وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَا يَطُوفُ بِالْبَيْتِ حَاجٌّ وَلَا غَيْرُ حَاجِّ إِلَّا حَلَّ، قِيلَ لِعَطَاءٍ مِنْ أَيْنَ تَقُولُ ذَلِكَ؟ قَالَ مِنْ قَوْلِ اللَّهِ تَعَالَى: ثُمَّ مَحِلُّهَا إِلَى الْبَيْتِ الْعَتِيقِ قِيلَ: فَإِنَّ ذَلِكَ مِنْ قَبْلِ الْمعَرَّفِ. فَقَالَ: كَانَ ابْنُ عَبَّاسٍ يَقُولُ هُوَ بَعْدَ الْمُعَرَّفِ وَقَبْلَهُ. وَكَانَ يَأْخُذُ ذَلِكَ مِنْ أَمْرِهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ أَمَرَهُمْ أَنْ يُحِلُّوا فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «المُعَرَّفُ» اسْمُ لِلْمَوَاقِفَ: أَىْ بَعْدَ الْوُقُوفِ بِالمُعَرَّفِ.
Ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Қажылық үшін болсын, басқа мақсатпен болсын, кім Қағбаны тауап етсе, ихрамнан шығады».
Бұл сөзді жеткізген Атадан: «Мұны неге сүйеніп айтқан?» – деп сұрады. Ол: «Алла тағаланың ﴿ثُمَّ مَحِلُّهَا إِلَى الْبَيْتِ الْعَتِيقِ﴾ “Олардың құрбандыққа шалынатын межелі жері – ең қасиетті, ең көне үй Қағба орналасқан харам аймағы.”1 деген сөзіне сүйенген», – деді. Оған: «Бұл Арафатта уақфаға тұрғаннан кейін болады ғой», – дегенде, Ата: «Ибн Аббас (р.а.) мұны Арафат уақфасына дейін де, кейін де болады дейтін. Ол осы үкімді Алла елшісінің (с.а.с.) қоштасу қажылығында сахабаларына ихрамнан шығуды бұйырғанынан шығарған», – деп жауап берді2.
Түсіндірме
Бұл риуаятта Ибн Аббастың (р.а.) аят пен сүннеттен өзге фиқһ ғалымдарының үкімінен бөлек тұжырым шығарғаны көрінеді. Мүслимдегі бір нұсқада Бәни Хужәйм тайпасынан бір кісі одан: «Жұртты екіге жарған бұл пәтуаңыз қалай? Қағбаны тауап еткен кісі ихрамнан шыға ма?» – деп сұраған.
Ибн Аббас (р.а.) берген үкім жұрт ұстанып жүрген амалдан өзгеше еді. Осыдан пікірталас туды. Мұның мәнін Ибн Аббастың өзінен де, шәкірттерінен де сұраған. Бұл риуаятта оның пікірін атақты табиғин Ата ибн Әбу Рабах түсіндірген.
Хадис ғалымдарының түсіндіруінше, Ибн Аббас (р.а.) қоштасу қажылығында Алла елшісінің (с.а.с.) құрбандық малын әкелмегендерге ұмрадан кейін ихрамнан шығуды бұйырғанын негізге алған. Сондықтан Қағбаны тауап етсе, ихрамнан шығады деп есептеген. Көпшілік ғалымдар өзге риуаяттарға сүйеніп, бұл бұйрықтың үкімі кейін жойылғанын айтқан. Олардың пікірінше, қажы Арафат уақфасынан кейін Минада тас лақтырып, құрбан шалып, шаш алдырған соң ғана ихрамнан шығады. Ибн Аббастың көзқарасын аз ғана ғалым қолдаған. Солардың бірі – Исхақ ибн Рахауайһ. Ғалымдар ифрад қажылығына ниет еткен адамның Қағбаны тауап еткен бойда ихрамнан шығуы міндетті емес екеніне келіскен.
Нәуауи ғалымдардың осы ортақ пікірін келтірген соң былай деген.
«Ибн Аббас (р.а.) сүйенген “Олардың құрбандыққа шалынатын межелі жері – ең қасиетті, ең көне үй Қағба орналасқан харам аймағы.” деген аят құрбандықтың Харам аймағында шалынатынын білдіреді. Онда ихрамнан шығу жөнінде үкім айтылмаған. Аят соны білдіргенде, Харам аймағына құрбандық малын жеткізген адамның тауап етпей-ақ ихрамнан шығуы керек болар еді. Алла елшісі (с.а.с.) қоштасу қажылығында сахабаларына қажылықты ұмраға ауыстыруды сол жылы ғана бұйырды. Бұл оқиға қажылыққа деп ихрамға кірген кісінің қажылығын аяқтамай ихрамнан шығуына дәлел болмайды».
Қади Иядтың айтуынша, кей ғалымдар Ибн Аббастың сөзін қажылықты өткізіп алған адамға қатысты деп түсіндірген. Ондай кісі тауап пен сағидан кейін ихрамнан шығады. Бұл жорамалға қарамастан, біз талдап отырған риуаятта Ибн Аббас Қағбаны қандай мақсатпен тауап етсе де, адам ихрамнан шығады деп айтқан.