وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَوْ كَانَ لِابْنِ آدَمَ وَادِيَانِ مِنْ مَالٍ لَابْتَغَى إِلَيْهِمَا ثَالِثًا، وَلَا يَمْلَأُ جَوْفَ ابْنِ آدَمَ إِلَّا التُّرَابُ وَيَتُوبُ اللَّهُ عَلَى مَنْ تَابَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ، وَهَذَا لَفْظُهُمَا، وَالتِّرْمِذِيُّ بِمَعْنَاهُ.
Әнәс ибн Мәлик (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Адам баласының екі аңғарды толтырар дүниесі болса, үшіншісін іздер еді. Адам баласының ішін топырақ қана толтырады. Алла тәубе еткеннің тәубесін қабыл етеді».1
Түсіндірме
1. Хадис бірнеше жолмен жеткен. Кейбір нұсқасында «мал-мүліктің» орнына алтын, күміс немесе құрма аталады. Топырақ толтыратын нәрсе бірінде нәпсі, енді бірінде көз, ауыз, қарын деп берілген. Бұлардың топыраққа толуы – өлімнің ишарасы. Өлген адам топыраққа көміледі. Демек, адам баласы дүниеге өлгенше тоймайды.
Тиби мұны былай түсіндіреді: «Топырақтан жаратылғанды топырақ қана толтырады. Топырақтың аталуында бір сыр бар: адам көз жұмғанға дейін дүниеге тоймайды. Өлгенде даңқы мен атағы да өзімен бірге көміледі. Үстіне топырақ түсіп, аузы мен көзі бітеледі. Адамның іші ауыз арқылы толатындықтан, аузы бекітілгенде іші де тынышталады».
2. Хадистің соңғы жағындағы «Алла Тағала тәубе еткендерді кешіреді» деген сөз адамдағы дүниеге деген құмарлықтың айыпталғанын білдіреді. Оны былай түсіндіруге болады: Алла Тағала өзгелерді кешіргеніндей дүниенің соңына түсіп, адасқан пендесін де кешіреді. Сондықтан дүниені есепсіз жинауға деген құштарлығын тәрк еткен адамға «тәубе етті» делінеді. Тәубені тілдік мағынада түсініп, яғни «қайтты» деген мағынада түсініп, «дүниеге құмарлықтан қайтқан адамды Алла кешіреді» деуге болады.
Тибидің айтуынша, хадистің тағы бір мағынасы мынадай: «Дүниеге құштарлық – адамға тән. Алла нәпсісін тазартқан аз адамнан өзгенің көбі дүние жинаудан тоймайды. Хадистің соңындағы кешірім жайлы сөз бұл құмарлықтың айыпталатынын білдіреді. Адам Алланың жәрдемімен әрі тақуалықпен нәпсісін осы кеселден арылта алады». Құранда ﴿وَمَنْ يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ﴾ «Кімде-кім нәпсісінің сараңдығы мен ашкөздігінен сақтана алса, мәңгілік азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткен бақытты жандар, міне, солар!»2 делінген.
Бұл жерде ашкөздіктің нәпсіге қатысты айтылуы тегін емес: ол – нәпсіге тән құмарлық. Ал «Сақтана алғандар» тіркесі мұндай дерттен айығудың мүмкін екендігін білдіреді.
4. Бұл риуаяттың Бұхари Ибн Аббастан жеткізген нұсқаның соңында ол: «Бұл Құран аяты ма, әлде хадис пе, анығын білмедім», – деген.
«Фадаилул-Қуран» атты еңбекте Әбу Убайда: «Біз Расулалла (с.а.с.) заманында لَوْ كَانَ لِابْنِ آدَمَ وَادِيَانِ مِنْ ذَهَبٍ وَفِضَّةٍ لَابْتَغَى الثَّالِثَ. “Адам баласының екі аңғар толы алтыны мен күмісі болса, үшіншісін іздер еді” деген сөйлемді аят ретінде оқитынбыз», – деген. Сонымен қатар Бұхарида Убай ибн Кәғб: كُنَّا نَرَى هَذَا مِنَ الْقُرْآنِ حَتَّى نَزَلَتْ أَلْهَاكُمُ التَّكَاثُرُ. «Біз мұны “Тәкәсүр” сүресі түскенге дейін Құранның бір аяты деп келгенбіз», – деген. Осы мағынада басқа да риуаяттар бар. Кейбір ғалымдар осы риуаяттарға сүйеніп, біз қарастырып отырған риуаятты оқылуы – мансұқ, алайда үкімі қалған аяттардың бірі деп есептеген. Мұндай жағдайда насых пен мансұқтың арасында қарама-қайшылық болмайды. Сондықтан мансұқ етілген аят деп есептелген аталмыш хадис пен оның оқылуын насых еткен «Тәкәсүр» сүресі арасында мағына һәм үкім тұрғысынан ешқандай қарама-қайшылық жоқ.
