وَعَنِ ابْنِ سِيرِينَ قَالَ: «قَالَ رَجُلٌ لِعُمرَ بْنِ الْخَطَّابِ: أَجْرَيْتُ أَنَا وَصَاحِبٌ لِي فَرَسَيْنِ نَسْتَبِقُ إِلَى ثَغْرَةِ ثَنِيَّةٍ فَأَصَبْنَا ظَبْيًا وَنَحْنُ مُحْرِمَانِ فَمَا تَرَى؟ فَقَالَ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ لِرَجُلٍ إِلَى جَنْبِهِ تَعالَ لِنَحْكُمَ قَالَ: فَحَكَمَا عَلَيْهِ بِعَنْزٍ فَوَلَّى الرَّجُلُ فَقَالَ: هَذَا أَمِيرُ الْمُؤْمِنِينَ لَا يَسْتَطِيعُ أَنْ يَحْكُمَ فِي ظَبْىٍ حَتَّى دَعَا رَجُلًا فَدَعَاهُ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: هَلْ تَقْرأُ الْمَائِدَةَ؟ قَالَ: لَا، قَالَ: فَهَلْ تَعْرِفُ هَذَا الرَّجُلَ؟ قَالَ: لَا. قَالَ: لَوْ أَخْبَرْتَنِي أَنَّكَ تَقْرؤُهَا لَأَوْجَعَتُكَ ضَرْبًا. ثُمَّ قَالَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَالَ فِي كِتَابِهِ: يَحْكُمُ بِهِ ذَوَا عَدْلٍ مِنْكُمْ». وَهَذَا عَبْدُالرَحْمَنِ بْنُ عَوْفٍ.
Ибн Сирин былай дейді: «Бір кісі Омарға (р.а.) келіп: “Екеуіміз ихрамда жүргенде Ақабадағы бір асуға қарай ат жарыстырдық. Сол кезде бір елікті өлтіріп алдық. Бұған қандай үкім бересіз?” – деп сұрады. Омар жанындағы кісіге: “Кел, бірге үкім шығарайық”, – деді».
Ибн Сирин сөзін жалғайды: «Екеуі бір ешкі шалуға үкім берді. Әлгі адам кетіп бара жатып: “Мынау мүміндердің әміршісі бола тұра, бір елік туралы өз бетімен үкім бере алмай, басқа кісіні шақырды”, – деді. Омар оны қайта шақырып: “Мәида сүресін оқыдың ба?” – деп сұрады. Ол: “Жоқ”, – деді. Омар: “Мына кісіні танисың ба?” – деді. Ол тағы да: “Жоқ”, – деді. Сонда Омар: “Сүрені оқыдым дегеніңде, сазайыңды берер едім”, – деді де, Алланың кітабындағы ﴿يَحْكُمُ بِهِ ذَوَا عَدْلٍ مِنْكُمْ﴾ ‘Бұған қатысты араларыңнан екі әділ кісі үкім шығарады’1 деген сөзді келтірді. Жанындағы кісі Абдуррахман ибн Ауф еді»2.
Түсіндірме
1. Риуаят ихрамда аң өлтірген кісінің өтемін екі әділ адамның белгілеуі керектігін көрсетеді. Осы тәртіппен берілген үкім «хукумәтул-адл» деп аталады.
2. Бүгінгі билік иелерінің осындай сынға көзқарасымен салыстырғанда, Омардың байыптылығы және сол дәуір адамдарының билік иесіне пікірін ашық айта алғаны байқалады.
3. Хаким «Әл-Мустәдрак» еңбегінде осы оқиғаны Қубайсадан сәл өзгеше түрде жеткізген. Онда Омар (р.а.) әлгі кісіге: «Адамның он мінезі болса, тоғызы жақсы, біреуі жаман болуы мүмкін. Бір жаман мінез қалғанын да бұзады. Сөз таластырудан аулақ бол!» – деп насихат айтқан.