Хадис

Ихрамда аң аулаудың өтемі

Кутуб ситтә, 4-том, 155-тарау · 5 хадис · № 1273–1277

ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ УМРА

Хадистер

«Сайд» сөзі «аң аулау» дегенді білдіреді. Қажылыққа қатысты қолданылғанда, үлкен аңды да, шегірткедей жәндікті де өлтіруді қамтиды. Ихрамдағы кісіге аң-жәндікті өлтіруге, соған себепші болуға немесе оған зиян келтіруге тыйым салынады. Адамға зиян тигізетін бес жануарды өлтіруге рұқсат берілген. Олар № 1256 хадисте аталған. Ихрамда өзге жануарды өлтірген жағдайда, өтем оның түріне қарай белгіленеді. Бұл тарауда сол өтемдер туралы бес риуаят берілген.

1273
Кутуб ситтә, № 1273 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَضَى عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي الضَّبُعِ بِكَبْشٍ وَفِي الْغَزَالِ بِعَنَزٍ، وَفِي الْأَرْنَبِ بِعَنَاقٍ، وَفِي الْيَرْبُوعِ بِجَفْرَةٍ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Омар (р.а.) қорқау өлтірген кісіге бір қошқар, киік өлтіргенге бір ұрғашы ешкі, қоян өлтіргенге бір жас ұрғашы лақ, ал қосаяқ өлтіргенге бір кішкентай лақ шалуды міндеттеді»1.

  1. 1Мәлик, «Мууатта», «Хаж», 235 (1/416). Жәбир арқылы жеткен нұсқа № 1239 басылымда берілген.
1274
Кутуб ситтә, № 1274 · тараудағы реті: 2

وَلَهُ مُرْسَلًا عَنْ أَبِي الزُبَيْرِ: «أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَضَى فِي الْجَرَادِ أَنَّ مَنْ عَقَرَهُ عَلَيْهِ جَزَاؤُهُ بِحُكْمِ حَكَمَيْنِ، لِمَا رُوِي عَنْ زَيْدِ بْنِ أَسْلَمَ: أَنَّ رَجُلًا قَالَ لِعُمَرَ: يَا أَمِيرَ الْمؤْمِنِينَ إِنِّي أَصَبْتُ جَرَادَةً بِسَوْطِي وَأَنَا مُحْرِمٌ. فَقَالَ لَهُ: أَطْعِمْ قَبْضَةً مِنْ طَعَامٍ».

Қазақша аудармасы

«Мууаттада» Әбу әз-Зубәйрден мурсал түрде мына хабар жеткен: «Омар ихрамда шегіртке өлтірген кісі оның өтемін екі төрешінің үкімімен береді деп шешкен». Зәйд ибн Әсләмнің айтуынша, бір кісі Омарға: «Уа, мүміндердің әміршісі, ихрамда жүргенімде қамшым тиіп, бір шегірткені өлтіріп алдым», – деген. Омар: «Бір уыс азық бер», – деп жауап қайтарған1.

Түсіндірме

«Тәйсирдегі» бұл риуаяттың мәтіні «Жамиғул-усулдегі» нұсқадан өзгеше. «Жамиғул-усулдегі» мәтін де «Мууаттадағы» негізгі нұсқамен дәлме-дәл келмейді. Онда былай делінген.

مَالِكُ بْنُ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ فِي الْجَرَادِ: أَنَّ مَنْ عَقَرَهُ عَلَيْهِ جَزَاءُهُ بِحُكْمِ حَكَمَيْنِ لِمَا رُوِىَ عَنْ زَيْدٍ بْنِ أَسْلَمَ أَنَّ رَجُلًا قَالَ لِعُمَرَ

Мәлик ибн Әнәс шегіртке жайында: «Оны өлтірген кісі екі төрешінің үкімімен өтем береді», – деген. Бұған Зәйд ибн Әсләмнің мына риуаяты негіз болған: «Бір кісі Омарға келіп...»

Екі риуаяттың басында үкімді кімнің бергені әртүрлі көрсетілген. Бірінде Омар аталса, екіншісінде имам Мәлик аталады. Алайда имам Мәлик Омардың үкіміне сүйенгендіктен, екі нұсқаның түйіні бір.

Екі риуаяттағы «екі төрешінің үкімімен» деген тіркес Құран аятына және Омардың соған сүйеніп шығарған үкіміне сілтейді. Бұл жайында, әсіресе, № 1276 риуаятта айтылады.