Ибн Хажар мұның құдси хадис болуы ықтимал деген пікірді алға тартады. «Оның үкімі қалған, ал тиләуәті мансұқ болған» дейді және оған дәлел ретінде Әбу Убайдтің «Фәдаилул-Құран» атты еңбегінде келген Әбу Мұсаның хадисіндегі мына сөйлемді келтіреді:
قَرَأْتُ سُورَةً نَحْوَ بَرَاءَةٍ فَغِبْتُ أَوْ حَفِظْتُ مِنْهَا: «وَلَوْ أَنَّ لِابْنِ آدَمَ وَادِيَيْنِ مِنْ مَالٍ لَتَمَنَّى وَادِيًا ثَالِثًا» اَلْحَدِيثُ وَمِنْ حَدِيثِ جَابِرٍ: كُنَّا نَقْرَأُ لَوْ أَنَّ لِابْنِ آدَمَ مِلْءَ وَادٍ مَالًا لَأَحَبَّ إِلَيْهِ.
«Мен “Бәраат” (“Тәубе”) сүресіндей ұзын бір сүрені оқитынмын. Оны ұмытып қалдым. Тек мына бөлігі есімде: “Адам баласының екі аңғар толы дүниесі болса, үшіншісін де тілер еді…”» Жәбирден жеткен риуаятта: «Біз “Адам баласының бір аңғар толы дүниесі болса, тағы сондай дүниені қалар еді…” деген сөзді оқитынбыз», – делінген.3
Ұят
Араб тіліндегі «хая» сөзі ұятты білдіреді. Сөздік мағынасы – айыпты іске барудан қысылу, одан тартыну. Шариғатта ол адамды жаман істен тежеп, өзгенің ақысын өтеуде салғырттыққа жол бергізбейтін мінезді білдіреді.
«Ұят – нәпсінің жағымсыз іске ұрынып қалудан қорқып, өзін тежеуі» деп те анықтаған. Бұл жерде айтылған жағымсыз әрекет дін құптамайтын, ақылға теріс, әдет-ғұрыпқа сай келмейтін жағымсыз істер екені анық. Дін құптамайтын жағымсыз істі жасағанға – пасық, ақылға теріс жамандықты жасағанға – жынды, әдет-ғұрыптық мәкруһты жасағанға – ақымақ деп айтылады.
Кейбір ғалымдар ұят сақтау харам істерде – уәжіп, мәкруһ істерде – мәндүп, мүбах істерде – әдет-ғұрыптық түсінік ретінде қаралады деген. Шариғатта жаман, жиіркенішті істерден сақтануға, қашуға және басқаның құқығын бұзуға тосқауыл болатын мінезді «ұят» деп айтады. Расулалла (с.а.с.) «Ұяттың барлығында да жақсылық бар», – деген. Сондай-ақ Расулалла (с.а.с.) ұятты болудың Ислам дініндегі маңыздылығын көрсету үшін, ұяттың «иманның бір бөлшегі» екенін айтқан. Ұялу атты жақсы мінездің адамзат тарихындағы ерекшелігін былай жеткізген: إِنَّ مِمَّا أَدْرَكَ النَّاسُ مِنْ كَلَامِ النُّبُوَّةِ الْأُولَى: إِذَا لَمْ تَسْتَحِ فَاصْنَعْ مَا شِئْتَ. «Адамдарға алғашқы пайғамбарлардың сөзінен жеткен бір өсиет мынау: “Ұятың болмаса, қалағаныңды істе”».4 Ғалымдар «Адамдағы ұят сезімі табиғи жаратылыстан ба, жоқ әлде кейіннен пайда бола ма?» деген мәселеге қатысты ибн Хажар: «Ұят – иманның бір бөлшегі» деген хадиске сілтеме жасай отырып былай дейді: «Егер «Ұят адам табиғатынан бар десе, ол қалайша иманның бір бөлшегі болады?» десең, жауабы былай: «Ұят, кейде табиғи жаратылыстан туындайды, кейде кейіннен қалау арқылы үйреніледі. Алайда шариғаттың талабына сай қолданылуы үшін үйренуге, мағлұматқа және ниетке мұқтаждығы бар. Осылайша ұяттың ниет пен қажыр-қайрат арқылы қолданылуы, Алланың әмірлеріне, сауапты істерге жөнелтуші және күнәлі істерден тыюшы болуы, оны иманның бір бөлшегі болдырады. Еш уақытта: «Ұят бар, шындықты айтуға немесе қайырлы іс жасауға кедергі болады» деп айтылмайды. Өйткені мұндай ұят түсінігі шариғатқа жатпайды».
