Хадис

№ 1673–1677 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 217-тарау · 5 хадис · № 1673–1677

Хадистер

1673
Кутуб ситтә, № 1673 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Мұғаз

عَنْ مُعَاذٍ بْنِ جَبَلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا مُعَاذُ، أَحْسِنْ خُلُقَكَ لِلنَّاسِ» أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Муғаз ибн Жәбәлдің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) оған: «Уа, Муғаз, адамдармен көркем мінезбен қарым-қатынас жаса!» – деген.1

Түсіндірме

1. Муғаздың айтуынша, бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) оны Йеменге аттандырарда берген соңғы өсиеті. Тирмизидегі риуаяттың мағынасы мынадай: «Уа, Алла елшісі, маған пайдасы тиетін нәрсені үйретіңіз!» – дедім. Ол кісі: «Қайда жүрсең де, Алладан қорық. Жамандықтың артынан жақсылық жаса, сонда жақсылық жамандықты өшіреді. Адамдарға көркем мінез көрсет»2, – деді.

2. Алла елшісі (с.а.с.) Муғазды Йеменге қазы, дінді жеткізуші, алым жинаушы және ұстаз міндеттерін атқаруға жіберген. Оған осы міндеттерді жүктегенде, өзге де нұсқаулар мен өсиеттер айтқан. Елге жақсы қарым-қатынас жасау туралы насихат – солардың соңғысы.

3. Хадис түсіндірушілері адамдарға көркем мінез көрсетуді былай ұққан: жаныңа келген кісіні жылы жүзбен қарсы алу, бірге отырған адамға жұмсақтық пен мейірім таныту, тәлім бергенде сабыр сақтау және сүйіспеншілік білдіру. Ғалымдар бұл ілтипатты оған лайық үлкенге де, кішіге де көрсету керектігін айтқан. Қоғамда күпірліктен, ауыр күнәдан немесе өзгеге зұлымдық жасаудан қайтпайтындар да бар. Кейбірі жақсы қарым-қатынастан түзелмеуі, тіпті одан сайын жүгенсіз кетуі мүмкін. Ондай кісіге әділ әрі талапшыл болу қажет. Хадистегі «жамандыққа жақсылықпен жауап беру» – ислам әдебінің есте ұстар қағидаларының бірі.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Хусн әл-хулқ», 1.
  2. 2Тирмизи, «Бирр», № 1987.
1674
Кутуб ситтә, № 1674 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَكْمَلُ الْمُؤْمِنِينَ إِيمَانًا أَحْسَنُهُمْ خُلُقًا، وَخِيَارُكُمْ خِيَارُكُمْ لِأَهْلِهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Мүміндердің иманы ең кемелі – мінезі ең көркемі. Сендердің ең қайырлыларың – отбасына қайырлы болғандарың», – деген.1

  1. 1Тирмизи, «Радағ», 11, № 1162. Әбу Дәуіт, «Сүннет», 16, № 4682. Тирмизидегі риуаяттың соңында «әйелдеріне» (لِنِسَائِهِمْ) делінеді.
1675
Кутуб ситтә, № 1675 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Дәрда

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَا مِنْ شَيْءٍ أَثْقَلُ فِي مِيزَانِ الْمُؤْمِنِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ خُلُقٍ حَسَنٍ، وَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَيُبْغِضُ الْفَاحِشَ الْبَذِيءَ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةِ التِّرْمِذِيِّ: وَإِنَّ صَاحِبَ حُسْنِ الْخُلُقِ لَيَبْلُغُ بِهِ دَرَجَةَ صَاحِبِ الصَّوْمِ وَالصَّلَاةِ. «الْبَذَاءَةُ»: الْفُحْشُ فِي النُّطْقِ.

Қазақша аудармасы

Әбуд-Дәрданың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні мүміннің таразысында көркем мінезден ауыр ештеңе болмайды. Алла тағала арсыз, былапыт сөйлейтін кісіні жек көреді»1, – деген. Тирмизидің бір риуаятында: «Көркем мінезді адам сол мінезінің арқасында ораза ұстап, намаз оқитын кісінің дәрежесіне жетеді», – делінген.

Түсіндірме

1. Бұл екі хадис көркем мінездің діндегі маңызын көрсетеді. Мүміннің ең қымбат байлығы – иман. Иман көркем мінезбен кемелденеді. Мәңгілік бақытқа жеткізетін иманды көздеген кісі мінезіне көңіл бөлуі керек.

