وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ بْنِ سَهْلِ بْنِ حُنَيْفٍ، عَنْ بَعْضِ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ مِنَ الْأَنْصَارِ، قَالَ: «اشْتَكَىٰ رَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ حَتَّىٰ أُضْنِيَ، فَعَادَ جِلْدَةً عَلَىٰ عَظْمٍ، فَدَخَلَتْ عَلَيْهِ جَارِيَةٌ لِبَعْضِهِمْ فَهَشَّ لَهَا فَوَقَعَ عَلَيْهَا، فَدَخَلَ عَلَيْهِ رِجَالٌ مِنْ قَوْمِهِ يَعُودُونَهُ فَأَخْبَرَهُمْ بِذَلِكَ، وَقَالَ: اسْتَفْتُوا لِي رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، فَإِنِّي وَقَعْتُ عَلَىٰ جَارِيَةٍ دَخَلَتْ عَلَيَّ. فَذَكَرُوا ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ، وَقَالُوا: مَا رَأَيْنَا بِأَحَدٍ مِنَ الضُّرِّ مِثْلَ الَّذِي هُوَ بِهِ، وَلَوْ حَمَلْنَاهُ إِلَيْكَ لَتَفَسَّخَتْ عِظَامُهُ، مَا هُوَ إِلَّا جِلْدٌ عَلَىٰ عَظْمٍ. فَأَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يَأْخُذُوا لَهُ مِائَةَ شِمْرَاخٍ فَيَضْرِبُوهُ بِهَا ضَرْبَةً وَاحِدَةً». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. (١) فَهَشَّ: أَيِ ارْتَاحَ وَخَفَّ، وَفِي الْقَامُوسِ: الْهَشَاشَةُ وَالْهَشَاشُ: الِارْتِيَاحُ وَالْخِفَّةُ وَالنَّشَاطُ. (٢) الشِّمْرَاخُ: الْغُصْنُ مِنَ الْعِثْكَالِ الَّذِي يَكُونُ عَلَيْهِ التَّمْرُ.
Әбу Умама ибн Сәһл ибн Хунайф ансар сахабаларының бірінен мына риуаятты жеткізеді: «Ансардың бір кісісі қатты науқастанып, сүйегі мен терісі ғана қалады. Сахабалардың бірінің күңі қасына кіргенде, ол әйелге көңілі ауып, онымен жақындасады. Қауымынан халін сұрап келгендерге істегенін айтып: “Алла елшісінен (с.а.с.) менің жайымды сұрап беріңдер. Қасыма кірген бір күңмен жақындастым”, – дейді. Олар бұл жайды Алла елшісіне (с.а.с.) жеткізіп: “Бұлай ауырған адамды бұрын көрмедік. Сізге көтеріп алып барсақ, сүйектері сөгіліп кетердей. Терісі мен сүйегі ғана қалды”, – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) оның жазасын жүз тармақты бір бума құрма сабағымен бір рет соғуға жеңілдетеді». «Һашша» сөзі көңілінің жадырауын, сергуін білдіреді. «Шимрах» – құрма шоғындағы жеміс өскен жіңішке сабақ1.
Түсіндірме
Жоғарыдағы мәтін – Әбу Дәуіт жеткізген нұсқа. Ибн Мәжаның риуаяты онымен мағыналас. Нәсәидің нұсқасында Алла елшісінің (с.а.с.) науқас адамға жаны ашып, жазасын жеңілдеткені айтылады. Бір риуаятта жүз жіңішке сабағы бар құрма шоғымен бір рет соғылғаны баяндалады.
Фиқһ түсіндірушілері осы хадисті жазаны көтере алмайтындай науқас адамға жеңілдік жасауға дәлел еткен. Кейбірі құрма шоғының әр сабағы денеге тиюі шарт десе, басқалары тиген кезде дыбыс естілсе жеткілікті деген.
Шауқани мұндай жеңілдікке шариғатта рұқсат барын айтып, Құраннан мына аятты дәлелге келтірген:
وَخُذْ بِيَدِكَ ضِغْثًا فَاضْرِبْ بِهِ وَلَا تَحْنَثْ «Қолыңа бір буда сабақ ал да, сонымен әйеліңді ұр, сөйтіп, антыңды бұзба!»2
Ибн әл-Һумамның түсіндіруінше, классикалық фиқһта мұхсан адамның зина үшін белгіленген ражм жазасы ауруына байланысты кейінге қалдырылмаған. Ал жаза дүре болса, науқастың айығуын күткен. Өйткені дүре науқастың өліміне себеп болуы мүмкін, ал оған өлім жазасы белгіленбеген. Айығудан үміт үзілген жағдайда, ханафи және шафиғи ғалымдары жоғарыдағы риуаяттағы жеңілдікті қолданған. Олар құрма шоғының тармақтары денеге тиюі үшін шоқтың ашық болуын шарт санаған. Ал «Сад» сүресіндегі аят Әйюб пайғамбарға (а.с.) қатысты. Тәпсірлерде Әйюбтің науқас кезінде шақырған жұбайы кешіккені, содан кейін пайғамбар сауықса жүз рет дүре соғуға ант еткені айтылады. Жұбайы оған адал қызмет еткендіктен, Әйюбке жүз сабақтан тұратын бумамен бір рет соғып, антын орындау уахи етілген.