Хадис

Кутуб ситтә, № 1283

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
157. Қиран қажылығы
Нөмірі
№ 1283 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1283
Кутуб ситтә, № 1283 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ أَبِي وَائِلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «قَالَ الصُّبَيُّ بْنُ مَعْبَدٍ: كُنْتُ رَجُلًا أَعْرَابِيًّا نَصْرَانِيًّا فَأَسْلَمْتُ وَأَتَيْتُ رَجُلًا مِنْ عَشِيرَتى يُقَالُ لَهُ هُذَيْمٌ بْنُ ثُرْمُلَةَ. فَقُلْتُ: يَاهَنَاهُ إِنِّي حَرِيصٌ عَلَى الْجِهَادِ، وَإِنِّي وَجَدْتُ الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ مَكْتُوبَيْنِ عَلَيَّ فَكَيْفَ لِي بأَنْ أَجْمَعَ بَيْنَهُمَا؟ فَقَالَ اِجْمَعْهُمَا وَاذْبَحْ مَا تَيسَّرَ مِنَ الْهَدْىِ. فَأَهْلَلْتُ بِهِمَا فَلَمَّا أَتَيْتُ الْعُذَيْبَ لَقِيَنِي سَلْمَانُ بْنُ رَبِيعَةَ وَزَيْدٌ بْنُ صُوحَانَ وَأَنَا أُهِلُّ بِهَمَا مَعًا فَقَالَ أَحَدُهُمَا لِلْآخَرِ: مَا هَذَا بِأَفَقَهَ مِنْ بَعِيرِهِ. قَالَ: فَكَأَنَّمَا أُلْقِيَ عَلَيَّ جَبَلٌ حَتَّى أَتَيْتُ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَأَعَدْتُ عَلَيْهِ الْقِصَّةَ وَأَنَا أُهِلُّ بِهِمَا جَمِيعًا. فَقَالَ عُمَرُ: هُدِيتَ لِسُنَّةِ نَبِيِّكَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Уаил әс-Субай ибн Мағбәдтің мына сөзін жеткізеді: «Христиан бәдәуи едім. Кейін мұсылман болдым. Тайпамдағы Хузәйм ибн Сурмуләға барып: “Жиһадқа ынтықпын. Қажылық пен умраны да міндетім деп білдім. Екеуін қалай бірге атқарсам болады?” – деп сұрадым. Ол: “Екеуін бірге атқар да, шамаңа қарай құрбан шал”, – деді. Екеуіне бірдей ниет етіп, ихрамға кірдім. Ғузәйбәға келгенде Салман ибн Рабиға мен Зәйд ибн Суханды кездестірдім. Сол кезде екеуі үшін де тәлбия айтып келе жаттым. Олардың бірі екіншісіне: “Мына кісінің түсінігі мінген түйесінен де кем”, – деді. Бұл сөзді естігенде төбемнен жай түскендей болды. Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) барып, мән-жайды айттым. Сол кезде де екі ғибадат үшін тәлбия айтып тұрдым. Ол: “Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне сай жол тапқан екенсің”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят Омардың қиранды құптағанын көрсетеді. № 1279 риуаятта оның қажылық пен умраны бөлек атқаруды айтқаны келтірілген. Бұл жолы ол Субайға: «Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне сай жол тапқан екенсің», – деп, екі ғибадатты біріктірудің де сүннетке сай екенін растаған. Яғни, Субай пәтуа берген кісі арқылы Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне жол тапқан.

2. Ғалымдардың түсіндіруінше, Омар кей жағдайларда қажылық пен умраны біріктіруге рұқсат берген. Алла елшісінің (с.а.с.) де осындай жағдайларды ескергенін білген болуы мүмкін. Сондықтан екі ғибадатты біріктіру қажет болғанда, сол кісі үшін қиранды сүннет санаған.

3. Субайға айтылған «Мына кісінің түсінігі мінген түйесінен де кем» деген сөз Омардың қажылық пен умраны бөлек атқару туралы үкімін жұрттың бәрі біледі, ал мына адам одан әлі бейхабар дегенді меңзейді.

Нәсәидің нұсқасында: «Сен мына түйеңнен де абдыраған екенсің», – делінген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 24 (№ 1799). Нәсәи, «Хаж», 49 (5/146–147). Ибн Мәжа, «Хаж», 38 (№ 2970).