2. Екі хадис те дініміздің адамдар арасындағы қарым-қатынасқа айрықша мән беретінін аңғартады. Шынайы мүмін болу үшін иман негіздерін тілмен айту жеткіліксіз. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнату үшін мінезді түзеп, әдепті көркемдеу қажет.

3. Жақсы қарым-қатынас ең жақын адамдарымыздан, өз отбасымыздан басталады. Олардың біздің мойнымызда ақысы көп, өйткені уақытымыздың көбі солармен өтеді. Кездескенде жылы жүз танытып, қателіктеріне сабыр сақтап, жақсы сөз айтып, ілтипат білдірсек, осы қасиеттер бойымызға сіңеді. Сонда өзгелермен де жақсы араласамыз. Отбасына үнемі дөрекі сөйлейтін кісінің үйреншікті мінезі өзге ортада да байқалады. Кейде жақсы қарым-қатынас танытса да, ол шынайы әрі тұрақты болмайды. Осыдан Алла елшісінің (с.а.с.) «Сендердің ең қайырлыларың – отбасына қайырлы болғандарың» деген сөзінің мәнін ұғамыз.

4. Қиямет күні көркем мінез таразыда ауыр басады. Ол мүміннің иманын кемелдендіреді. Кемел иман әр амалына әсер етіп, жүріс-тұрысына бағыт береді. Мұндай адам әр ісін Алланың разылығы үшін сүннетке сай атқаруға тырысады. Амалдың бағасы ниетке байланысты. Жақсылықты адамгершілік үшін, ар-ұжданның талабымен немесе Алланың разылығын көздеп істеудің ақырет таразысындағы салмағы әртүрлі. Осындай үш ниетпен игілік жасаған кісі мүмін болса, әр ісі үшін сауап алады. Сауабы ақыретте таразыға тартылады. Алланың разылығы үшін істеген амалдың сауабы өзгелерінен ауыр тартады. Амалдар бағаланатын иләһи өлшем мына аятта айтылған:

﴿إِنَّ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَمَاتُوا۟ وَهُمْ كُفَّارٌ فَلَن يُقْبَلَ مِنْ أَحَدِهِم مِّلْءُ ٱلْأَرْضِ ذَهَبًا وَلَوِ ٱفْتَدَىٰ بِهِۦٓ أُو۟لَٰٓئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ وَمَا لَهُم مِّن نَّٰصِرِينَ﴾

«Шүбәсіз күпірлікте табандап, сол күйі кәпір болып өлгендердің әрқайсысы азаптан құтылу үшін жер беті толы алтын берсе де, онысы олардың ешбірінен қабыл болмайды. Міне, соларға жан төзгісіз азап бар һәм оларға ешкім медеткер де болмайды»2.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 62, № 2002–2003. Әбу Дәуіт, «Әдеп», 8, № 4799.
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 3:91.
1676
Кутуб ситтә, № 1676 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ مِنْ أَحَبِّكُمْ إِلَيَّ وَأَقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَحَاسِنُكُمْ أَخْلَاقًا وَإِنَّ أَبْغَضَكُمْ إِلَيَّ وَأَبْعَدَكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ الثَّرْثَارُونَ وَالْمُتَشَدِّقُونَ وَالْمُتَفَيْهِقُونَ. قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَا الْمُتَفَيْهِقُونَ؟ قَالَ: الْمُتَكَبِّرُونَ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбирдің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні маған ең сүйіктілерің әрі ең жақын отыратындарың – мінезі ең көркемдерің. Ал маған ең сүйкімсіздерің әрі менен ең алыс отыратындарың – көп сөйлейтіндерің, шешенсіп сөйлейтіндерің және менменсіп сөз саптайтындарың», – деген. Жұрт: «Уа, Алла елшісі, менменсіп сөз саптайтындар кімдер?» – деп сұрағанда, ол: «Тәкаппарлар», – деп жауап берген.1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) мүміндерді көп рет тіліне ие болуға шақырған. Мәселен: «Кім екі жағы мен екі аяғының арасындағы мүшелеріне ие болуға кепілдік берсе, мен оның жаннатқа кіруіне кепілдік беремін», «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген кісі жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген.

