وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا إِذَا دَخَلَ أَدْنَى الْحَرَمِ أَمْسَكَ عَنِ التَّلْبِيَةِ، ثُمَّ يَبِيتُ بِذِي طُوًى، وَيُصَلِّي بِهِ الصَّبْحَ، ثُمَّ يَغْتَسِلُ، وَيُحَدِّثُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَفْعَلُ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ.
Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) Харам аумағының шетіне жеткенде тәлбияны тоқтататын. Содан кейін Зу Туада түнеп, сол жерде таң намазын оқып, ғұсыл алатын. Алла елшісінің (с.а.с.) де осылай істегенін айтатын»1.
Түсіндірме
Ибнул-Мунзир былай дейді: «Меккеге кірерде жуыну, барлық ғалымдардың пікірі бойынша мұстахаб болып саналады. Әдейі тәрк еткен жағдайда підия төленбейді, әрі бұл үкімге қатысты ешбір қарама-қайшылық жоқ». Ғалымдардың көбі «Тек қана дәрет алса да жеткілікті, мұстахабтың орнына саналады» деген. Ибн Омар, кейде дәрет алған, кейде жуынған. Бірақ жоғарыда (№1223 және №1225 хадистерде) келгендей ибн Омар ихрамға кіргеннен кейін, ұйқыда жыныстық сезім (ихтилам) болмайынша басын жумайтын. Өйткені ол су болса да, басын жаппау тыйымын бұзудан қорыққанын айтқан едік. Олай болса Меккеге кірерде жуынуы деген сөз басынан басқа ағзаларды жуды дегенді білдіреді, толықтай ғұсыл алу дегенді білдірмейді.
Шафиғилер Меккеге кірерде жуына алмаған ихрамдағы адам тәяммум алуы керек деген.
Ибн әт-Тиннің түсіндіруінше, жуыну Меккеге кіруге емес, тауапқа байланысты. Ал кейбір ғалымдар Меккенің құрметіне ихрамсыз адамның да қалаға кірер алдында жуынуын мұстахаб санаған. Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған күні ихрамсыз болса да, қалаға кірер алдында жуынған.
Ибн Нафиғтың риуаятына қарағанда, Имам Мәлик Ибн Омардың осы ісін ұстануды мұстахаб санаған. Яғни, Зулхуләйфада ихрамға кірерде, Зу Туада Меккеге кірерде және Арафатқа барарда кейде дәрет алып, кейде жуынуға болады. Белгілі себеппен жуынбаған кісі өтеу төлемейді. Заһирилер жуынуды уәжіп десе де, ғалымдардың көпшілігі мұстахаб санаған. Хасан әл-Басри: «Ихрамға кірерде жуынуды ұмытқан кісі есіне түскенде жуынсын», – деген.
- 1Бұхари, Хажж 38, 39; Мүслим, Хажж 226, (1259); Муатта, Хажж 32, (1, 333)