وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «الصِّيَامُ لِمَنْ تَمَتَّعَ بِالْعُمْرَةِ إِلَي الْحَجِّ لِمَنْ لَمْ يَجِدْ هَدْيًا مَا بَيْنَ أَنْ يُهِلَّ بِالْحَجِّ إِلَى يَوْمِ عَرَفَةَ فَإِنْ لَمْ يَصُمْ صَامَ أَيَّامَ مِنىً. وَكَانَ ابْن عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَقُولُ ذَلِكَ». أَخَرَجَ هَذِهِ الْأَحَادِيثَ الثَلَاثَةُ وَمَالِكٌ.
Айша (р.а.) былай деген: «Умра жасап, қажылыққа дейін тәмәттуғта болған кісі қажылыққа ихрамға кіргеннен Арафа күніне дейін құрбандық таба алмаса, ораза ұстайды. Оразасын сол кезде ұстай алмаса, Мина күндерінде ұстайды». Ибн Омар (р.а.) да осылай үкім берген1.
Түсіндірме
Риуаят қажылық үшін ихрамға кірмейінше тәмәттуғ құрбаны уәжіп болмайтынын білдіреді. Ихрамға кірген соң құрбандық малын Арафа күніне дейін таба алмаса, қажы ораза ұстай алады. Бұрын ұстамаған жағдайда алғашқы үш күнін Құрбан айттың бірінші күнінен кейінгі Мина күндерінде, қалған жеті күнін еліне қайтқан соң ұстайды.
Риуаяттан Айшаның Құрбан айттың бірінші күніне дейін ораза ұстауды абзал көргені аңғарылады. Оның түсіндіруінше, осы күнге дейін ораза ұсталмаса, қажы оны кейінгі Мина күндерінде өтей алады. Мина күндеріндегі рұқсат осы міндетін ертерек өтей алмаған кісіге қатысты. Айша мұны аяттағы ﴿فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَصِيَامُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ فِي الْحَجِّ﴾ «Ал кім шалатын құрбандық таба алмаса, үш күн қажылықта... ораза ұстасын» деген сөздермен түсіндірген2.
Шәфиғилердің кейбірі кейін ұсталған оразаны қаза санаған. Зурқанидің жеткізуінше, мәзһаб ғалымдары оны ертерек ұстауды абзал көргенімен, кейін ұстаған адамды да оразасын уақытында өтеген деп есептеген.