«Мәида» сүресінде былай делінген: ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَقْتُلُوا الصَّيْدَ وَأَنْتُمْ حُرُمٌ وَمَنْ قَتَلَهُ مِنْكُمْ مُتَعَمِّدًا فَجَزَاءٌ مِثْلُ مَا قَتَلَ مِنَ النَّعَمِ يَحْكُمُ بِهِ ذَوَا عَدْلٍ مِنْكُمْ هَدْيًا بَالِغَ الْكَعْبَةِ﴾ «Уа, иман келтіргендер! “Ихрамға кіргендеріңде” аңдарды өлтіруші болмаңдар. Араларыңнан кімде-кім бір аңды қасақана өлтірсе, істеген күнәсі үшін оған жаза беріледі. Жазасы – өлтірген аңына пара-пар келетін, Қағбаға тарту ретінде жеткізілетін құрбандық мал болады. Бұған қатысты араларыңнан екі әділ кісі үкім шығарады.»2

Әзірет Омардың берген үкімі, үкім беру тәсілі жайлы мәселелер №1276 хадисте келеді.

  1. 1Муатта, Хажж 235, (1, 416).
  2. 2«Мәида» сүресі, 95-аят
1275
Кутуб ситтә, № 1275 · тараудағы реті: 3

وَفِي رِوَايَةٍ لَهُ: «أَنَّ رَجُلًا سَأَلَ عُمَر عَنْ جَرَادَةٍ قَتَلَهَا وَهُوَ مُحْرِمٌ. فَقَالَ عُمَر لِكَعْبٍ: تَعَالَ حَتَّى نَحْكُمَ. فَقَالَ كَعْبٌ: دِرْهَمٌ: فَقَالَ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ إِنَّكَ لَتَجِدُ الدَّرَاهِمَ، لَتَمْرَةٌ خَيْرٌ مِنْ جَرَادَةٍ».

Қазақша аудармасы

«Мууаттаның» басқа бір риуаятында бір кісінің Омардан (р.а.) ихрамда өлтірген шегірткесі жайында сұрағаны айтылады. Омар жанындағы Кәғб әл-Ахбарға: «Кел, бірге үкім шығарайық», – дейді. Кәғб: «Бір дирхам», – деп жауап береді. Сонда Омар: «Дирхамды сен табарсың. Бір құрманың өзі шегірткеден артық», – дейді.

Түсіндірме

1. Зурқани Омардың: «Бір құрманың өзі шегірткеден артық», – деген сөзін шегірткенің өтемі ретінде азық беруге болатынын білдіреді деп түсіндірген.

2. Зурқани бұл риуаятты Кәғбтың бұрынғы пікірінен қайтқанына дәлел санаған. Кәғбтың шегірткені «балықтың түшкірігі» деп, ихрамдағы кісіге оны жеуге болады деген сөзі № 1250 риуаятта берілген. Ихрамдағы адамға теңіз жануарын аулауға және жеуге рұқсат, ол үшін өтем берілмейді. Ал бұл риуаятта Кәғб шегіртке үшін бір дирхам, Омар бір уыс азық белгіледі. Демек, бұл жолы Кәғб шегірткені теңіз жануарына жатқызбаған.

1276
Кутуб ситтә, № 1276 · тараудағы реті: 4

وَعَنِ ابْنِ سِيرِينَ قَالَ: «قَالَ رَجُلٌ لِعُمرَ بْنِ الْخَطَّابِ: أَجْرَيْتُ أَنَا وَصَاحِبٌ لِي فَرَسَيْنِ نَسْتَبِقُ إِلَى ثَغْرَةِ ثَنِيَّةٍ فَأَصَبْنَا ظَبْيًا وَنَحْنُ مُحْرِمَانِ فَمَا تَرَى؟ فَقَالَ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ لِرَجُلٍ إِلَى جَنْبِهِ تَعالَ لِنَحْكُمَ قَالَ: فَحَكَمَا عَلَيْهِ بِعَنْزٍ فَوَلَّى الرَّجُلُ فَقَالَ: هَذَا أَمِيرُ الْمُؤْمِنِينَ لَا يَسْتَطِيعُ أَنْ يَحْكُمَ فِي ظَبْىٍ حَتَّى دَعَا رَجُلًا فَدَعَاهُ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: هَلْ تَقْرأُ الْمَائِدَةَ؟ قَالَ: لَا، قَالَ: فَهَلْ تَعْرِفُ هَذَا الرَّجُلَ؟ قَالَ: لَا. قَالَ: لَوْ أَخْبَرْتَنِي أَنَّكَ تَقْرؤُهَا لَأَوْجَعَتُكَ ضَرْبًا. ثُمَّ قَالَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَالَ فِي كِتَابِهِ: يَحْكُمُ بِهِ ذَوَا عَدْلٍ مِنْكُمْ». وَهَذَا عَبْدُالرَحْمَنِ بْنُ عَوْفٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Сирин былай дейді: «Бір кісі Омарға (р.а.) келіп: “Екеуіміз ихрамда жүргенде Ақабадағы бір асуға қарай ат жарыстырдық. Сол кезде бір елікті өлтіріп алдық. Бұған қандай үкім бересіз?” – деп сұрады. Омар жанындағы кісіге: “Кел, бірге үкім шығарайық”, – деді».

