وَعَنْ جُبَيْرِ بْنِ مُطْعِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَضْلَلْتُ بَعِيرًا لِي فَذَهَبْتُ أَطْلُبُهُ يَوْمَ عَرَفَةَ فَرَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَاقِفًا مَعَ النَّاسِ بِعَرَفَةَ فَقُلْتُ هَذَا وَاللَّهِ مِنَ الْحُمْسِ فَمَا شَأْنُهُ هَهُنَا؟ وَكَانَتْ قُرَيْشٌ تُعَدُّ مِنَ الْحُمْسِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِي.
Жубәйр ибн Мутғим (р.а.) былай дейді: «Түйем жоғалып, Арафа күні оны іздеуге шықтым. Арафатта Алла елшісінің (с.а.с.) жұртпен бірге уақфа жасап тұрғанын көріп: “Аллаға ант етейін, хумстың бір адамы мұнда не істеп жүр?” – дедім». Құрайыш хумсқа жататын1.
Түсіндірме
1. Жубәйр ибн Мутғим (р.а.) Алла елшісін (с.а.с.) Арафатта көргенде таңғалды. Алдыңғы риуаятта айтылғандай, меккеліктер мен оларға ерген бірқатар тайпа өздерін Харамның байырғы тұрғындары санап, өзге қажылардан жоғары қойған. Бұл ерекшелігін Харам шекарасынан шықпау арқылы көрсеткен.
Құрайыштан шыққан Жубәйр ибн Мутғим Алла елшісінің (с.а.с.) өзге жұртпен бірге Арафатта уақфа жасап тұрғанына қайран қалып: «Аллаға ант етейін, хумстың адамы мұнда не істеп жүр?» – деді.
2. «Құрайыш хумсқа жататын» деген соңғы сөйлем Бұхаридегі нұсқада жоқ. Хадис ғалымдары оны Жубәйрдің сөзінен кейін рауи Суфиян қосқан дейді.
3. Кей ғалым бұл оқиғаны Исламға дейінгі дәуірге жатқызады. Басқа риуаяттарға сүйенсек, елшілік міндет жүктелмей тұрып-ақ Пайғамбар хумстың дәстүріне ермей, Арафатқа уақфаға шыққан. Жубәйр осыған таңғалған. Оның бір нұсқасы: «Мұсылман болған соң Алланың бұл істе Пайғамбарына ақиқатты көрсеткенін түсіндім», – деп аяқталады. Жубәйр оны пайғамбарлықтан кейін көрген болуы мүмкін деген пікір де бар. Кирмани былай дейді: «Алла елшісінің Арафаттағы уақфасы һижраның оныншы жылы болды. Жубәйр ол кезде мұсылман еді, өйткені Мекке алынған күні иман келтірген. Егер ол бұл істі құптамай сұраса, ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ “Адамдар лек-легімен ағылған жерден сендер де ағылыңдар” деген аятты естімеген болуы мүмкін. Ал хумстың салтынан ауытқудың сырын білгісі келсе, сұрағы түсінікті. Алла елшісінің һижрадан бұрын да уақфа жасауы ықтимал».
Ибн Хажар бұл соңғы ықтималдылықтың ақылға қонымды екендігін айтып, бірқатар дәлелдер ұсынады.
- 1Бұхари, Хажж 91; Мүслим, Хажж 153, (1220); Нәсәи, Хажж 202, (5, 255).