وَعَنْ عكْرِمَةَ قَالَ: «سُئِلَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَنْ مُتْعَةِ الْحَجِّ. فَقَالَ أَهَلَّ الْمُهَاجِرُونَ وَالأَنْصَارُ وَأَزْوَاجُ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ وَأَهْلَلْنَا؛ فَلَمَّا قَدِمْنَا مَكَّةَ قَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اجْعَلُوا إِهْلَالَكُمْ بِالْحَجِّ عُمْرَةَ إِلَّا مَنْ قَلَّدَ الْهَدْىَ فَطُفْنَا بِالْبَيْتِ وَبِالصَّفَا وَالْمَرْوَةِ، وَأَتَيْنَا النِّسَاءَ، وَلَبِسْنَا الثِّيَابَ. وَقَالَ: مَنْ قَلَّدَ الْهَدْىَ فَإِنَّهُ لَا يُحِلُّ حَتَّى يَبْلُغَ الْهَدْىُ مَحِلَّهُ. ثُمَّ أَمَرَنَا عَشِيَّةَ التَّرْوِيَةِ أَنْ نُهِلَّ بِالْحَجِّ فَإِذَا فَرَغْنَا مِنَ الْمَنَاسِكِ جِئْنَا فَطُفْنَا بِالْبَيْتِ وَالصَّفَا وَالْمَرْوَةِ، وَقَدْ تَمَّ حَجُّنَا وَعَلَيْنَا الْهَدْىُ كَمَا قَالَ تَعَالَى: ﴿فَمَا اسْتَيْسَرَ مِنَ الْهَدْيِ﴾ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَعَاليقًا.
Икрима былай дейді: «Ибн Аббастан (р.а.) қажылықтағы мутға туралы сұралғанда, ол былай жауап берді: “Қоштасу қажылығында мұһажирлер, ансарлар және Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайлары ихрамға кірді, біз де кірдік. Меккеге жеткенде Алла елшісі (с.а.с.) құрбандық малын белгілегендерден басқасына қажылық ниетін умраға өзгертуді бұйырды. Бәйтулланы тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасадық. Ихрамнан шыққан соң жұбайларымызға жақындасып, әдеттегі киімімізді кидік. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Құрбандық малын белгілегендер оны шалатын жеріне жеткенше ихрамнан шықпасын’, – деді.
Тәруия күні кешке қажылық үшін қайта ихрамға кіруді бұйырды. Қажылық рәсімдерін аяқтаған соң Меккеге оралып, Бәйтулланы тауап еттік, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасадық. Осылайша қажылығымыз аяқталды. ﴿وَأَتِمُّوا الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ لِلَّهِ فَإِنْ أُحْصِرْتُمْ فَمَا اسْتَيْسَرَ مِنَ الْهَدْيِ﴾ ‘Қажылық парызы мен ұмраны Алла разылығы үшін өтеңдер. Егер бір себеппен жолдарың бөгеліп, толық атқара алмасаңдар, жағдайларыңа қарай бір құрбандық атаңдар...’1 деген аятқа сай, мойнымызда бір құрбандық міндеті қалды”»2.
Түсіндірме
1. «Мутғатул-хажж» тәмәттуғ қажылығын білдіреді. Кісі алдымен умраға ниет етіп, оны атқарған соң ихрамнан шығады. Қажылық уақыты келгенде қайтадан ихрамға кіреді. Қазақстаннан баратын қажылардың көбі осы түрін атқарады. Риуаятта Қоштасу қажылығындағы кей сахабалардың да осылай істегені айтылады.
2. «Құрбандық белгілеген» деген сөз шалатын малын әзірлеген кісіні білдіреді. Малдың құрбандыққа арналғанын жұрт білсін деп, оған белгі салады.
3. Сахабалар әуелі ифрадқа ниет етсе де, кейін Алла елшісінің (с.а.с.) әмірімен оны умраға ауыстырған. Мұндай өзгерту сол қажылықтағы сахабаларға тән болғаны және үкімнің кейін күші жойылғаны алдыңғы түсіндірмеде айтылды.
4. Ибн Аббас (р.а.) қажылықта шалынатын құрбанды шүкір құрбаны емес, қажылықтағы тәмәттуғта (пайдалануда) туындаған кемшіліктердің өтемі үшін шалынатын құрбан деп санаған. Сондықтан риуаятының соңында: «Қажылығымыз аяқталды, бірақ аятта бұйырылғандай, мойнымызда бір құрбан борышымыз қалған еді» деп айтқан.