Хадис

Имам және басшыға бағынудың уәжіптігі

Кутуб ситтә, 5-том, 224-тарау · 6 хадис · № 1725–1730

Хадистер

1725
Кутуб ситтә, № 1725 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اسْمَعُوا وَأَطِيعُوا، وَإِنِ اسْتُعْمِلَ عَلَيْكُمْ عَبْدٌ حَبَشِيٌّ كَأَنَّ رَأْسَهُ زَبِيبَةً مَا أَقَامَ فِيكُمْ كِتَابَ اللَّهِ تَعَالَى». جَعَلَ «الزَّبِيبَةَ» مَثَلًا فِي سَوَادِ رَأْسِ الْأَسْوَدِ، وَجُعُودَةِ شَعْرِهِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. جَعَلَ «الزَّبِيبَةَ» مَثَلًا فِي سَوَادِ رَأْس ِ الْأَسْوَدِ، وَجُعُودَةِ شَعْرِهِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Тыңдаңдар, бағыныңдар. Тіпті бастарыңа басы мейіз дәніндей хабаш құл тағайындалса да, араларыңда Алланың Кітабының үкімін жүргізіп тұрғанша оған бағыныңдар».1

Түсіндірме

1. Бұл – имамға (басшы) бағыну керектігін білдіретін маңызды хадистердің бірі. Бұл тақырып жайында көптеген хадис келген. Оның бір бөлігі осы бөлімде беріледі.

2. Кейбір ғалымдар «Бұл жерде кез келген басшыға бағыну бұйырылған ба әлде елдің басшысына ма?» деп талдау жасай келе, елдің басындағы адам тарапынан тағайындалған кез келген лауазымды тұлға меңзелгені айтылған. Өйткені Ислам ғұламалары құл елдің басшысы бола алмайды деп бірауыздан келіскен. Бұған қоса тағы былай деген: «Бұл – қалыпты шарттардың қағидасы. Өз еркімен болған жағдайда құл елге басшы бола алмайды. Егер бір құл билікке күшпен келген болса, пайда болатын бүліктің алдын алу үшін күнәлі іске бұйырмайынша оған да бағыну керек».

Хадиске қатысты Хаттабидің айтқан ойы сәл өзгешелеу: «Кейде мүлде болмайтын нәрсе болып жатқан сияқты мысал берілуі мүмкін. Бұл хадис те осындай тәмсіл көрсетіп тұр. Шариғат басшылыққа құлды таңдауға рұқсат етпесе де, бағыну әмірін әсірелеу мақсатында Эфиопиялық құлға бағыну туралы айтқан».

3. Эфиопиялықтың басының мейізге ұқсатылуы, оның басының кішкентай және шашының қап-қара болуына байланысты.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 4 (№ 7142), «Азан», 54, 56. Алланың Кітабына сай басқару туралы шарт Мүслим, «Имарат» (№ 1838) нұсқасында келеді.
1726
Кутуб ситтә, № 1726 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ اللّه، وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللّهَ، وَمَنْ يُطِعِ الْأَمِيرَ فَقَدْ أَطَاعَنِي، وَمنْ يَعْصِ الْأَمِيرَ فَقَدْ عَصَانِي. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Кім маған бағынса, Аллаға бағынғаны. Кім маған қарсы келсе, Аллаға қарсы келгені. Кім әмірге бағынса, маған бағынғаны. Кім әмірге қарсы келсе, маған қарсы келгені».1

Түсіндірме

1. Хадистің алғашқы сөйлемі Құраннан алынған болуы мүмкін. Аятта ﴿مَنْ يُطِعِ الرَّسُولَ فَقَدْ أَطَاعَ اللَّهَ﴾ «Кім Расулаллаға бағынса, шүбәсіз, Аллаға бағынғаны.»2 делінген. Хадистің осы сөзін былай түсінуге болады: «Кім маған бағынса, Аллаға бағынғаны. Өйткені мен Алланың маған әмір еткенін ғана бұйырамын. Сондықтан менің бұйрығымды орындаған адам оны маған әмір еткен Аллаға бағынады».

Бұл сөздің мағынасы былай болуы да мүмкін: «Алла маған бағынуды әмір етті. Сондықтан кім маған бағынса, Алланың маған бағынуы үшін оған бұйырған әміріне бағынған болады».

