وَعِنْدَهُ: «وَدِدْتُ أَنِّي لَمْ أَكُنْ فَعَلْتُ إِنِّي أَخَافُ أَنْ أَكُونَ قَدْ أَتْعَبْتُ أُمَّتِي مِنْ بَعْدِي».
Тирмизи келтірген нұсқада: «Солай істемегенімді қалар едім. Өзімнен кейінгі үмбетіме машақат туғыздым ба деп қорқамын»1, – делінген.
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға кіргеннен кейін істің салдарын ойлап, өкініш білдірді. Оның бұл алаңдаушылығы Тирмизи келтірген нұсқада анығырақ айтылады. Айша анамыз жабырқауының себебін сұрағанда, ол Қағбаға кіргенін және осы ісі кейінгі үмбетіне машақат туғыза ма деп қауіптенгенін жеткізді. Ғалымдар мұны жұрттың Қағбаға кіруді қажылықтың бір рәсімі санап, оған шамасы жетпегенде қиналуы мүмкін деп алаңдауымен түсіндірген.
2. Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға қай кезде кіргені туралы пікірлер әртүрлі. Бірқатар ғалымдар оны тек Мекке алынған жылы кірді деп санайды. Шаукани «Нәйлул-аутарда»: «Бұл хадис Алла елшісінің Қағбаға Мекке алынған жылдан басқа кезде де кіргеніне дәлел. Өйткені жеңіс жылы Айша (р.а.) оның қасында болған жоқ», – дейді. Пайғамбар бұл оқиғаны Мәдинаға оралғаннан кейін Айшаға айтуы мүмкін деген жорамал да келтірілген. Алайда бұл түсіндірме тым жасанды саналып, қабылданбаған.
Алла елшісінің (с.а.с.) умра кезінде Қағбаға кірмегені анықталған. Кейбір ғалымдар оның қоштасу қажылығында кіруін ықтималырақ көреді. Бәйһақи де осы пікірде. Бұл жөнінде №1408 хадистің түсіндірмесінде толығырақ айтылады.
3. Көпшілік ғалым осы хадиске сүйеніп, Қағбаға кіру қажылық рәсімдеріне жатпайды деген үкім шығарған.
Құртуби Қағбаға кіруді қажылық рәсімі санаған ғалымдарды да атаған. Қағбаға кіру мұстахаб саналған. Бұған Ибн Хузайма келтірген мына риуаят пен өзге деректер дәлел болады:
مَنْ دَخَلَ الْبَيْتَ دَخَلَ فِي جَنَّةٍ وَخَرَجَ مَغْفُورًا لَهُ
«Қағбаға кірген кісі жәннатқа кіргендей болады әрі кешірімге ие болып шығады».
Бұл тақырып №1408 хадистің түсіндірмесінде кеңірек баяндалады.
- 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 95, (2029); Тирмизи, Хажж 45, (873); ибн Мәжа, Мәнәсик 79,(3063).