Хадис

Кутуб ситтә, № 1326

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
159. Тауап пен сағидың мәні
Нөмірі
№ 1326 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1326
Кутуб ситтә, № 1326 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَدِمَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَأَصْحَابُهُ مَكَّةَ وَقَدْ وَهَنَتْهُمْ حُمَّى يَثْرِبَ. فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ إِنَّهُ يَقْدُمُ عَلَيْكُمْ غَدًا قَوْمٌ قَدْ وَهَنَتْهُمْ الْحُمَّى وَلَقُوا مِنْهَا شِدَّةً فَجَلَسُوا مِمَّا يَلِي الْحِجْرَ، وَأَمَرَهُمُ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ يَرْمُلُوا ثَلَاثَةَ أَشْوَاطٍ وَيَمْشُوا بَيْنَ الرُّكْنَيْنِ لِيُرِيَ الْمشْرِكِينَ جَلَدَهُمْ. فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ: هَؤُلَاءِ الَّذِينَ زَعَمْتُمْ أَنَّ الْحُمَّى قَدْ وَهَنَتْهُمْ هَؤُلَاءِ أَجْلَدُ مِنْ كَذَا وَكَذَا. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: وَلَمْ يَمْنَعْهُ أَنْ يَأْمُرَهُمْ أَنْ يَرْمُلُوا الْأَشْوَاطَ كُلَّهَا إِلَّا إِبْقَاءً عَلَيْهِمْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. زَادَالْبُخَارِيُّ فِي رِوَايَة: لَمَّا قَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِعَامِهِ الَّذِي اسْتَأْمَنَ فِيهِ قَالَ: أَرْمِلُوا لِيُرِيَ الْمشْرِكينَ قُوَّتَهُمْ وَالمُشْرِكِينَ مِنْ قِبَلِ قُعَيْقِعَانَ

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалары Меккеге келгенде, Ясрибтің қызбасы оларды әлсіреткен еді. Мүшріктер: “Ертең мұнда қызбадан әбден қалжыраған жұрт келеді”, – десті де, Хижр тұсына отырды. Алла елшісі (с.а.с.) мүшріктерге мұсылмандардың қайратын көрсету үшін сахабаларына алғашқы үш айналымда рәмәл жасауды, екі бұрыштың арасында жай жүруді бұйырды».

Мұны көрген мүшріктер: «Қызба әлсіретті деген адамдарың осы ма? Бұлар пәленше-түгеншеден де қайратты екен ғой!» – деді.

Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) оларға ауыр тимесін деп, барлық айналымда рәмәл жасауды бұйырмады», – деген1.

Бұхари нұсқасында: «Алла елшісі (с.а.с.) бітімнен кейінгі жылы келгенде, мүшріктерге мұсылмандардың қайратын көрсету үшін “Рәмәл жасаңдар!” – деп бұйырды. Мүшріктер Қуайқиған тауы жағында отырған еді», – деп қосылған.

Түсіндірме

1. Ясриб қызбасы. «Хумма» дене қызуын көтеретін ауруды білдіреді. Мұнда оны безгек деп түсіндірген. Суы мол, ылғалды Мәдинада бұл ауру бұрыннан кездесетін.

2. «Шаут» тілде межені және оған қарай бір рет жүріп өтуді білдіреді. Қажылықта екі мағынада қолданылады.

а) Тауапта Қара тастан бастап, сол тұсқа қайта келгенше Бәйтулланы бір айналып шығу бір шаут саналады. Жеті шаут бір тауапты құрайды.

ә) Сағида Сафадан Мәруаға бару да, Мәруадан Сафаға қайту да бір-бір шаут саналады. Сафадан Мәруаға төрт рет, Мәруадан Сафаға үш рет жүріп, жеті шаутты аяқтайды.

3. «Тауап» тілде айналып жүруді білдіреді. Қажылық рәсімі ретінде Қағбаны белгіленген тәртіппен жеті айналу – бір тауап. Кей риуаятта бұл сөз Сафа мен Мәруа арасындағы сағиға да қолданылған.

4. Хижр. Қағбаның солтүстік-батыс қабырғасының алдында жарты шеңбер пішінді, биіктігі бір метрдей, қалыңдығы бір жарым метрдей дуал бар. Дуал «Хатим» деп аталады. Дуал мен Қағбаның арасындағы жер – Хижр. Ол «Хижри Исмаил», «Хижри Қағба» және «Хатыра» деп те аталады.

Бұл жер Ибраһим (а.с.) тұрғызған Қағбаның ішіне кіретін. Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық келместен бұрын Қағбаны қайта тұрғызғанда, құрылыс материалы жетпей, бұл бөлік сыртта қалған.

5. Қуайқан: Меккедегі таудың аты. Қағбаның Хижр бөлігіне қараған тұсында орналасқан. Яғни, Хижрдің Ирак бұрышы мен Шам бұрышының арасында орын алғандығын ескерсек, бұл тау Қағбның бір бұрышындағы немесе бір жанындағы биік төбе екендігі байқалады. Қуайқан деп аталатын басқа жерлер болғанымен де, біз айтып отырған жерге қатысы жоқ.

