Хадис

Кутуб ситтә, № 1675

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
217. № 1673–1677 хадистер
Нөмірі
№ 1675 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1675
Кутуб ситтә, № 1675 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Дәрда

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَا مِنْ شَيْءٍ أَثْقَلُ فِي مِيزَانِ الْمُؤْمِنِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ خُلُقٍ حَسَنٍ، وَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَيُبْغِضُ الْفَاحِشَ الْبَذِيءَ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةِ التِّرْمِذِيِّ: وَإِنَّ صَاحِبَ حُسْنِ الْخُلُقِ لَيَبْلُغُ بِهِ دَرَجَةَ صَاحِبِ الصَّوْمِ وَالصَّلَاةِ. «الْبَذَاءَةُ»: الْفُحْشُ فِي النُّطْقِ.

Қазақша аудармасы

Әбуд-Дәрданың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні мүміннің таразысында көркем мінезден ауыр ештеңе болмайды. Алла тағала арсыз, былапыт сөйлейтін кісіні жек көреді»1, – деген. Тирмизидің бір риуаятында: «Көркем мінезді адам сол мінезінің арқасында ораза ұстап, намаз оқитын кісінің дәрежесіне жетеді», – делінген.

Түсіндірме

1. Бұл екі хадис көркем мінездің діндегі маңызын көрсетеді. Мүміннің ең қымбат байлығы – иман. Иман көркем мінезбен кемелденеді. Мәңгілік бақытқа жеткізетін иманды көздеген кісі мінезіне көңіл бөлуі керек.

2. Екі хадис те дініміздің адамдар арасындағы қарым-қатынасқа айрықша мән беретінін аңғартады. Шынайы мүмін болу үшін иман негіздерін тілмен айту жеткіліксіз. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнату үшін мінезді түзеп, әдепті көркемдеу қажет.

3. Жақсы қарым-қатынас ең жақын адамдарымыздан, өз отбасымыздан басталады. Олардың біздің мойнымызда ақысы көп, өйткені уақытымыздың көбі солармен өтеді. Кездескенде жылы жүз танытып, қателіктеріне сабыр сақтап, жақсы сөз айтып, ілтипат білдірсек, осы қасиеттер бойымызға сіңеді. Сонда өзгелермен де жақсы араласамыз. Отбасына үнемі дөрекі сөйлейтін кісінің үйреншікті мінезі өзге ортада да байқалады. Кейде жақсы қарым-қатынас танытса да, ол шынайы әрі тұрақты болмайды. Осыдан Алла елшісінің (с.а.с.) «Сендердің ең қайырлыларың – отбасына қайырлы болғандарың» деген сөзінің мәнін ұғамыз.

4. Қиямет күні көркем мінез таразыда ауыр басады. Ол мүміннің иманын кемелдендіреді. Кемел иман әр амалына әсер етіп, жүріс-тұрысына бағыт береді. Мұндай адам әр ісін Алланың разылығы үшін сүннетке сай атқаруға тырысады. Амалдың бағасы ниетке байланысты. Жақсылықты адамгершілік үшін, ар-ұжданның талабымен немесе Алланың разылығын көздеп істеудің ақырет таразысындағы салмағы әртүрлі. Осындай үш ниетпен игілік жасаған кісі мүмін болса, әр ісі үшін сауап алады. Сауабы ақыретте таразыға тартылады. Алланың разылығы үшін істеген амалдың сауабы өзгелерінен ауыр тартады. Амалдар бағаланатын иләһи өлшем мына аятта айтылған:

﴿إِنَّ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَمَاتُوا۟ وَهُمْ كُفَّارٌ فَلَن يُقْبَلَ مِنْ أَحَدِهِم مِّلْءُ ٱلْأَرْضِ ذَهَبًا وَلَوِ ٱفْتَدَىٰ بِهِۦٓ أُو۟لَٰٓئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ وَمَا لَهُم مِّن نَّٰصِرِينَ﴾

«Шүбәсіз күпірлікте табандап, сол күйі кәпір болып өлгендердің әрқайсысы азаптан құтылу үшін жер беті толы алтын берсе де, онысы олардың ешбірінен қабыл болмайды. Міне, соларға жан төзгісіз азап бар һәм оларға ешкім медеткер де болмайды»2.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 62, № 2002–2003. Әбу Дәуіт, «Әдеп», 8, № 4799.
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 3:91.