Хадис

Қиран қажылығы

Кутуб ситтә, 4-том, 157-тарау · 7 хадис · № 1282–1288

ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ УМРА

Хадистер

«Қиран» сөзі «екі нәрсені қосу, біріктіру» деген мағынадағы قَرَنَ етістігінен шыққан. Шариғатта ол қажылық пен умраны бір ихраммен атқаруды білдіреді. Имам Ағзам осы түрін ең абзал қажылық санаған.

1282
Кутуб ситтә, № 1282 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُلَبِّي بِالْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ جَمِيعًا. قَالَ: بَكْرُ بْنُ عَبْدِاللَّهِ الْمزَنِيُّ فَحَدَّثْتُ بِذَلِكَ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: لَبَّى بِالْحَجِّ مُفْرِدًا وَحْدَهُ. قَالَ: فَلَقِيتُ أَنَسًا فَحَدّثْتُهُ بِذَلِكَ. فَقَالَ: مَا تَعُدُّونَا إِلَّا صِبْيَانًا سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: لَبَّيْكَ عُمْرَةً وَحَجًّا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) қажылыққа да, умраға да ниет етіп, тәлбия айтқанын естідім», – деген.

Бәкр ибн Абдулла әл-Музәни былай дейді: «Мен мұны Абдулла ибн Омарға (р.а.) айттым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) қажылық үшін ғана тәлбия айтты”, – деді».

«Әнәсті (р.а.) қайта кездестіріп, оған Ибн Омардың сөзін жеткіздім. Ол: “Бізді бала көресіңдер ме?! Алла елшісінің (с.а.с.) қажылық пен умра үшін тәлбия айтқанын өз құлағыммен естідім”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят № 1278-де келтірілген Айшаның хабарына сырттай қайшы көрінеді. Онда Алла елшісінің (с.а.с.) ифрад, мұнда қиран жасағаны айтылған. Ғалымдардың бір түсіндіруінше, Алла елшісі (с.а.с.) әуелі қажылыққа ниет етіп, кейін оған умраны қосқан. Айша алғашқы ниетін, Әнәс кейінгі тәлбиясын жеткізген болуы мүмкін. Әнәс алғашқы тәлбияны естімеген болуы ықтимал. Мүслим жинағына түсіндірме жазған Нәуәуи Әнәстің риуаятын басқа хабарлармен осылай сабақтастыра түсіндіру керектігін айтқан.

2. Қиранды абзал санағандар осы риуаятқа сүйенеді. Онда Алла елшісінің (с.а.с.) осы қажылығын қиран түрінде атқарғаны айтылады.