Алла елшісінің (с.а.с.) бұл ескертулері Құран аяттарына негізделген. Қиямет күні әр адам әр ісі мен әр сөзі үшін жауап береді. Дүниеде айтқан сөзі оның пайдасына не өзіне қарсы куәлік етеді. Жоғарыдағы хадисте көп сөйлеуден сақтандырады. «Әс-сәрсәрүн» – көп сөйлейтіндер, «әл-мутәшәддиқун» – шешенсіп сөйлейтіндер, «әл-мутәфәйһиқун» – менменсіп сөз саптайтындар. Үшеуі де орынсыз, пайдасыз сөзге, бос әңгіме мен өсекке үйір адамдар жайында айтылған.

Сөзшең кісі үнемі жақсы, қайырлы сөз айтады деу қиын. Көп сөйлеуді әдетке айналдырған адамның сөзіне ғайбат, өсек, өтірік, дөрекілік, ұятсыз сөз бен бос әңгіме араласады. Қиямет күні мұның бәрі таразының күнә жағына түседі. Сол себепті хадисте көп сөйлеуден сақтандырған.

Бұл хадистер көркем мінездің әуелі тілге ие болудан басталатынын аңғартады.

2. Кейбір ғалымдар хадистегі үш атаудың аражігін ашып, сөз саптаудың қандай түрінен сақтандырғанын түсіндірген. «Әс-сәрсәрүн» – орынсыз көп сөйлейтіндер. «Әл-мутәшәддиқун» – шешенсіп, сөз өнерімен өзгелерден озғысы келетін, тіпті оларды келемеждейтіндер. «Шидқ» сөзі «ұрт» дегенді білдіреді. «Мутәшәддиқ» – ұртын толтырып, өзін көрсету үшін мақтана сөйлейтін кісі. «Әл-мутәфәйһиқун» сөзін де аузын керіп, ауыз толтырып сөйлейтіндерге қолданады. Соңғы екі атаудың мағынасы жақын. Екеуі де тәкаппарланып, өзгені төмен санаудан туындайды. Хадис орынсыз көп сөйлеуден де, жұрттан ерекшелену үшін сөз саптаудан да сақтандырады. Сөйлеу әдебі – мүмін алдымен көңіл бөлетін мәселелердің бірі.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 77, № 2018.
1677
Кутуб ситтә, № 1677 · тараудағы реті: 5

وَعَنِ النَّوَّاسِ بْنِ سَمْعَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ:«سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنِ الْبِرِّ وَالْإِثْمِ، فَقَالَ: الْبِرُّ حُسْنُ الْخُلُقِ، وَالْإِثْمُ: مَا حَاكَ فِي صَدْرِكَ وَكَرِهْتَ أَنْ يَطَّلِعَ عَلَيْهِ النَّاسُ» أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ. «حَاكَ»: أَيْ تَرَدَّدَ فِي الصَّدْرِ.

Қазақша аудармасы

Нәууас ибн Сәмған (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) ізгілік пен күнә жайында сұрадым. Ол: “Ізгілік – көркем мінез. Күнә – көкірегіңе күдік ұялатып, жұрттың білгенін қаламайтын іс”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте «ізгілік» деп аударылған «бирр» сөзі Құранның көптеген аятында кездеседі. Құранда ﴿لَّيْسَ ٱلْبِرَّ أَن تُوَلُّوا۟ وُجُوهَكُمْ قِبَلَ ٱلْمَشْرِقِ وَٱلْمَغْرِبِ وَلَٰكِنَّ ٱلْبِرَّ مَنْ ءَامَنَ بِٱللَّهِ وَٱلْيَوْمِ ٱلْـَٔاخِرِ وَٱلْمَلَٰٓئِكَةِ وَٱلْكِتَٰبِ وَٱلنَّبِيِّـۧنَ وَءَاتَى ٱلْمَالَ عَلَىٰ حُبِّهِۦ ذَوِى ٱلْقُرْبَىٰ وَٱلْيَتَٰمَىٰ وَٱلْمَسَٰكِينَ وَٱبْنَ ٱلسَّبِيلِ وَٱلسَّآئِلِينَ وَفِى ٱلرِّقَابِ وَأَقَامَ ٱلصَّلَوٰةَ وَءَاتَى ٱلزَّكَوٰةَ وَٱلْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَٰهَدُوا۟ وَٱلصَّٰبِرِينَ فِى ٱلْبَأْسَآءِ وَٱلضَّرَّآءِ وَحِينَ ٱلْبَأْسِ﴾ «Шынайы ізгілік жүздеріңді шығысқа немесе батысқа қаратуда емес. Шынайы ізгілік – Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, Кітапқа және пайғамбарларға сенген жандардың, әрі мал-мүлкінен – оны қанша жерден жақсы көрсе де – жақын туыстарына, жетімдерге, міскіндерге, елінен жырақта жүрген яки жолда қалған ғаріп жолаушыға, тарыққаннан қайыр садақа сұрағандарға және азаттыққа қауышқысы келген құлдар мен тұтқындарға берген, намаз оқыған, зекет берген, уәделескенде уәдеде тұратын, әрі таршылық көргенде, дертке шалдыққанда әрі соғыс жағдайында сабырлылық танытқан жандардың ісі»2 деп баяндалған.

