وَذَكَرَ رَزِينُ رِوَايَةً. قَالَ: «كَانَتْ قُرَيْشٌ وَمَنْ دَانَ دِينَهَا وَهُمُ الْحُمْسُ يَقِفُونَ بِالْمُزْدَلِفَةِ وَيَقُولُونَ نَحْنُ قَطِينُ اللَّهِ تَعَالَى: أَىْ جِيرَانُ بَيْتِ اللَّهِ تَعَالَى، فَلَا نَخْرُجُ مِنْ حَرَمِهِ، وَكَانَ يَدْفَعُ بِالْعَرْبِ أَبُو سَيَّارَةَ عَلَى حِمَارٍ عَرَبِيٍّ مِنْ عَرَفَةَ». «الْحُمْسُ» قُرَيْشٌ، سُمِّيتْ بِذَلِكَ لِشَجَاعَتِهَا وَشِدَّتِهَا.
Рәзин келтірген риуаятта былай делінеді: «Құрайыш пен оның жолын ұстанғандар хумс деп аталатын. Олар Мұздалифада уақфа жасап: “Біз Алланың үйінің көршілеріміз, сондықтан Оның Харам аймағынан шықпаймыз”, – дейтін. Арабтарды Арафаттан Әбу Сайяра бастайтын. Ол араб есегіне мініп жүретін». «Хумс» – Құрайыштың батылдығы мен табандылығына орай берілген атау.
Түсіндірме
Үш риуаят та бір жайтты баяндайды. Жәһилият дәуірінде Құрайыш пен оларға ілескендер өзге араб тайпаларынан өзгеше амал жасап, Арафатқа бармай, Мұздалифадағы уақфамен шектелген. Өздерін хумс деп атаған. Ислам келгенде бұл ерекшелік жойылып, Арафаттағы уақфа барша қажыға парыз болды.
Сондықтан бұл жерде анық көрсетілетін бірнеше мәселе бар:
1. «Хумс» – «ахмас» сөзінің көпше түрі. «Ахмас» қатты жерді білдіреді. Мұнда дін жолында бекем болу мағынасы да бар. Құрайыштықтар өздерін дінге өзгелерден беріктірек санағандықтан, осы атауды иемденген.
Мүжәһид: «Хумс – Құрайыш және оның жолын ұстанған Әус, Хазраж, Хузаға, Сақиф, Ғатафан, Бәни Амир, Бәни Сағсаға мен Бәни Кинана тайпалары», – дейді.
Араб тілінде «хумс» қатаңдықты білдіреді. Құрайыштықтар өздеріне қатаң талап қойғандықтан осылай аталған. Қажылық не умра үшін ихрамға кіргенде ет жемейтін, жүн мен қылдан тоқылған шатырға отырмайтын. Меккеге келгенде үстіндегі киімдерін тастайтын.
Ибн Исхақтың айтуынша, Құрайыш бұл тәртіпті Піл оқиғасына дейін немесе одан кейін, сол оқиғаның тұсында енгізген.
Құрайыштың Арафаттағы уақфа мен одан қайтуды тәрк етуі де хумс дәстүрінен туған. Аят пен риуаяттар өздерін хумс деп атап, Арафатқа шықпағандарға барша жұртпен бір жерден қайтуды бұйырады. Жұрт уақфадан кейін Мұздалифаға Арафаттан аттанған. Екінші риуаятта Айша осы аят түскен соң Құрайыш пен оған ергендердің де уақфа үшін Арафатқа шыққанын айтады.
2. «Ифада» сөзі тілде судың тасып ағуын білдіреді. Арафаттағы және Мұздалифадағы уақфалар аяқталғанда мыңдаған қажының бір мезгілде ағылып шығуын ифада деп атайды.
3. Үшінші риуаяттағы «қатин» сөзі үйдің тұрғынын білдіреді. «Қатинуллаһ» деп меккеліктер өздерін Алланың үйінің байырғы тұрғындары, яғни Қағбаның көршілері санаған. Бұл атау олардың жәһилият дәуірінде өздерін өзге арабтардан жоғары қойғанын аңғартады. «Біз Алланың Харам аймағынан шықпаймыз» деген сөзі Арафатты Харам шекарасынан тыс деп санағанын көрсетеді.
Рәзин қосқан үшінші хабар Тирмизиде де осы мағынада келген. Алайда Әбу Сайяра туралы соңғы мәлімет Тирмизиде жоқ, Мүслимде бар. Мәйдәнидің айтуынша, Әбу Сайяра қырық жыл бойы жайдақ есегіне мініп, Арафаттан Мұздалифаға беттеген қажыларды бастап жүрген. Уақфа аяқталғанда бірінші болып аттанып, жұртқа жол бастаған. Есегінің қырық жыл бойы осы қызметке жарағанына жұрт таңданған. Содан бері «Әбу Сайяраның есегінен де төзімді» деген теңеу айтылған. Мәйдәни Әбу Сайяраның беделді адам болғанын және кісі құнын жүз түйе етіп белгілеген алғашқы адам екенін де жазады.
4. Арафат – қажылықтың басты рүкіндерінің бірі орындалатын мекен. Ол Меккеден он екі мильдей жерде, айналасындағы таулардан биіктеу орналасқан. Қажылар Арафа күні осында уақфа жасайды. Зул-хижжаның сегізі – қажылардың Меккеден аттанатын тәруия, яғни шөл қандыратын күні. Тоғызы – Арафатта уақфа жасайтын Арафа күні.
«Арафат» – «Арафа» сөзінің көпше түрі. Бұл атаудың тауға қалай берілгені туралы пікірлер әртүрлі:
• Бір топ ғалым оны «тану» мағынасындағы «мағрифат» сөзімен байланыстырады.
• Енді біреулері «мойындау» мағынасындағы «иғтираф» сөзінен таратады.
• Тағы бір топ ғалым оны «хош иіс» мағынасындағы «арф» сөзінен шығарады.
Алайда бұл көзқарастардың әрқайсысы Арафат тауының ерекшелігін, маңызын білдіру тұрғысынан айтылған сипаттарды қуаттайды. Олар мынадай:
• Адам ата мен Хауа ана жұмақтан шығарылған соң осы жерде қауышқан.
• Әзірет Ибраһим (а.с.) бұл жерді көргенде бұрыннан өзіне сипатталған жер екендігін бірден таныған.
• Әзірет Ибраһим Жәбірейлдің үйретуімен қажылық рәсімдерімен ең алғаш осы жерде танысады.
• Әзірет Исмаил анасынан біраз уақыт жырақта қалған соң осы жерде қауышады.
• Қажылар бұл жерге лек-легімен келіп, кездесіп, танысады.
• Қажылар бұл жерде уақфа жасау арқылы Алла тағаланың құдіреті мен айбынын танып, өзінің әлсіздігі мен кемшілігін мойындайды.
• Қажылар бұл жерде қабыл болған тәубелері, истиғфар мен дұғаларының нәтижесінде өткен күнәларынан арылып, жәннатқа лайық руханиятқа ие болады.
Осылайша рахымы мол Алланың, құлдарына мейірімділігімен осындай сипаттарға ие мүбарак аймақтың Арафат деп аталуы – жоғарыдағы мағыналардың барлығына ие болуынан. Арафа күні осы таудың күні деген сөз. Бұл күнді йәуму иәси (кәпірлер үміт үзетін күн) йәуми икмалид-дин (діннің кемелденген күні) йәуми ридуан (Алла разы болған күн) деп те атайды.