Хадис

Кутуб ситтә, № 1667

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
215. Ашкөздік
Нөмірі
№ 1667 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1667
Кутуб ситтә, № 1667 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Кағб ибн Мәлик

وَعَنْ كَعْبٍ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا ذِئْبَانِ جَائِعَانِ أُرْسِلَا فِي غَنَمٍ بِأَفْسَدَ لَهَا مِنْ حِرْصِ الْمَرْءِ عَلَى الْمَالِ وَالشَّرَفِ لِدِينِهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ. وَمَعْنَاهُ: أَنَّ حِرْصَ الْمَرْءِ عَلَى الْمَالِ وَالشَّرَفِ وَحُبَّهُمَا مُفْسِدٌ لِدِينِهِ كَمَا يُفْسِدُ الذِّئْبَانِ الْجَائِعَانِ الْغَنَمَ إِذَا أُرْسِلَا فِيهَا وَلَمْ يُمْنَعَا مِنْهَا.

Қазақша аудармасы

Кәғб ибн Мәлик (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Отарға жіберілген екі аш қасқыр қойға қанша зиян келтірсе, адамның дүние мен атаққа құнығуы дініне одан да көп зиян келтіреді».1

Түсіндірме

1. Хадисте адамның дүние мен атаққа ашкөздігінің дінге тигізер кесірі қорғансыз отарға шапқан екі аш қасқырдың зиянымен салыстырылады. Мұның мәнін ұғу үшін қасқырдың мінезін еске алған жөн. Аш қасқыр бір қойды жеп, қарнын тойдырумен тынбай, тұтас отарға қырғидай тиюі мүмкін.

Кейбір ғалымдар дінге дұшпан жандардың мұсылмандардың дүниеқұмарлығын өз мүддесіне пайдаланып, оларға қауіп төндіретінін атап, былай дейді: «Ризық белгіленген әрі үздіксіз беріліп жатыр, оны беріп жатқан – Алла Тағала. Ол – аса рақымды әрі өте жомарт. Оның рақымын айыптап, жомарттығын төмен санап, жеткіліксіз деп есептегендей, арам жолмен абырой-беделін аяқасты ету, ар-ожданын кірлету, қадір-қасиетін кетіру, пара беріп, берекесіз харам дүние-мүлікті қабыл ету неткен ақымақтық?! Иә, әдетте, дүниеге құныққан пенделер, сондай-ақ, адасушылар дүние-мүліктерін арзан нәрсе үшін бермейді, өте қымбатқа бағалайды. Бір жылдық тіршілікке жететін дүние-мүліктің ақысына кейде мәңгілік өмірді айырбастай салатыны бар. Осылайша ондай адам ашкөздікпен Алланың қаһарына душар болады және дүниеге құныққан адамдардың ризалығын алуға тырысады».

Хадиске түсіндірме жасаушылар дүниеге құнығудан туатын зиянды түсіндіруге тырысқан. Олардың айтуынша, мал-мүлік тән қалауын қоздырады. Әуелі адам рұқсат етілген істердің ләззатына беріліп, уақыт өте адал табыстан алыстауы мүмкін. Бірте-бірте күмәнді табыстарға назарын аударады, сөйтіп ол табыс Алланы еске алудан алыстатады. Міне, осылайша дүние-мүлік адамдарды рухани тұрғыдан құлдыратады. Сондай-ақ атақ-мансап мәселесі де дүние-мүлік секілді бұзақылыққа жол ашады. Сонымен қатар, атақ-мансап үшін дүние-мүлік жұмсалады, ал мал-мүлік үшін атақ-мансапқа жетуге талпынады. Ақырында, атақ-мансап, дүние-мүліктен де көп қауіпке себеп болады. Кейде адам атақ-мансап үшін екіжүзділікке бет бұрып, жаман істерден тыюға, тосқауыл болуға күші жете тұра немқұрайды қарайды. Сөйтіп, жалған сөйлеуге, пара алуға яки пара беруге, т.б. жаман жолдарға қадам басады.

  1. 1Тирмизи, «Зүһд», № 2376.