وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ قَالَ: «لَقَدْ تَمَتَّعْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَهَذَا يَعْنِي مُعَاوِيَةَ كَافِرٌ بِالْعُرْشِ يَعْنِي بِالْعُرْشِ بُيُوتِ مَكَّةَ فِي الْجَاهِليةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمِ.
Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) былай деген: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге тәмәттуғ атқарғанымызда, мына Муғауия Ғұршта әлі кәпір еді». «Ғұрш» деп жаһилия кезіндегі Мекке үйлері аталған1.
Түсіндірме
1. «Ғұрш» – жерге қағылған ағаштардан жасалған күркенің көпше атауы. Мекке үйлері осылай салынып, адамға сая болғандықтан, солай аталған.
2. Муғауияға әзірет Сағдтың: «Ол ол күндерде кәпір еді» деп айтуы, тарихи бір шындықтың белгісі. Өйткені әзірет Муғауия (р.а.) Исламды кейін қабылдаған, яғни һижреттің сегізінші жылы. Сағд айтқан тәмәттуғ қажылық, һижреттің жетінші жылында жасалған умра қазасы болатын. Жоғарыда да айтқанымыздай, арабтар умраны да қажылық деп айтады. Парыз қажылық пен умраның арасын ажырату үшін умраны «асғар қажылық (кіші қажылық)», ал парыз қажылықты «әкбар қажылық (үлкен қажылық)» деп атаған. Муғауия мұсылман болғаннан кейін, үнемі Мәдинада болып, Расулалладан (с.а.с.) бір елі ажырамаған. Сондықтан осындай үкім беруі мүмкін.
3. Бұл риуаят та қажылықта тәмәттуғ атқаруға рұқсат екеніне дәлел ретінде келтірілген.
- 1Мүслим, Хажж 164, (1225); Муатта, Хажж 60, (1, 344); Тирмизи, Хажж 12, (823); Нәсәи, Хажж 50, (5, 152.153).