  1. 1Бұхари, Тақсирус-салат 5, Хажж 24, 25, 27, 117, 119, Жиһад 104, 126; Мүслим, Хажж 185, (1232); Әбу Дәуіт, Хажж 24, (1795); Тирмизи, Хажж 11, (821); Нәсәи, Хажж 49, (5, 150); ибн Мәжа, Хажж 38, (2968, 2969).
1283
Кутуб ситтә, № 1283 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ أَبِي وَائِلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «قَالَ الصُّبَيُّ بْنُ مَعْبَدٍ: كُنْتُ رَجُلًا أَعْرَابِيًّا نَصْرَانِيًّا فَأَسْلَمْتُ وَأَتَيْتُ رَجُلًا مِنْ عَشِيرَتى يُقَالُ لَهُ هُذَيْمٌ بْنُ ثُرْمُلَةَ. فَقُلْتُ: يَاهَنَاهُ إِنِّي حَرِيصٌ عَلَى الْجِهَادِ، وَإِنِّي وَجَدْتُ الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ مَكْتُوبَيْنِ عَلَيَّ فَكَيْفَ لِي بأَنْ أَجْمَعَ بَيْنَهُمَا؟ فَقَالَ اِجْمَعْهُمَا وَاذْبَحْ مَا تَيسَّرَ مِنَ الْهَدْىِ. فَأَهْلَلْتُ بِهِمَا فَلَمَّا أَتَيْتُ الْعُذَيْبَ لَقِيَنِي سَلْمَانُ بْنُ رَبِيعَةَ وَزَيْدٌ بْنُ صُوحَانَ وَأَنَا أُهِلُّ بِهَمَا مَعًا فَقَالَ أَحَدُهُمَا لِلْآخَرِ: مَا هَذَا بِأَفَقَهَ مِنْ بَعِيرِهِ. قَالَ: فَكَأَنَّمَا أُلْقِيَ عَلَيَّ جَبَلٌ حَتَّى أَتَيْتُ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَأَعَدْتُ عَلَيْهِ الْقِصَّةَ وَأَنَا أُهِلُّ بِهِمَا جَمِيعًا. فَقَالَ عُمَرُ: هُدِيتَ لِسُنَّةِ نَبِيِّكَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Уаил әс-Субай ибн Мағбәдтің мына сөзін жеткізеді: «Христиан бәдәуи едім. Кейін мұсылман болдым. Тайпамдағы Хузәйм ибн Сурмуләға барып: “Жиһадқа ынтықпын. Қажылық пен умраны да міндетім деп білдім. Екеуін қалай бірге атқарсам болады?” – деп сұрадым. Ол: “Екеуін бірге атқар да, шамаңа қарай құрбан шал”, – деді. Екеуіне бірдей ниет етіп, ихрамға кірдім. Ғузәйбәға келгенде Салман ибн Рабиға мен Зәйд ибн Суханды кездестірдім. Сол кезде екеуі үшін де тәлбия айтып келе жаттым. Олардың бірі екіншісіне: “Мына кісінің түсінігі мінген түйесінен де кем”, – деді. Бұл сөзді естігенде төбемнен жай түскендей болды. Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) барып, мән-жайды айттым. Сол кезде де екі ғибадат үшін тәлбия айтып тұрдым. Ол: “Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне сай жол тапқан екенсің”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят Омардың қиранды құптағанын көрсетеді. № 1279 риуаятта оның қажылық пен умраны бөлек атқаруды айтқаны келтірілген. Бұл жолы ол Субайға: «Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне сай жол тапқан екенсің», – деп, екі ғибадатты біріктірудің де сүннетке сай екенін растаған. Яғни, Субай пәтуа берген кісі арқылы Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне жол тапқан.

2. Ғалымдардың түсіндіруінше, Омар кей жағдайларда қажылық пен умраны біріктіруге рұқсат берген. Алла елшісінің (с.а.с.) де осындай жағдайларды ескергенін білген болуы мүмкін. Сондықтан екі ғибадатты біріктіру қажет болғанда, сол кісі үшін қиранды сүннет санаған.

3. Субайға айтылған «Мына кісінің түсінігі мінген түйесінен де кем» деген сөз Омардың қажылық пен умраны бөлек атқару туралы үкімін жұрттың бәрі біледі, ал мына адам одан әлі бейхабар дегенді меңзейді.

