дегенін естідім”, – деді».4

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 44 (№ 4889).
  2. 2Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№4888).
  3. 3Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№4890).
  4. 4Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№4891).