Ибн Сирин сөзін жалғайды: «Екеуі бір ешкі шалуға үкім берді. Әлгі адам кетіп бара жатып: “Мынау мүміндердің әміршісі бола тұра, бір елік туралы өз бетімен үкім бере алмай, басқа кісіні шақырды”, – деді. Омар оны қайта шақырып: “Мәида сүресін оқыдың ба?” – деп сұрады. Ол: “Жоқ”, – деді. Омар: “Мына кісіні танисың ба?” – деді. Ол тағы да: “Жоқ”, – деді. Сонда Омар: “Сүрені оқыдым дегеніңде, сазайыңды берер едім”, – деді де, Алланың кітабындағы ﴿يَحْكُمُ بِهِ ذَوَا عَدْلٍ مِنْكُمْ﴾ ‘Бұған қатысты араларыңнан екі әділ кісі үкім шығарады’1 деген сөзді келтірді. Жанындағы кісі Абдуррахман ибн Ауф еді»2.

Түсіндірме

1. Риуаят ихрамда аң өлтірген кісінің өтемін екі әділ адамның белгілеуі керектігін көрсетеді. Осы тәртіппен берілген үкім «хукумәтул-адл» деп аталады.

2. Бүгінгі билік иелерінің осындай сынға көзқарасымен салыстырғанда, Омардың байыптылығы және сол дәуір адамдарының билік иесіне пікірін ашық айта алғаны байқалады.

3. Хаким «Әл-Мустәдрак» еңбегінде осы оқиғаны Қубайсадан сәл өзгеше түрде жеткізген. Онда Омар (р.а.) әлгі кісіге: «Адамның он мінезі болса, тоғызы жақсы, біреуі жаман болуы мүмкін. Бір жаман мінез қалғанын да бұзады. Сөз таластырудан аулақ бол!» – деп насихат айтқан.

  1. 1«Мәида» сүресі, 95-аят
  2. 2Муатта, Хажж 231, (1,414).
1277
Кутуб ситтә, № 1277 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَنْ نَسِيَ شَيْئًا مِنْ نُسُكِهِ أَوْ تَرَكَهُ مِمَّا بَعْدَ الْفَرَائِضِ فَلْيُهْرِقْ دَمًا». أَخْرَجَ أَحَادِيثَ هَذَا الْفَرْعِ كُلَّهَا مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Кім қажылықтың парыздан өзге бір рәсімін ұмытып кетсе немесе атқармаса, құрбан шалсын»1.

Түсіндірме

1. «Нусук» сөзі «сою», «кесу» деген мағынадағы نَسَكَ етістігінен шыққан. «Нуск» пен «нусук» Аллаға жақындататын амалды, мойынсұну мен ғибадатты да білдіреді.

Қажылықтың парыз, уәжіп, мұстахаб амалдарының бәрін қамтитын жалпы атаулар – «мәнәсик» пен «нусук».

2. Бұл риуаяттағы «нусук» қажылықтың уәжіптерін білдіреді. Уәжіп ұмытылса немесе тәрк етілсе, қой не ешкі шалынады. Мұстахаб амалдың тәрк етілуі өтемді қажет етпейді. Ханафилер қой не ешкі шалуды мына жағдайларда міндеттейді.

1. Миқаттан ихрамсыз өту. Кісі кері қайтып, миқатта ихрамға кірсе, өтем міндеті түседі.

2. Сағиды түгел немесе басым бөлігін тәрк ету.

3. Муздәлифада уақфа жасауды себепсіз тәрк ету.

4. Шайтанға тас лақтыруды түгел тәрк ету.

5. Хилл аймағының сыртынан келген адамның қоштасу тауабын түгел немесе басым бөлігін тәрк етуі.

6. Зиярат не умра тауабының соңғы үш айналымын немесе тек бір айналымын тәрк ету.

7. Зиярат не умра тауабын дәретсіз, қоштасу не құдум тауабын ғұсылсыз жасау.

8. Арафа күні Арафаттан күн батпай кету.

9. Рәсімді белгіленген уақыты мен орнында атқармау. Бұған зиярат тауабын айт күндерінен кейін жасау, шашты айт күндерінен кейін немесе Харам аймағынан тыс жерде алу жатады.

10. Белгілі ретпен атқарылатын рәсімдердің тәртібін бұзу.

Қажылықтың үш түрі

  1. 1Муатта, Хажж 240, (1, 419).