Күнәға қатысты тыйым әміріне бағыну туралы да дәл осылай айтуға болады.

2. Бағыну дегеніміз – әмір етілген нәрсені жасау, тыйым салынған нәрседен бас тарту. Ал қарсы шығу бұған қайшы.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 1, «Жиһад», 109. Мүслим, «Имарат», 33 (№ 1835). Нәсәи, «Байғат», 27 (7/154).
  2. 2«Ниса» сүресі, 80-аят.
1727
Кутуб ситтә, № 1727 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَلَى الْمَرْءِ الْمُسْلِمِ السَّمْعُ وَالطَّاعَةُ فِيمَا أَحَبَّ وَكَرِهَ إِلَّا أَنْ يُؤْمَرَ بِمَعْصِيَةٍ، فَإِنْ أُمِرَ بِمَعْصِيَةٍ فَلَا سَمْعَ وَ لَا طَاعَةَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Мұсылманға бұйрық ұнаса да, ұнамаса да, күнәлі іске бұйырылмайынша тыңдап, бойсұнуы міндет. Ал күнәлі іске бұйырылса, оны тыңдау да, оған бойсұну да жоқ».1

Түсіндірме

1. Бұйрыққа бағыну тек ұнамды нәрселерде ғана болмайды. Алла елшісі (с.а.с.) Ислам дінін қабылдап, ант беріп, жаңа мұсылман болғандарға көбінесе мына шартты айтқан: «Сенің міндетің– жоқшылықта әрі молшылықта, қуанышты әрі көңілсіз болған шақтарыңда, сондай-ақ, биліктегілердің шешімімен басқаларға (дүние-мүлік, дәреже-мансап немесе атақ-даңқ) беріліп, сен құр қалған жағдайда да басшыларға бойсұну».

Басшының ұнамсыз істері, оның әділетсіздігі мен зұлымдығы қол астындағы адамнан мойынсұну міндетін алып тастамайды, оған қарсы шығу құқығын да бермейді. Расулалла (с.а.с.) мұндай жағымсыз жағдайларда да сабырлы болуды әмір етіп:

مَنْ كَرِهَ مِنْ أَمِيرِهِ شَيْئًا فَلْيَصْبِرْ فَإِنَّهُ مَنْ خَرَجَ مِنَ السُّلْطَانِ شِبْرًا مَاتَ مِيتَةً جَاهِلِيَّةً.

«Кім басшысының бір ісін ұнатпаса, сабыр етсін. Өйткені биліктен бір сүйем алыстаған адам жаһилият өлімімен өледі».2

2. Басшы күнәлі іске бұйырса, сол бұйрыққа бағыну міндеті жойылады. Басшыдан зұлымдық көру мен оның күнәлі іске бұйыруы – екі бөлек жағдай. «Мағсият» – Аллаға қарсы келу. Намазды тастау, ішімдік ішу, құмар ойын ойнау – соның мысалдары. Басшы мұндай іске бұйырса, оның сол бұйрығы орындалмайды.

Расулалла (с.а.с.) бұл мәселе жөнінде: لَا طَاعَةَ فِي مَعْصِيَةِ اللَّهِ. «Алла тағалаға қарсы күнә болатын істе құлға бойсұнушылық жоқ», – деген қағида қойған.

Бұл мағына хадистерде түрлі сөздермен қайталанған.

لَا طَاعَةَ لِمَنْ لَمْ يُطِعِ اللَّهَ. «Аллаға бағынбағанға бағынуға болмайды».

لَا طَاعَةَ لِمَنْ عَصَى اللَّهَ تَعَالَى. «Алла Тағалаға қарсы келгенге бағыну жоқ».

Ғалымдар күпірлікке түскен имам қызметінен айырылады және мұсылмандардың оған қарсы шығуы міндет дегенге бірауыздан келіскен. Ибн Хажар үкімді былай түйіндейді: «Қарсы шығуға шамасы жеткен адамға сауап бар. Жағымпаздықпен ымыраға келген адам күнәға батады. Шамасы жетпеген адам ол жерден қоныс аударуға тиіс».

