وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ خَرَجَ عَنِ الطَّاعَةِ، وَفَارَقَ الْجَمَاعَةَ فَمَاتَ مَاتَ مِيتَةً جَاهِلِيَّةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَفِي رِوَايَةٍ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ خرَجَ عَنِ الطَّاعَةِ، وَفَارَقَ الْجَمَاعَةَ فَمَاتَ مَاتَ مِيتَةً جَاهِلِيَّةً، وَمَنْ قَاتَلَ تَحْتَ رَايَةٍ عِمِّيَّةٍ يَغْضَبُ لِعَصَبَةٍ، أَوْ يَدْعُو إِلَى عَصَبَةٍ، أَوْ يَنْصُرُ عَصَبَةً، فَقُتِلَ فَقِتْلَةٌ جَاهِلِيَّةٌ، وَمَنْ خَرَجَ عَلَى أُمَّتِي يَضْرِبُ بَرَّهَا وَفَاجِرَهَا لَا يَتَحَاشَى مِنْ مُؤمِنهَا وَلَا يَفِي بِعَهْدِ ذِي عَهْدِهَا، فَلَيْسَ مِنِّي وَلَسْتُ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Кім бағынудан шығып, жамағаттан бөлінген күйі өлсе, жаһилият өлімімен өледі», – деді.1
Әбу Һурайраның тағы бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Кім бағынудан шығып, жамағаттан бөлінген күйі өлсе, жаһилият өлімімен өледі. Кім көзсіз жікшілдіктің туы астында шайқасып, өз тобы үшін ашуланса, соған шақырса немесе соны қолдаса әрі сол жолда өлтірілсе, оның өлімі де жаһилият өлімі. Кім үмбетіме қарсы шығып, ізгісі мен күнәһарын талғамай соққы берсе, мүмінге қол көтеруден тартынбаса әрі келісім жасасқан адаммен жасалған келісімді сақтамаса, ол менен емес, мен де одан емеспін».2
Түсіндірме
Соңғы екі хадистегі жамағат, жікшілдік және көзсіз жікшілдіктің туы деген ұғымдарды түсіну, әсіресе бүгінгі мұсылмандар үшін маңызды.
1. Жамағат мәселесі
Жамағатпен бірге болуды бұйырған риуаяттар мұнымен шектелмейді. Олардың көбінде Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттан бөлінбеуді өсиет еткен. Солардың бірнешеуін келтірейік.
1. «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ жүріңдер. Өйткені шайтан жалғыз адаммен бірге, ал екі адамнан алысырақ тұрады. Жаннаттың төрін қалаған адам жамағатпен бірге болсын».
2. «Алла бұл үмбетті адасушылықта біріктірмейді. Алланың жәрдемі жамағатпен бірге. Олай болса, қалың көпшілікке еріңдер. Кім бөлініп шықса, сол тозақтық».
3. «Жамағат – мейірім, ал бөліну – азап».
4. «Кім жамағаттан бір сүйем бөлініп, сол күйінде көз жұмса, жаһилия дәуірінде өлгенмен тең. Ол мойнындағы Ислам жібін үзген болады».
«Жамағат» сөзінің мәні
Жоғарыдағы риуаяттар жамағаттың маңызын аңғартады. Бірақ оларда «жамағат» сөзінің нені білдіретіні, жамағат болу үшін қандай шарттарды сақтау керектігі ашып айтылмаған.
«Жамағат» сөзінің мәні жөнінде ғалымдар да түрлі пікір айтқан. Бірі мұнда сахабаларды, енді бірі білім иелерін немесе үмбеттің көпшілігін меңзеп тұр деп түсіндірген.
Ибн Мүбәрак дін ғұламаларының айналасына жиналуды жамағат деп түсінген. Одан бұл жөнінде сұрағанда: «Әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омар», – деп жауап берген.
