Хадис

Кутуб ситтә, № 1308

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
158. Тәмәттуғ және қажылық ниетін умраға ауыстыру
Нөмірі
№ 1308 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 20
1308
Кутуб ситтә, № 1308 · тараудағы реті: 20

وَعَنْ أَبِي دَاوُدَ وَالنَّسَائِي. «فَقَالَ سُرَاقَةُ بْنُ مَالِكٍ: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَرَأْيْتَ مُتْعَتُنَا هَذِهِ لِعَامِنَا أَمْ لِلْأَبَدِ؟ فَقَالَ: بَلْ هِيَ لِلْأَبَدِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт пен Нәсәи жеткізген нұсқада Сурақа ибн Мәлик (р.а.): «Уа, Алла елшісі, бұл тәмәттуғ осы жылға ғана тән бе, әлде әрдайым рұқсат па?» – деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Әрдайым рұқсат», – деп жауап береді1.

Келтірілген дереккөздер № 1301–1308 аралығындағы сегіз риуаятқа қатысты.

Түсіндірме

1. Бұл риуаяттардың бәрі Алла елшісінің (с.а.с.) Қоштасу қажылығы туралы. Бір бөлігі ұзақ хадистің үзінділері. Қоштасу қажылығы һижраның оныншы жылы, Алла елшісі (с.а.с.) дүние салудан аз уақыт бұрын өтті. Бұл оның һижрадан кейін атқарған алғашқы әрі соңғы қажылығы еді.

2. Риуаяттардағы айырмашылық ғалымдардың әртүрлі пікір айтуына себеп болған. Қажылықтың һижрадан кейін парыз етілгеніне ғалымдар келіскен. Ал қай жылы парыз етілгеніне қатысты пікірлері әртүрлі. Бірі һижраның екінші, бірі оныншы жылы десе, енді бірі осы екеуінің арасындағы жылдарды атайды. Һижрадан бұрын парыз етілді деген хабар «шәз» саналған.

3. Қоштасу қажылығына көп адам қатысты. Сол жолы Алла елшісі (с.а.с.) Исламның негізгі шарттарының бірі қалай орындалатынын сахабаларына іс жүзінде көрсетті. Жаһилия дәуірінде де қажылық жасалған, бірақ оның рәсімі мен әдебін Исламға сай қалыптастыру маңызды еді. Қоштасу қажылығы осынысымен ерекшеленді. Сахабалардың оның егжей-тегжейін молынан жеткізгені де осыған байланысты болуы мүмкін.

Риуаяттардағы негізгі оқиғалар мынадай.

1) Қажылар Зулхуләйфада қажылыққа ниет етіп, ихрамға кірді.

2) Меккеге зұлхижжаның төртінші күні келді.

3) Меккеге жеткенде Алла елшісі (с.а.с.) құрбандық малы жоқтарға қажылық ниетін умраға өзгертуді, Бәйтулланы тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасауды, шашын қысқартып, ихрамнан шығуды бұйырды.

4) Бірақ қажылық үшін ниет етіп ихрамға кірген сахабалар бұл әмірге таңырқап, әмірді орындағысы келмей, бірден қабылдай алмайды. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құрбандық әкелмегенімде, мен де ихрамнан шығар едім. Бірақ құрбан, шалынатын орынға (Минаға) бармайынша менің ихрамнан шығуым адал болмайды», – дейді. Өйткені Құранда келген аяттың үкімі осылай еді. Ақыры Расулалланың талабы бойынша сахабалар ихрамнан шығады. Ихрамды адамға харам, ихрамсыз адамға мубах саналатын әрекеттерді жасайды. Мәселен, әдеттегі тігісі бар киімімдерін кию, хош иіс жағу, жұбайларымен бірге болу т.б.

Міне, тәмәттуғ қажылық немесе мутға деген осы. Олай болса, тәмәттуғ қажылығы умра жасағаннан кейін ихрамнан шығып, белгілі уақыт әдеттегідей тіршілік жасап, кейін қажылық уақыты келгенде қайтадан қажылық жасау үшін ихрамға кіріп рәсімдерін атқару.

5) Сахабалардың қарсылығы үш себептен туындаған:

а) Әу баста қажылыққа ниет еткендерге оны умраға ауыстыру тосын көрінді.

ә) Жаһилия дәуірінде қажылық айларында умра жасау үлкен күнә саналған. Бұл келесі риуаятта айтылады.

б) Қажылар Меккеге зұлхижжаның төртінші күні келген еді. Сегізінші күні қайта ихрамға кіру керек болды. Олар осы үш-төрт күнге бола ихрамнан шығып, ғибадатқа ден қойған көңілді бөлудің қажеті бар ма деп ойлады.

6. «Қажылық үшін жасалған ниетті әр адам кез келген уақытта умраға өзгертуіне рұқсат па?» деген мәселеге ғалымдардың көбі «Жоқ!» деп жауап берген. Бұл әрекет тек сахабаларға ғана тән, олардан кейін келген мұсылмандарға үкімі жарамайды.

7. Риуаятта әзірет Айшаның (р.а.) умра тауабын жасаудан бұрын хайыз болғаны айтылған. Сол себеп арқылы Расулалла жалпы әйелдерге қатысты маңызды бір мәселенің үкімін қойған. Хайыз болған әйел тауаптан басқа қажылықтың барлық рәсімдерін орындай алады. Тазарғаннан кейін тауап жасап, егер көңілі қаласа умра да жасау арқылы қажылығын толық орындайды. Әзірет Айша умра жасау үшін бауырымен Тәнғимге барып қайтадан ихрамға кірген.

Қоштасу қажылығы туралы өзге де хабарлар бар. Мұнда осы сегіз риуаят қамтыған негізгі оқиғалар берілді.

  1. 1Бұхари, Хажж 81, 32, 34, 35, Умра 6, 15, Мағази 61, Тәманни, 3, 27; Мүслим, Хажж 1213–1216 арасындағы риуаяттар); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 23, (1785–1789 арасындағы риуаяттар); Нәсәи, Хажж 77, (5, 178.179).