Нәсәидің нұсқасында: «Сен мына түйеңнен де абдыраған екенсің», – делінген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 24 (№ 1799). Нәсәи, «Хаж», 49 (5/146–147). Ибн Мәжа, «Хаж», 38 (№ 2970).
1284
Кутуб ситтә, № 1284 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ جَعْفَرَ بْنِ مُحَمَّدٍ عَنْ أَبِيهِ. «أَنَّ الْمِقْدَادَ ابْنَ الْأَسْوَدَ دَخَلَ عَلَيَّ عَلَيُّ ابْنُ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا بِالسُّقْيَا. وَهُوَ يَنْجَعُ بَكَرَاتٍ لَهُ دَقِيقًا وَخَبْطًا. فَقَالَ: هَذَا عُثْمَانُ بْنُ عَفَّانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَنْهَى أَنْ يُقْرَنَ بَيْنَ الْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ. فَخَرَجَ عَلَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَعَلَى يَدِهِ أَثَرُ الدَّقِيقِ وَالْخَبَطِ، فَمَا أَنْسَى الْخَبَطَ وَالدَّقِيقَ عَلَى ذِرَاعَيْهِ، حَتَّى دَخَلَ عَلَى عُثْمَانَ. فَقَالَ: أَنْتَ تَنْهَى أَنْ يُقْرَنَ بَيْنَ الْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ؟ فَقَالَ عُثْمَانُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: ذَلِكَ رَأْيِي فَخَرَجَ عَلَى مُغْضِبًا وَهُوَ يَقُولُ: لَبَّيْكَ اللَّهُمَّ بِحَجٍّ وَعُمْرَةٍ مَعًا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «يَنْجَعُ» أَىْ يُعْلِفُهَا النَجِيعَ وَهُوَ خَبْطُ يُضْرِبُ بِالدَّقِيقِ وَالْمَاءِ وَيُوجِرُ الْجُمَلَ. «والْخَبَط» وَرَقٌ يَتَنَاثُرُ مِنَ الشَّجَرَةِ إِذَا ضَرَبَتْ بِالْعَصَا، وَهُوَ مِنْ عِلْفِ الدَّوَابِّ.

Қазақша аудармасы

Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен мына хабарды жеткізеді: «Миқдад ибн әл-Әсуад әс-Суқияда Әли ибн Әбу Талибке (р.а.) келді. Әли жас түйелеріне ұн мен жапырақ аралас жем беріп жатыр еді. Миқдад: “Осман ибн Аффан (р.а.) қажылық пен умраны бірге атқаруға тыйым салыпты”, – деді. Әли қолына жабысқан ұн мен жапырақты сүртпестен сыртқа шықты. Білегіндегі ұн мен жапырақ әлі есімде. Ол Османға барып: “Қажылық пен умраны қосуға сен тыйым салдың ба?” – деп сұрады. Осман: “Бұл – менің пікірім”, – деді. Әли ашуланып шығып бара жатып: “Уа, Алла, қажылық пен умраны бірге атқаруға шақыруыңа құлдық!” – деп тәлбия айтты»1.

Түсіндірме

1. Зурқанидің түсіндіруінше, «хабат» – ағашты таяқпен ұрып түсірген жапырақ. Оны ұнға не басқа дақылға араластырып, су қосады да, малға береді.

2. Мүслимде Сағид ибн әл-Мусәйябтен жеткен нұсқа бар. Онда Әли Османға (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) атқарған іске неге тыйым саласың?» – дейді. Осман: «Бізді жайымызға қалдыр», – дегенде, Әли: «Бұл мәселені осылай қалдыра алмаймын», – деп жауап береді.

3. Автордың түсіндіруінше, Әлидің ашулануына Османның жеке пікіріне сүйеніп, сүннетке қайшы келген үкім айтуы себеп болған. Нәсәидегі риуаятта Османның өз пікірінен қайтқаны байқалады.

فَلَبَّى عَلِيٌّ وَأَصْحَابُهُ بِالْعُمْرَةِ فَلَمْ يَنْهَهُمْ عُثْمَانُ فَقَالَ عَلِيٌّ أَلَمْ تَسْمَعْ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ تَمَتَّعَ؟ قَالَ: بَلَى

«Әли мен оның қасындағылар умра ниетімен тәлбия айтты. Осман оларға тыйым салмады. Әли: “Алла елшісінің (с.а.с.) тәмәттуғ жасағанын естімедің бе?” – деп сұрағанда, Осман: “Иә, естідім”, – деді».

  1. 1Муатта, Хажж 40,(1, 336).
1285
Кутуб ситтә, № 1285 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَرَنَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ فَطَافَ لَهُمَا طَوَافًا وَاحِدًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) қажылық пен умраны біріктіріп, екеуіне бір тауап жасады»1, – деген.