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 4 (№ 7144), «Жиһад», 108. Мүслим, «Имарат», 38 (№ 1839). Тирмизи, «Жиһад», 29 (№ 1707). Әбу Дәуіт, «Жиһад», 86 (№ 2626). Нәсәи, «Байғат», 34 (7/160).
  2. 2Бұхари, «Ахкам», № 7143. Мүслим, «Имара», № 1849.
1728
Кутуб ситтә, № 1728 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Омар

وَعَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَلَا أُخْبِرُكُمْ بِخِيَارِ أُمَرَائِكُمْ وِشِرَارِهمْ؟ خِيَارُهُمُ الَّذِينَ تُحِبُّونَهُمْ وَيُحِبُّونَكُمْ، وَتَدْعُونَ لَهُمْ وَيَدْعُونَ لَكُمْ، وَشِرَارُ أُمَرَائِكُمْ الَّذِينَ تُبْغِضُونَهُمْ وَيُبْغِضُونَكُمْ، وَتَلْعَنُونَهُمْ وَيَلْعَنُونَكُمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Омар (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Сендерге басшыларыңның ең жақсысы мен ең жаманын айтайын ба? Ең жақсы басшыларың – сендер жақсы көретін, өздері де сендерді жақсы көретін, сендер олар үшін дұға етіп, өздері де сендер үшін дұға ететін жандар. Ең жаман басшыларың – сендер жек көретін, өздері де сендерді жек көретін, сендер оларға лағынет айтып, өздері де сендерге лағынет айтатын жандар».1

Түсіндірме

Бұл хадис басшы мен халықтың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге бағытталған. Олардың арасында өзара сүйіспеншілік пен бір-біріне деген сенімнің болуы насихат етіледі. Бұл хадисті білетін басшы халық тарапынан жақсы көрілмесе немесе халқын жақсы көрмесе, бір-біріне қарғыс айтатын болса, арадағы байланыстың жоқтығын, үзілгенін білдіреді.

Расулалла (с.а.с.) осы тұста кінәні басшыға артып: «Басшыларыңның ең нашары – сендер оларды, олар да сендерді жек көргендер», – деген.

Олай болса, мүмін жақсы басшы болғысы келсе, жақсы басшы болудың жолдарын іздестіруге міндетті. Ол өзін жақсы көргізудің, қол астындағы халқын жақсы көрудің жолдарын іздестіреді. Ендеше, хадис басшыларға (патша, сұлтан, әмір) халықтың көңілін баурап, дұғасын алу арқылы «жақсы адам» болуға тырысуы міндетті екенін көрсетеді.

  1. 1Тирмизи, «Фитән», 77 (№ 2264).
1729
Кутуб ситтә, № 1729 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ خَرَجَ عَنِ الطَّاعَةِ، وَفَارَقَ الْجَمَاعَةَ فَمَاتَ مَاتَ مِيتَةً جَاهِلِيَّةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَفِي رِوَايَةٍ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ خرَجَ عَنِ الطَّاعَةِ، وَفَارَقَ الْجَمَاعَةَ فَمَاتَ مَاتَ مِيتَةً جَاهِلِيَّةً، وَمَنْ قَاتَلَ تَحْتَ رَايَةٍ عِمِّيَّةٍ يَغْضَبُ لِعَصَبَةٍ، أَوْ يَدْعُو إِلَى عَصَبَةٍ، أَوْ يَنْصُرُ عَصَبَةً، فَقُتِلَ فَقِتْلَةٌ جَاهِلِيَّةٌ، وَمَنْ خَرَجَ عَلَى أُمَّتِي يَضْرِبُ بَرَّهَا وَفَاجِرَهَا لَا يَتَحَاشَى مِنْ مُؤمِنهَا وَلَا يَفِي بِعَهْدِ ذِي عَهْدِهَا، فَلَيْسَ مِنِّي وَلَسْتُ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Кім бағынудан шығып, жамағаттан бөлінген күйі өлсе, жаһилият өлімімен өледі», – деді.1

Әбу Һурайраның тағы бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Кім бағынудан шығып, жамағаттан бөлінген күйі өлсе, жаһилият өлімімен өледі. Кім көзсіз жікшілдіктің туы астында шайқасып, өз тобы үшін ашуланса, соған шақырса немесе соны қолдаса әрі сол жолда өлтірілсе, оның өлімі де жаһилият өлімі. Кім үмбетіме қарсы шығып, ізгісі мен күнәһарын талғамай соққы берсе, мүмінге қол көтеруден тартынбаса әрі келісім жасасқан адаммен жасалған келісімді сақтамаса, ол менен емес, мен де одан емеспін».2

Түсіндірме

Соңғы екі хадистегі жамағат, жікшілдік және көзсіз жікшілдіктің туы деген ұғымдарды түсіну, әсіресе бүгінгі мұсылмандар үшін маңызды.