Екеуінің де көз жұмғаны еске салынғанда, ол басқа кісілерді атаған. Ақырында өз дәуіріндегі бір ізгі, тақуа жанды атап, сол кісінің жалғыз өзін жамағат деп сипаттаған.
Әділ имам мен білім иесін жамағат деп таныған Ибн әл-Араби осы пікірін: «Ислам жамағаты әділет пен білімге негізделеді», – деп түйіндеген.
Біздіңше, хадисте бірге болу уәжіп делінген жамағат туралы ғалымдардың түсіндірмелерінің әрқайсысында қисын бар. Әр пікірдің орынды болатын шарты мен аясы бар. Барлық хадисті бірге қарастырғанда, мұнда «сауадул-ағзам», яғни мұсылмандардың басым көпшілігі меңзелген деу орынды. Ғылыми мәселеде ғалымдардың, қоғамдық мәселеде халықтың көпшілігі ескеріледі.
Ғалымдар пікір қайшылығы туған кезде «сауадул-ағзам» дегеннен көпшілік тарапты түсінген. Олар дәлел ретінде мына риуаятты келтіреді: «Исрайыл ұрпақтары жетпіс бір топқа бөлінген еді. Менің үмбетім жетпіс екіге бөлінеді. Біреуінен басқасы тозаққа түседі. Жаннатқа баратындары – әһлі сүннет уәл-жамағат».
Жамағат сөзінен көпшілік меңзелетінін білдіретін өзге риуаяттар да бар. Солардың бірінде Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Тағала бұл үмбетті адасушылықта біріктірмейді. Араларыңда келіспеушілік байқасаңдар, сауадул-ағзамға, яғни қалың көпшілікке еріңдер. Алланың жәрдемі жамағатпен бірге», – деген.
Ғалымдар «сауадул-ағзам» сөзін көпшілік деп ұққан. Суюти оны «дұрыс жолдағылардың көпшілігі» деп түсіндіреді.
Бүлік пен қақтығыс кезінде қалың көпшілікке еруді өсиет еткен әйгілі риуаят Әбу Мәсғуд әл-Ансариден жеткен. Әзірет Османға қарсы бүлік тұсында одан бұл жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) не естігенін немесе өзінің не ойлайтынын сұрайды. Ол: «Мұхаммед үмбетінің көпшілігіне еріңдер. Өйткені Алла Тағала бұл үмбетті адасушылықта біріктірмейді», – деп кеңес береді.
«Жамиғ әл-Фусулайнда» Ибн Қади Самауинаның «Фәтауа сағир» кітабына сілтеме жасалып, мына пікір келтіріледі: «Әзірет Әли болмаса, құбылаға бет бұрғандармен соғысуға қарсы болмас едік. Әзірет Әли мен оған бағынғандар – әділ тарап, ал қарсыластары мен оларға ергендер – бүлікшілер. Бүгінде кімнің әділ, кімнің бүлікші екені жөніндегі үкім жеңген көпшілікке қарай беріледі. Көбінің көздегені дүние болғандықтан, кімнің әділ, кімнің бүлікші екенін біле алмаймыз».
Осы мәселеге түйін ретінде Ибн әл-Арабидің жамағатпен бірге болып, одан бөлінбеу туралы хадистен шығарған екі үкімін келтірейік.
1. Үмбет бір мәселе жөнінде бірауыздан келіссе, кейінгілердің сол мәселе жөнінде оған қайшы жаңа пікір ұсынуы дұрыс емес.
2. Мұсылмандар бір имамның айналасына топтасқаннан кейін оған қарсы шығып, дау тудыруға рұқсат етілмейді.
Жамағаттан бөлінгендерге
Алла елшісі (с.а.с.) мұсылмандарды бірлікке шақырып, жік салғандарды лағынеттеген. Бұл жайында жеткен риуаяттардың бірінде: «Менен кейін жамандық пен бүлік туады. Сонда жамағаттан бөлініп, Мұхаммед үмбетінің бірлігін бұзғысы келген адамды көрсеңдер, кім болса да, оны өлтіріңдер. Өйткені Алланың қолы жамағатпен бірге. Шайтан жамағаттан бөлінгенмен бірге», – делінген.