6. Ясриб – Мәдинаның жаһилия дәуіріндегі атауы. Һижрадан соң қала «Мәдинатур-расул», яғни Алла елшісінің қаласы, кейін қысқаша «Мәдина» деп аталған.

7. «Рәмәл» – ширақ жүру. Тауапта ерлердің алғашқы үш айналымда қысқа адымдап, иықтарын қозғай ширақ жүруі осылай аталады. Сағи жалғасатын тауапта рәмәл жасау сүннет. Сағи жасалмайтын тауапта және әйелдерге рәмәл қажет емес.

Хадис бұл сүннеттің қалай пайда болғанын баяндайды. Бұл қаза умра кезінде пайда болған. Бір риуаятта мүшріктердің мұсылмандар жайлы «Оларды Ясрибтің безгегі әбден титықтатты. Ертең көрерміз түрлерін» деп қаңқу сөз айтқанынан уахи арқылы Алла елшісі хабардар болады. Бұған қатысты басқа да риуаяттар бар.

Алла елшісі дұшпанның қаңқу сөзінің қуатын азайту үшін сахабаларын рәмәл жасауға, яғни, тауап кезінде жылдам әрі айбынды кейіппен жүруге ынталандырған. Сахабалар да Қағбаның Хижр тарапында өздеріне қарап тұрған мүшріктердің алдынан өтіп бара жатып, жылдам әрі иықтарын сілкілеп жүреді. Қағбаның екінші жағында, яғни, мүшріктер көре алмаған арт жағында кәдімгідей қалыпты жүріске салады. Риуаяттағы «Екі рүкіннің арасында қалыпты жүріспен жүрулерін бұйырды» деген сөз де осыны білдіреді. Яғни, Аллан елшісі екі үш айналымда рәмәл жасауды әмір еткенімен, шауттардың барлығында рәмәл жасап жүруді бұйырған жоқ. Әр айналымда тек мүшріктер көретін жеріне келгенде ғана жылдам жүріп, ал арт жағында қалыпты жүріске салатын. Ғалымдар бұлай жүрудің мүшріктерге күш-қуаты мол болып көрінуді көздегенін, кейін бұл үкімнің жойылғандығын айтады.

Алайда Алла елшісі һижреттің оныншы жылы Қоштасу қажылығында қара тастан бастап, қара тасқа келгенше шауттың басынан аяғына дейін рәмәл жасаған. Демек, қазір қажылықта рәмәл жасау Алла елшісінің қоштасу қажылығында жасаған рәмәлден сүннет болып қалған және алғашқы үш шауттың барлығында жасалады.

Рәмәлдің үкіміне қатысты ғалымдар әртүрлі пікір білдірген. Ибн Аббастың пікірінше рәмәл жасау қайталауды қажет ететін сүннет емес. Ол тек сол кездегі мүшріктерге қуатты көріну үшін жасалған. Сол себептен де қалаған адам жасай алады. Табиғиндерден Ата, Қасым және Сәлим рәмәлге қатысты Ибн Аббас секілді пікір білдіріп, «Қалаған адам жасайды, жасағысы келмесе жасамайды. Бұл мүбаһ амал» – деген. Алайда басқа ғалым сахабалар мен табиғиндер тауаптың алғашқы үш айналымында рәмәл жасаудың сүннет екендігіне бірауыздан келіскен. Бұл сүннетті тәрк еткен адамның тауабында еш нұқсандық болмайды, яғни, осыны тәрк еткені үшін құрбан шалудың қажеті жоқ.

Абдулла ибн Зубәйір рәмәлдің тауаптың жеті айналымында да сүннет екендігін айтқан. Хасан Басри, Суфиян Сәури, Мәликилерден Ибн Мажуишунның пікірінше рәмәл жасамаған адам құрбан шалуы қажет. Имам Мәлик те алғашында осындай үкім айтқан. Бірақ бұл үкімін кейінірек өзгерткен.

Рәмәлге сүннет деген көпшілік ғалымдар (Әзірет Омар, Ибн Омар, Ибн Масғуд, төрт мәзһаб имамы және т.б.) дәлел ретінде ардақты Пайғамбардың қоштасу қажылығындағы ісін көрсетеді. Пайғамбар қоштасу қажылығында алғашқы үш айналымда рәмәл жасап, кейінгі төртеуінде жүріп, «Менен қажылық рәсімдеріңді үйреніңдер» لِتَأْخُذُوا مَنَاسِكَكُمْ عَنَّى. деген.

9. Ғалымдар осы хадисике сүйене отырып: «Кәпірлерге қарсы қарулы және күшті көрініп, оларға сес көрсетудің рұқсат, сөзде ғана емес істе де айбындылық көрсету кей жағдайда рұқсат қана емес, қажет» деген.

  1. 1Бұхари, Хажж 55, Мағази, 43; Мүслим, Хажж 240, (1266); Тирмизи, Хажж 39, (863); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 51, (1886, 1889); Нәсәи, Қажылық 155, (5, 230).