1. Жамағат мәселесі

Жамағатпен бірге болуды бұйырған риуаяттар мұнымен шектелмейді. Олардың көбінде Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттан бөлінбеуді өсиет еткен. Солардың бірнешеуін келтірейік.

1. «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ жүріңдер. Өйткені шайтан жалғыз адаммен бірге, ал екі адамнан алысырақ тұрады. Жаннаттың төрін қалаған адам жамағатпен бірге болсын».

2. «Алла бұл үмбетті адасушылықта біріктірмейді. Алланың жәрдемі жамағатпен бірге. Олай болса, қалың көпшілікке еріңдер. Кім бөлініп шықса, сол тозақтық».

3. «Жамағат – мейірім, ал бөліну – азап».

4. «Кім жамағаттан бір сүйем бөлініп, сол күйінде көз жұмса, жаһилия дәуірінде өлгенмен тең. Ол мойнындағы Ислам жібін үзген болады».

«Жамағат» сөзінің мәні

Жоғарыдағы риуаяттар жамағаттың маңызын аңғартады. Бірақ оларда «жамағат» сөзінің нені білдіретіні, жамағат болу үшін қандай шарттарды сақтау керектігі ашып айтылмаған.

«Жамағат» сөзінің мәні жөнінде ғалымдар да түрлі пікір айтқан. Бірі мұнда сахабаларды, енді бірі білім иелерін немесе үмбеттің көпшілігін меңзеп тұр деп түсіндірген.

Ибн Мүбәрак дін ғұламаларының айналасына жиналуды жамағат деп түсінген. Одан бұл жөнінде сұрағанда: «Әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омар», – деп жауап берген.

Екеуінің де көз жұмғаны еске салынғанда, ол басқа кісілерді атаған. Ақырында өз дәуіріндегі бір ізгі, тақуа жанды атап, сол кісінің жалғыз өзін жамағат деп сипаттаған.

Әділ имам мен білім иесін жамағат деп таныған Ибн әл-Араби осы пікірін: «Ислам жамағаты әділет пен білімге негізделеді», – деп түйіндеген.

Біздіңше, хадисте бірге болу уәжіп делінген жамағат туралы ғалымдардың түсіндірмелерінің әрқайсысында қисын бар. Әр пікірдің орынды болатын шарты мен аясы бар. Барлық хадисті бірге қарастырғанда, мұнда «сауадул-ағзам», яғни мұсылмандардың басым көпшілігі меңзелген деу орынды. Ғылыми мәселеде ғалымдардың, қоғамдық мәселеде халықтың көпшілігі ескеріледі.

Ғалымдар пікір қайшылығы туған кезде «сауадул-ағзам» дегеннен көпшілік тарапты түсінген. Олар дәлел ретінде мына риуаятты келтіреді: «Исрайыл ұрпақтары жетпіс бір топқа бөлінген еді. Менің үмбетім жетпіс екіге бөлінеді. Біреуінен басқасы тозаққа түседі. Жаннатқа баратындары – әһлі сүннет уәл-жамағат».

Жамағат сөзінен көпшілік меңзелетінін білдіретін өзге риуаяттар да бар. Солардың бірінде Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Тағала бұл үмбетті адасушылықта біріктірмейді. Араларыңда келіспеушілік байқасаңдар, сауадул-ағзамға, яғни қалың көпшілікке еріңдер. Алланың жәрдемі жамағатпен бірге», – деген.

Ғалымдар «сауадул-ағзам» сөзін көпшілік деп ұққан. Суюти оны «дұрыс жолдағылардың көпшілігі» деп түсіндіреді.

Бүлік пен қақтығыс кезінде қалың көпшілікке еруді өсиет еткен әйгілі риуаят Әбу Мәсғуд әл-Ансариден жеткен. Әзірет Османға қарсы бүлік тұсында одан бұл жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) не естігенін немесе өзінің не ойлайтынын сұрайды. Ол: «Мұхаммед үмбетінің көпшілігіне еріңдер. Өйткені Алла Тағала бұл үмбетті адасушылықта біріктірмейді», – деп кеңес береді.