Түсіндірме

Бұл хадис қиран қажылық жасаған адамға умра мен қажылыққа ниет етіп бір тауап жасаудың жеткілікті екенін баян етеді. Ғалымдардың көпшілігі (Ахмад ибн Ханбал, Имам Шәфиғи және Имам Мәлик) осы хадис бойынша амал етіп, умра мен қажылық үшін қиран қажылық жасаушыға бір тауап және бір сағидың жеткілікті екенін айтқан.

Әузағи, Сәури, Шағби, Ибраһим Нәхаи, Әбу Ханифа және осы мазһаб өкілдері бұл хадиске амал етпейді. Олардың пікірі бойынша умра үшін жеке тауап, жеке сағи, ал қажылық үшін жеке тауап, жеке сағи жасау қажет. Яғни, қиран қажылық жасаушы, екі тауап, екі сағи жасауы қажет. Бұлар дәлел ретінде әзірет Алиден жеткен бір риуаятқа сүйенген. Бұл риуаят бойынша әзірет Али қажылық пен умраны біріктіріп атқарған. Бірақ екі тауап, екі сағи жасап былай деген: «Расулалланың (с.а.с.) осылай қажылық жасағанын көрдім».

Бір тауап жасауға үкім шығарған ғалымдардың көпшілігі әзірет Али және ибн Мәсғудтан риуаят етілген «екі тауапқа» қатысты риуаяттарды «қудум тауабы мен ифада тауабына» қатысты деп қараған. (№1387-хадиске де қараңыз). Ақиқатын Алла біледі.

  1. 1Тирмизи, Хажж 102, (947); Нәсәи, Хажж 144, (5, 226); ибн Мәжа, Мәнәсик 39, (2973).
1286
Кутуб ситтә, № 1286 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: مَنْ جَمَعَ بَيْنَ الْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ كَفَاهُ طَوَافٌ وَاحِدٌ وَلَمْ يُحِلَّ حَتَّى يُحِلَّ مِنْهُمَا جَمِيعًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ وَهَذَا لَفْظُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.): «Қажылық пен умраны қосып атқарған адамға бір тауап жеткілікті. Екеуінің ихрамынан да бір мезгілде шығады»1, – деген.

  1. 1Бұхари, Хажж 77, 105, Мухсар 1,3, 4, Мағази 35; Мүслим, Хажж 181, (1230); Тирмизи, Хажж 102, (947); Нәсәи, Хажж 144, (5, 225.226); ибн Мәжа, Мәнәсик 39, (2975).
1287
Кутуб ситтә, № 1287 · тараудағы реті: 6

وَعِنْدَ التِّرْمِذِيُّ: «مَنْ أَحْرَمَ بِالْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ أَجْزَأَهُ طَوَافٌ وَاحِدٌ وَسَعْىٌ وَاحِدٌ مِنْهُمَا حَتَّى يُحِلَّ مِنْهُمَا جَمِيعًا».

Қазақша аудармасы

Тирмизидегі риуаятта: «Қажылық пен умра үшін бірге ихрамға кірген кісіге бір тауап пен бір сағи жеткілікті. Екеуінің ихрамынан да бірге шығады», – делінген.1

№ 1286–1287 риуаяттардың түсіндірмесі № 1285-те берілді.