﴿لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ﴾ «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар»3.

﴿وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰ وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ﴾ «Ізгі істерде, әрі тақуа болу мәселесінде бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда біріңе-бірің болыспаңдар»4.

2. Нәуәуи Мүслимнің хадистеріне жазған түсіндірмесінде ғұламалар «бирр» сөзіне туысқа қарайласуды, жақсы қарым-қатынасты, ізгілік жасауды, жақсы өмір сүруді және құлшылық етуді жатқызғанын айтады. Бұлардың бәрі көркем мінезге саяды. Тиби «бирр» сөзі хадистерде түрлі мағынада түсіндірілетінін айтқан. Бірде ол жанды жай таптырып, жүректі орнықтыратын нәрсе десе, бірде иман және Аллаға жақындататын амал дейді. Бұл хадисте ізгілік көркем мінез деп түсіндірілген. Көркем мінезге қиындыққа төзу, ашуға бой алдырмау, жылы жүз таныту және жақсы сөз айту жатады.

3. Күнә адамның жанын мазалайды. Ғалымдардың түсіндіруінше, ол көңілге күдік ұялатып, адамды «Осы ісім күнә емес пе? Дұрыс істедім бе?» деген екіұдай ойға салады.

Кейбір ғалымдар: «Күнә – жамандығы көңіліңді мазалайтын әрі ұсқынсыздығынан жұртқа жария болуын қаламайтын іс», – дейді. Хадистің соңындағы «жұрттың білгенін қаламайтын іс» деген сөз осы анықтаманы қуаттайды.

Адам жақсы іс істесе, табиғатынан оны өзгелердің көргенін қалайды. Кей ісін жұрттан жасырғысы келсе, оның Аллаға жақындататын ізгі амал болмағаны немесе шариғатта рұқсат етілмегені. Мұндай істе қайыр да, ізгілік те жоқ. Ол – күнә әрі жамандық.

Қорқыныш

Дінімізде қорқыныш сезімін «хауф» дейді. Жаратушы тіршілікті сақтау үшін адамның бойына осы маңызды сезімді дарытқан. Ол адамға да, жануарға да ортақ. Қорқыныш сезімінен ада адам жоқ деуге болады. Бұл сезім адамның іс-әрекетіне едәуір ықпал етеді. Оған үстірт қараған кейбір позитивистер мен эволюционистер діннің негізінде қорқыныш жатыр деп шектен шыққан. Олардың пікірінше, адам өзі қорыққан нәрсенің зиянынан құтылу үшін соған табына бастаған. Шынында, өткінші дүниенің нәрселерінен қорқу шектен асса, адам жасырын ширкке түсіп, қорыққан нәрсесіне табына бастауы мүмкін. Мұның өзі дінге ұқсас сипат алады. Тарихта залымдар мен диктаторлар үрей мен террорды ықпалды қаруға айналдырып, жұртты өз дегеніне көндірген.