«Жамиғ әл-Фусулайнда» Ибн Қади Самауинаның «Фәтауа сағир» кітабына сілтеме жасалып, мына пікір келтіріледі: «Әзірет Әли болмаса, құбылаға бет бұрғандармен соғысуға қарсы болмас едік. Әзірет Әли мен оған бағынғандар – әділ тарап, ал қарсыластары мен оларға ергендер – бүлікшілер. Бүгінде кімнің әділ, кімнің бүлікші екені жөніндегі үкім жеңген көпшілікке қарай беріледі. Көбінің көздегені дүние болғандықтан, кімнің әділ, кімнің бүлікші екенін біле алмаймыз».

Осы мәселеге түйін ретінде Ибн әл-Арабидің жамағатпен бірге болып, одан бөлінбеу туралы хадистен шығарған екі үкімін келтірейік.

1. Үмбет бір мәселе жөнінде бірауыздан келіссе, кейінгілердің сол мәселе жөнінде оған қайшы жаңа пікір ұсынуы дұрыс емес.

2. Мұсылмандар бір имамның айналасына топтасқаннан кейін оған қарсы шығып, дау тудыруға рұқсат етілмейді.

Жамағаттан бөлінгендерге

Алла елшісі (с.а.с.) мұсылмандарды бірлікке шақырып, жік салғандарды лағынеттеген. Бұл жайында жеткен риуаяттардың бірінде: «Менен кейін жамандық пен бүлік туады. Сонда жамағаттан бөлініп, Мұхаммед үмбетінің бірлігін бұзғысы келген адамды көрсеңдер, кім болса да, оны өлтіріңдер. Өйткені Алланың қолы жамағатпен бірге. Шайтан жамағаттан бөлінгенмен бірге», – делінген.

Мүслимдегі бір риуаятта осы мағына былай берілген: «Бір адамның басшылығына ұйып тұрғанда, біреу бірлігіңді бұзуға немесе жамағатыңды бөлуге келсе, оны өлтіріңдер».

Алла елшісі (с.а.с.) жамағатпен бірге болуды қайта-қайта өсиет етіп, оның екі себебін де түсіндірген: «Алла Тағала бұл үмбетті адасушылықта біріктірмейді. Алланың жәрдемі жамағатпен бірге. Кім одан бөлініп шықса, оның барар жері – тозақ».

Бөлінуге себеп болатын нәрселерден аулақ болу

Қоғамның бірлігіне түскен сызат жазылмас жараға айналуы мүмкін. Сондықтан мұндай сызаттың алдын алып, елді бөлінуге итермелейтін себептерді дер кезінде жоюға күш салу керек. Ислам бүлікке, бұзақылыққа, алауыздық пен бөлінуге қатаң тыйым салған.

﴿وَٱعْتَصِمُوا۟ بِحَبْلِ ٱللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا۟﴾ «Барлығың да Алланың желісіне мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер»3 деген аяттағы «өзара бөлінбеңдер» сөзін бір топ ғалым бірлік пен ынтымақты бұзатын, алауыздыққа себеп болатын істен аулақ болуға бұйрық деп түсінген.

Жамағат болмаған жағдайда

Алдыңғы хадистердегі өсиет бір басшының айналасына топтасқан жамағатқа немесе көпшілік ұйыған бағытқа қатысты айтылған. Бірақ қоғамда жамағат та, басшы да болмаған жағдай тууы мүмкін. Осыны ескерген сахаба: «Уа, Алла елшісі, сіз айтқан бүлікке кез болсам, не істейін?» – деп сұраған. Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылмандардың жамағаты мен басшысына ер», – деген. «Жамағаты да, басшысы да болмаса ше?» – дегенде: «Онда топтардың бәрінен аулақ бол. Тіпті бір ағаштың тамырына тісіңмен жабысып, өлгенше сол күйде қалуға тура келсе де, солай істе», – деп жауап берген.

Хадистегі ағаштың тамырына тісімен жабысып қалу туралы бейнелі сөз бүлікке араласпаудың салдары қанша ауыр болса да, сабыр сақтау керектігін білдіреді.