  1. 1Тирмизи, Хажж 102, (948); ибн Мәжа, Мәнәсик 39, (2975).
1288
Кутуб ситтә, № 1288 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ نَافِعٍ: «أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عَبْدِ اللَّهِ وَسَالِمَ بْنَ عَبْدِاللَّهِ كَلَّمَا عَبْدَ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا حِينَ نَزَلَ الْحَجَّاجُ لِقِتَالِ ابْنِ الزُّبَيْرِ. فَقَالَا: لَا يَضُرَّكَ أَنْ لَا تَحُجَّ الْعَامَ فَإِنَّا نَخْشَى أَنْ يَكُونَ بَيْنَ النَّاسِ قِتَالٌ يُحَالُ بَيْنَكَ وَبَيْنَ الْبَيْتِ. قَالَ: إِنْ حِيلَ بَيْنِي وَبَيْنَ الْبَيْتِ فَعَلْتُ كَمَا فَعَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ حَالَتْ قُرَيْشٌ بَيْنَهُ وَبَيْنَ الْبَيْتِ. أُشْهِدُكُمْ أَنِّي قَدْ أَوْجبْتُ عُمْرَةً. فَانْطَلَقَ حَتَّى أَتَى ذَا الْحُلَيْفَةِ فَلَبَّى بِالْعُمْرَةِ. ثُمَّ قَالَ: إِنْ خُلِّيَ سَبِيلِي قَضَيْتُ عُمْرَةً، وَإِنْ حِيلَ بَيْنِي وَبَيْنَهُ فَعَلْتُ كَمَا فَعَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، ثُمَّ تَلَا: لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولُ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ. ثُمَّ سَارَ حَتَّى إِذَا كَانَ بِظَهْرِ الْبَيْدَاءِ قَالَ: مَا أَمْرُهُمَا إِلَّا وَاحِدٌ. إِنْ حِيلَ بَيْنِي وَبَيْنَ الْعُمْرَةِ حِيلَ بَيْنِي وَبَيْنَ الْحَجِّ. أُشْهِدُكُمْ إِنِّي قَدْ أَوْجَبْتُ حَجَّة مَعَ عُمْرَتِي. فَانْطَلَقَ حَتَّى ابْتَاعَ بِقَدِيدٍ هَدْيًا، ثُمَّ طَافَ لَهُمَا طَوَافًا وَاحِدًا. وَفِي رِوَايَةٍ: ثُمَّ انْطَلَقَ يُهِلُّ بِهِمَا جَمِيعًا حَتَّى قَدِمَ مَكَّةَ، وَطَافَ بِالْبَيْتِ، وَبِالصَّفَا وَالْمَرْوَةِ، وَلَمْ يزِدْ عَلَى ذَلِكَ، وَلَمْ يَنْحَرْ، وَلَمْ يَحْلِقْ، وَلَمْ يُقَصّرْ، وَلَمْ يُحَلِّلْ مِنْ شَيْءٍ حَرُمَ عَلَيْهِ حَتَّى كَانَ يَوْمُ النَّحْرِ فَنَحْرَ وَحَلَقَ وَرَأْى أَنْ قَضَى طَوَافَ الْحجِّ وَالعُمْرةِ بِطَوافِهِ الْأَوَّلِ، وَقَالَ كَذَلِكَ فَعَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ». زَادَ فِي رِوَايَة: وَأَهْدَى أَخْرَجَهُ الثَلَاثَةُ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай дейді: «Хажжаж Ибн Зубәйрмен (р.а.) соғысу үшін Меккеге келгенде, Абдулла ибн Абдулла мен Сәлим ибн Абдулла әкесі Ибн Омарға (р.а.): “Биыл қажылыққа бармай қалсаңыз, оқасы жоқ. Ел ішінде соғыс шығып, Бәйтуллаға жолыңызды бөгей ме деп қорқамыз”, – деді. Ибн Омар: “Жолымды бөгесе, құрайыштар Бәйтуллаға жолын бөгегенде Алла елшісі (с.а.с.) қалай істесе, мен де солай істеймін. Куә болыңдар, умраға ниет еттім”, – деді. Зулхуләйфаға барып, умраға тәлбия айтты. Сосын: “Жолым бөгелмесе, умрамды атқарамын. Ал жолымды бөгесе, Алла елшісі (с.а.с.) істегенді істеймін”, – деп, ﴿لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ﴾ ‘Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін … теңдессіз үлгі-өнеге бар’ деген аятты оқыды».1

Одан әрі жүріп, Бәйдаға жетті. Сол жерде: «Қажылық пен умраның үкімі бір. Умрама тосқауыл қойылса, қажылығыма да тосқауыл қойылғаны. Куә болыңдар, умрамен бірге қажылыққа да ниет еттім», – деді. Жолын жалғастырып, Қудайдтан бір құрбандық мал алды. Меккеге келген соң қажылық пен умраға бір тауап жасады.