Ислам адамды қорқыныш арқылы билеп-төстеушілердің қолына түсуден құтқару үшін Алладан қорқуды негіз етіп, осы сезімді жүрекке орнықтыруды көздейді. Жүрегіне Алладан шын қорқу орныққан кісі өзгелердің үрейіне бой алдырмайды. Дүниедегі қауіп-қатерден сақтанады, бірақ адамдар қанша қорқытса да, сенімі мен діни ұстанымынан айнымайды. Адамдардың ар-ұжданы мен сеніміне үстемдік жүргізгісі келетін идеологиялық тәртіптердің исламға және Алладан қорқу қағидасына бар күшімен шабуылдауы да осыдан. Олар түрлі амалмен қорқыныш орнатып, өз пұттарының үрейлі мүсіндері мен суреттерін таратқан. «Алладан қорықпайды, Оны жақсы көреді», «Алла – қорқыныш тудыратын бірдеңе емес» деген жаңсақ уәждермен Аллаға деген сенімге шабуыл жасап, Алладан қорқу қағидасын жүйелі түрде келемеждейді. Исламда Алланы сүю де, Одан қорқу да негіз саналады. Алланы жамал сипаттары үшін сүйеді, жалал сипаттарынан қаймығады. Бізге өмір беріп, тіршілігімізге қажет нығметтерді нәсіп еткен рақымы мен кеңшілігі үшін Оны сүйеміз. Құлшылығымыздағы кемшілігіміз бен бойсұнбаған істеріміз үшін Одан қорқамыз. Құран Алладан қорқуды бұйырып, залымдар мен қарсы келгендерге Алланың азабы мен тозақты ескертеді. Алладан қорқу – Құранның осы әміріне бойсұну.

Құран аяттарында сүйіспеншілік оятатын «жаннат» пен қорқыныш ұялататын «жаһаннам» сөздері көбіне қатар келеді. Алланың рақымы мен жаннатын сүйіншілейтін аяттар азап пен тозақтан сақтандыратын аяттармен қатар айтылады. Алладан қорқу сезімі исламның ажырамас бөлігі. Ислам адамды өзгелерден қорқудың салдарынан бодандық пен озбырлыққа ұрынудан сақтап, Алладан қорқу қажеттігін айтады. Алла елшісі (с.а.с.) жұрттан қорқып, ақиқатты айтудан жалтарғандарға бірнеше хадисте қатаң ескерту жасаған. Мүмін жаратылғаннан емес, Жаратқаннан қорқуы керек.

Алла елшісі (с.а.с.) адамның Жаратқаннан қорқуын залымды тізгіндеп, жөнге салудың пәрменді амалдарының бірі санаған. Сондықтан ақиқатты айтқанда жұрттан жасқанбауды, өзге қорқынышты Алладан қорқудан жоғары қоймауды қайта-қайта өсиет еткен. Ол: «Жиһадтың ең абзалы – залым әміршінің алдында ақиқатты айту», «Сақ болыңдар! Жұрттан қорқу сендерді ақиқатты айтудан тыймасын», – деген. Бірде: «Ешқайсың өздеріңді төмен санамаңдар!» – дейді. Қасындағылар: «Уа, Алла елшісі, адам өзін қалай төмен санайды?» – деп сұрайды. Ол былай жауап береді: «Алла үшін сөз айтуға тиіс бір жамандықты көре тұра үндемейді. Қиямет күні Алла Тағала одан: “Сол іс туралы ақиқатты айтуыңа не кедергі болды?” – деп сұрайды. Құлы: “Жұрттан қорықтым”, – дейді. Сонда Алла: “Ең әуелі Менен қорқуың керек еді”, – дейді». Тағы бір хадисте: «Үмбетімнің залымға “Сен залымсың!” деуден қорыққанын көрсең, оның бары да, жоғы да бір», – делінген.

Қорқынышты ақыл мен ерікке бағындырып, иманнан туындайтын қағидалармен реттей білу керек. Ақыл, иман мен ерікке бағынбаған қорқыныш тіршілікті сақтайтын қорған болудан қалып, өмірді күйретіп, бақытты улап, жанға үздіксіз азап әкелетін пәлеге айналуы мүмкін. Орынсыз үрейге бой алдырған кейбір кісілердің дерті де осы сезімнен тууы ықтимал. Мұның себебі – табиғи сезімін ақыл мен ерікке бағындыра алмауы. Алла елшісінің (с.а.с.) қорқыныш туралы мына хадистері осы мәселеде орта жолды табуға көмектеседі:

  1. 1Мүслим, «Бирр», 15, № 2553. Тирмизи, «Зүһд», 52, № 2389.
  2. 2«Бақара» сүресі, 2:177.
  3. 3«Әли Имран» сүресі, 3:92.
  4. 4«Мәида» сүресі, 5:2.