Құртуби: «Адамның кейіннен үйренген ұяты – иманның бір бөлшегі болған ұят. Адамнан талап етілетін ұят та осы. Егер кімде табиғатынан ұят болса, ол кейіннен үйренген ұятқа жәрдемші болады. Сондай-ақ кейіннен үйренген ұят адам табиғатына сіңу арқылы табиғатына айналып кетуі де мүмкін. Расулалла (с.а.с.) бұл ұят түрінің екеуін де бойына жинаған: Табиғи ұятына қатысты «Ар-намысы пәк қыздан да қатты ұялатын» десе, үйренілген ұятына қатысты «Шың басында еді», – деген».
Әдет-ғұрыптық тұрғыда ұят саналатын кейбір нәзік мәселелерді сұрауды не түсіндіруді дініміз ұят санамайды. Алла елшісі (с.а.с.) қажет болған кезде ондай мәселелерге жауап бергенде мына аятты оқитын: «Алла ақиқатты ашып айтудан тартынбайды».5
Сахабалар да Расулалладан (с.а.с.) үйренген осы өнегені ұстанып, қажет кезінде Алла елшісінен (с.а.с.) кейде бір-бірлерінен ұятты мәселелер жайлы сұраудан тартынбайтын әрі жоғарыдағы аятты оқу арқылы білуі қажет болып тұрған мәселелерді сұрайтын. Олардың бұл әрекетін ешкім айыптамаған һәм мәселенің мән-жайы жабулы күйде қалмай анақ-қанығы ашылатын.
Нәуәуи былай дейді: «Ақиқатты үйренуге қысылу – дін құптайтын ұятқа жатпайды. Өйткені ұяттың барлығында жақсылық бар, ұят жақсылықтан басқа еш нәрсе әкелмейді. Дінге қатысы бар, бірақ адамдар арасында ұятты мәселелердің қатарына кіріп кеткен нәрселерді сұрамау – жамандық саналады».
«Аллаға қатысты әдепті қалай сақтаймыз?» деген сауалға ғалымдар былай жауап берген: «Алла Тағала құдіретінің кемелдігін көрсетіп, жек көрінішті, жағымсыз істерді жасырады. Өзіне ғибадат ететін құлдарын басқа жаратылыстарға көркем көрсеткісі келеді. Құлдарының жағымсыз кейіпте көрінуі Жәмил, Музәйин, Латиф және Хаким секілді есімдеріне қайшылық әрі әдепсіздік саналады.
Міне, пайғамбарлық әдепке сай болу – Алла тағаланың көркем есімдерінің адамға лайық өнегесін бойға сіңіруге ұмтылу.
Мына мәселені де ескерген жөн: Мәселен, дәрігер науқастың әдетте қарауға болмайтын дене мүшесін көруіне тура келеді. Мұндай жағдайға әдепсіздік деп айтылмайды. Керісінше, медицинадағы зәрулік деп айтылады. Бірақ әлгі дәрігер харам нәрселерге басқа уақыттарда еркек ретінде қарайтын болса, әдепсіздік саналады. Міне, сүннеттегі әдептердің тәртіптері осылай болмақ».