Басқа нұсқада: «Ол қажылық пен умраға бірдей ихрамға кіріп, Меккеге келді. Бәйтулланы тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасады. Бұдан артық амал істемеді. Құрбан шалмады, шашын тықырлап алмады да, қысқартпады да. Ихрамдағы тыйымдардың ешбірін бұзбастан, Құрбан айт күніне дейін сол күйде қалды. Сол күні құрбан шалып, шашын алдырды. Алғашқы тауабы қажылық пен умраның екеуіне де жеткілікті деп санады.

Соңында: “Алла елшісі (с.а.с.) осылай атқарған”, – деді», – делінген2. Бір нұсқада оның һәди шалғаны да айтылған.

Түсіндірме

1. Хадисте айтылған Залым Хажжажға қатысты оқиғаның қысқаша түйіні мынадай: Абдулла ибн Зубәйр (р.а.) Әмауи халифасы Абдулмәлик ибн Мәруанның халифа болғанын мойындамай, Меккеде өзінің халифалығын жариялаған болатын. Абдулмәлик оның бұл қыңырлығын масқара ету үшін Хажжаж бастаған әскери қолды Меккеге жіберді. Хажжаж Меккеге келіп, айналасын қоршауға алды да, тас ататын зеңбіректермен қасиетті Харам мешітін таспен атқылай бастады. Бұл оқиға қажылық мезгіліне дөп келген еді. Абдулла ибн Омардың (р.а.) өтініші бойынша Хажжаж қажылық аяқталғанға дейін Харам мешітіндегі қоршауды кейін жылжытты. Қажылық рәсімдері аяқталған кезде Хажжаж қажыларға жылдам Меккеден шығуларын және өз елдеріне қайтуларын әмір етті. Содан кейін Харам мешітіне зеңбіректермен тас атуды қайта бастады. Оқтай ұшқан тастар Қағбаға да тиіп, Қағбаны қиратты. Шайқас әзірет Абдулла ибн Зубәйірдің шейіт болуымен аяқталды. Бұл оқиға һижреттің 73-жылы орын алды.

2. Ибн Омарға қажылыққа бармауға кеңес берген Сәлим мен Абдулла оның ұлдары еді.

3. Бірақ ибн Омар ол ұсынысты қабыл етпейді. Ол егер алда-жалда өзіне тосқауыл бола қалса, Алла елшісінің (с.а.с.) умра жасау ниетімен шыққан кезде тосқауыл болған Худайбия оқиғасындай болар деп топшылады. Ол кезде Расулалла мен сахабалары умра жасай алмай кері қайтқан болатын. Бірақ мұсылмандар умра жасаған сияқты ихрамнан шығып, құрбан шалып, шаш алдырған болатын.

4. Бұл риуаят қиран қажылығына бір тауап пен бір сағи жеткілікті деген пікірге дәлел болған. Мәселенің түсіндірмесі № 1285 хадисте берілді.

5. Бәйда – Зулхуләйфадағы ашық дала. Қудайд – Мекке мен Мәдинаның арасындағы мекен.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 21-аят.
  2. 2Бұхари, Хажж 77, 105, Мухсар 1, 3, 4, Мағази 35; Мүслим, Хажж 180.183, (1230); Муатта, Хажж 42, (1, 337); Нәсәи, Хажж 53, (5, 158), 144, (5, 226).