Хадис

Кутуб ситтә, № 1256

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
152. Ихрам және ондағы тыйымдар
Нөмірі
№ 1256 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 58
1256
Кутуб ситтә, № 1256 · тараудағы реті: 58Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: خَمْسٌ مِنَ الدَّوَابِّ لَيْسَ عَلَى الْمُحْرِمِ فِي قَتْلِهِنَّ جُنَاحٌ: الْغُرَابُ، وَالْحِدَأَةُ، وَالْعَقْرَبُ، وَالْفَأْرَةُ، وَالْكَلْبُ الْعَقُورُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَفِي رِوَايَةٍ: لَا جُنَاحَ عَلَى مَنْ قَتَلَهُنَّ فِي الْحرَمِ وَالإحْرَامِ. وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيِّ عَنْ أَبِي سَعِيدِ الْخُدْرِي: وَالسَّبُعُ الْعَادِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Бес жануарды өлтіру ихрамдағы адамға күнә емес: қарға, кезқұйрық, сарышаян, тышқан және қабаған ит»1, – дегенін жеткізген.

Бір риуаятта былай делінген: «Бұларды Харам аймағында және ихрамды кезде де өлтіру күнә емес».

Әбу Дәуіт пен Тирмизидің, Әбу Сағид әл-Худриден жеткізген бір риуаятында: «Зиян беретін жыртқыштар» деп те айтылған. Бұл жердегі негізгі мақсат, адамға шабуылдап жаралайтын, зиян беретін хайуандар. Өлтіруге болатын хайуандар жайлы басқа хадистерде тоқталамыз. (№4939–4952 хадистерде)

وَالمُرَادُ بِهِ الَّذِى يَعْدُو عَلَى الْإِنْسَانِ فَيَفْتَرِسَهُ، وَسَيَجِئُ لِمَا يَجُوزُ قَتْلُهُ مِنَ الدَّوَابِّ بَابٌ فِي كِتَابِ القَتْلِ مِنْ حَرْفِ الْقَافِ إِنْ شَاءَ اللَّهُ تَعَالَى.

Түсіндірме

1. Ихрамдағы кісіге өлтіруге рұқсат етілген бұл бес зиянды жануарды ихрамсыз адамға да өлтіруге болады. Оларды намаз үстінде де өлтіруге болатыны туралы риуаяттар бар. Адамға зиян келтіре алмайтын балапандары мен күшіктеріне осы үкімнің қолданылуы жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі.

2. Тышқанның түрі көп. Хадисте атауы жалпы келгендіктен, ғалымдар үкімді тышқанның барлық түріне қолданған.

3. Қабаған ит, біздің күнделікті көретін қатардағы ит емес. Ғалымдар хадисте айтылған ит адамға шабуылдайтын жыртқыш хайуан деп қараған. Арыстан, ілбіс, қасқыр сияқты хайуандар осыған жатады. Кейбір ғалымдар аталмыш бес хайуанға еті желінбейтін хайуандардан өлтіруге тыйым салынғандардан басқа барлық жыртқыштар жататынын айтқан және өлтіруге болатынына үкім шығарған.

4. Қасталани аталмыш хайуандарды өлтіруге болатынын, олардың адамдарға және басқа хайуандарға зиянды болғандығымен байланыстырып былай деген: «Қарға мен кезқұйрық арық немесе әлсіз сиыр мен басқа да сауын малдарының арқасына отырып алып, тұмсығымен шоқып жейді, көзін шұқып ояды, алаңсыз кетіп бара жатқан адамның қолынан нанын да жұлып кетуі ғажап емес. Бұлар құстардың ең зиянды түрі. Сарышаян да өте улы, қауіпті жәндік. Өйткені ол жыланның өзін соғып өлтіре алатындай қауіпті. Оның уы үлкен пілдің өзін құлатады». Алла елшісінің (с.а.с.) де намазда сарышаян өлтіргені жайлы риуаяттар бар.

5. Бұл жануарларды өлтіру міндеттелмеген, тек рұқсат берілген. Оларды өлтірген адам күнәға қалмайды әрі өтеу төлемейді.

6. Автор осы хадистен Харам аумағын паналаған, өлім жазасына кесілген қылмыскерге жазаны сол жерде орындауға болады деген үкім шығарылғанын айтады.

  1. 1Бұхари, «Жәзаус-сайд», 7. Мүслим, «Хаж», 72 (№ 1199). Мәлик, «Мууатта», «Хаж», 88 (1/356). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 40 (№ 1846). Нәсәи, «Хаж», 82–84, 86–88 (5/187–190).