Мүслимдегі бір риуаятта осы мағына былай берілген: «Бір адамның басшылығына ұйып тұрғанда, біреу бірлігіңді бұзуға немесе жамағатыңды бөлуге келсе, оны өлтіріңдер».
Алла елшісі (с.а.с.) жамағатпен бірге болуды қайта-қайта өсиет етіп, оның екі себебін де түсіндірген: «Алла Тағала бұл үмбетті адасушылықта біріктірмейді. Алланың жәрдемі жамағатпен бірге. Кім одан бөлініп шықса, оның барар жері – тозақ».
Бөлінуге себеп болатын нәрселерден аулақ болу
Қоғамның бірлігіне түскен сызат жазылмас жараға айналуы мүмкін. Сондықтан мұндай сызаттың алдын алып, елді бөлінуге итермелейтін себептерді дер кезінде жоюға күш салу керек. Ислам бүлікке, бұзақылыққа, алауыздық пен бөлінуге қатаң тыйым салған.
﴿وَٱعْتَصِمُوا۟ بِحَبْلِ ٱللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا۟﴾ «Барлығың да Алланың желісіне мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер»3 деген аяттағы «өзара бөлінбеңдер» сөзін бір топ ғалым бірлік пен ынтымақты бұзатын, алауыздыққа себеп болатын істен аулақ болуға бұйрық деп түсінген.
Жамағат болмаған жағдайда
Алдыңғы хадистердегі өсиет бір басшының айналасына топтасқан жамағатқа немесе көпшілік ұйыған бағытқа қатысты айтылған. Бірақ қоғамда жамағат та, басшы да болмаған жағдай тууы мүмкін. Осыны ескерген сахаба: «Уа, Алла елшісі, сіз айтқан бүлікке кез болсам, не істейін?» – деп сұраған. Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылмандардың жамағаты мен басшысына ер», – деген. «Жамағаты да, басшысы да болмаса ше?» – дегенде: «Онда топтардың бәрінен аулақ бол. Тіпті бір ағаштың тамырына тісіңмен жабысып, өлгенше сол күйде қалуға тура келсе де, солай істе», – деп жауап берген.
Хадистегі ағаштың тамырына тісімен жабысып қалу туралы бейнелі сөз бүлікке араласпаудың салдары қанша ауыр болса да, сабыр сақтау керектігін білдіреді.
2. Топшылдық пен жікшілдік
Ибн Әсирдің түсіндіруінше, «асабият» – өз жұртына зұлымдықта болысу. Сөздікте «асаби» деп әке жағынан туыстарын жақтап ашуланатын және оларды қорғайтын адамды айтады. Мұндай топшылдық жұртты жікке бөледі.
Алла елшісі (с.а.с.) тыйған асабият – өз жұртына зұлымдықта болысу. Сол дәуірде мұндай іске итермелеген ең күшті себеп руға, қан жағынан туыстыққа негізделген бірлік еді.
Біздің заманымызда оның орнын басқа байланыстар да басты. Олар идеологияға, саясатқа, аймақшылдыққа, әртүрлі мақсат үшін немесе басқа топқа қарсы құрылған ұйымдарға, рулық және нәсілдік не ұлттық бірлікке сүйенуі мүмкін.
Қандай сылтау айтылса да, әділетке кедергі келтіретін, лайықты жанды құқығынан айыратын, басшылыққа лайықтының орнына лайықсызды тағайындайтын және жәбірленушінің орнына залымды қорғайтын жікшілдікті Алла елшісі (с.а.с.) лағынеттеп, оған тыйым салған. Осындай сыңаржақтықтың кесірінен бір тайпаның мүшелерін былай қойғанда, бір отбасының адамдары да бір-біріне дұшпан болып, әділетсіздік жасайды.