2. Топшылдық пен жікшілдік

Ибн Әсирдің түсіндіруінше, «асабият» – өз жұртына зұлымдықта болысу. Сөздікте «асаби» деп әке жағынан туыстарын жақтап ашуланатын және оларды қорғайтын адамды айтады. Мұндай топшылдық жұртты жікке бөледі.

Алла елшісі (с.а.с.) тыйған асабият – өз жұртына зұлымдықта болысу. Сол дәуірде мұндай іске итермелеген ең күшті себеп руға, қан жағынан туыстыққа негізделген бірлік еді.

Біздің заманымызда оның орнын басқа байланыстар да басты. Олар идеологияға, саясатқа, аймақшылдыққа, әртүрлі мақсат үшін немесе басқа топқа қарсы құрылған ұйымдарға, рулық және нәсілдік не ұлттық бірлікке сүйенуі мүмкін.

Қандай сылтау айтылса да, әділетке кедергі келтіретін, лайықты жанды құқығынан айыратын, басшылыққа лайықтының орнына лайықсызды тағайындайтын және жәбірленушінің орнына залымды қорғайтын жікшілдікті Алла елшісі (с.а.с.) лағынеттеп, оған тыйым салған. Осындай сыңаржақтықтың кесірінен бір тайпаның мүшелерін былай қойғанда, бір отбасының адамдары да бір-біріне дұшпан болып, әділетсіздік жасайды.

  1. 1Мүслим, «Имарат», 53 (№ 1848). Нәсәи, «Тахрим», 28 (№ 4114). Ибн Мәжа, «Фитән», 7 (№ 3948). Бұхаридің «Ахкам» бөлімінде мағыналас риуаят бар (№ 7143).
  2. 2Мүслим, «Имарат», 53 (№ 1848). Нәсәи, «Тахрим», 28 (№ 4114). Ибн Мәжа, «Фитән», 7 (№ 3948).
  3. 3«Әли Имран» сүресі, 103-аят.
1730
Кутуб ситтә, № 1730 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Бәкра

وَعَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ أَهَانَ سُلْطَانَ اللَّهِ فِي الْأَرْضِ أَهَانَهُ اللَّهُ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Алланың жер бетіндегі билеушісін қорлаған адамды Алла қорлайды», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

Хадистегі билеушіні қорлау дегеннің мағынасын Тирмизидегі толық нұсқа ашып береді. Зияд ибн Қусайб әл-Адауи былай дейді: «Әбу Бәкра екеуміз жұқа киім киіп, құтба оқып тұрған Ибн Амирдің мінберінің қасында отырдық. Әбу Біләл: “Бұзақылардың киімін киген әмірімізге қараңдар!” – деді. Әбу Бәкра оған: “Үндеме! Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Алланың жер бетіндегі билеушісін қорлаған адамды Алла қорлайды’ дегенін естідім”, – деді».

Ахмад ибн Ханбалдың «Муснәдінде» билеушіні құрметтеуге де үндейтін мына риуаят бар: «Билеуші – Алланың жер бетіндегі саясы. Оны құрметтегенді Алла қиямет күні құрметтейді, ал оны дүниеде қорлағанды Алла қиямет күні қорлайды».

Бұл хадистер билеушінің теріс ісіне көз жұмуға немесе оны құптауға шақырмайды. Кімнің бойынан көрінсе де, жаман іс анықталып, айыпталады. Бірақ оның теріс ісін айыптаудың жөні бөлек, оны қорлап, беделін түсірудің жөні бөлек. Мүслимдегі бір нұсқада былай делінген:

... وَإِذَا رَأَيْتُمْ مِنْ وَالِيكُمْ شَيْئًا تَكْرَهُونَهُ فَاكْرَهُوا عَمَلَهُ وَلَا تَنْزِعُوا يَدًا مِنْ طَاعَةٍ.

«…Билеушілеріңнің ұнамсыз бір ісін көрсеңдер, сол істі жек көріңдер, бірақ бағынудан бас тартпаңдар».2

Мүмін жаман істі кімнен, қайда және қашан көрсе де, оны айыптап, түзетуге міндетті.

  1. 1Тирмизи, «Фитән» (№ 2224, Ибраһим Жананның басылымында № 2225).
  2. 2Мүслим, «Имара» (№ 1855).