وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «كَانَ ابْن عُمَرَ يَغْتَسِلُ لإحْرَامِهِ قَبْلَ أَنْ يُحْرِمَ وَلِدُخُولِهِ مَكَّةَ وَلِوُقُوفِهِ بِعَرَفَةَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. زَادَ فِي رِوَايَة: وَكَانَ إِذَا أَحْرَمَ لَا يَغْسِلُ رَأْسَهُ إِلَّا مِنَ الاِحْتِلامِ.
Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) ихрамға кірер алдында, Меккеге кірерде және Арафатта уақфа жасар алдында ғұсыл алатын»1.
Бір нұсқада: «Ихрамға кірген соң басын ихтилам болғанда ғана жуатын», – деген қосымша бар.
Түсіндірме
Сүннетті берік ұстанған Ибн Омардың (р.а.) қажылық пен умрада мына үш жағдайда ғұсыл алғаны айтылады:
1. Ихрамға кіруден бұрын тігісті киімдерін шешіп, ихрамын (изар мен рида) кию үшін жуынатын.
2. Меккеге кіруден бұрын. Бұхаридың бұл риуаятында: «Харам шекарасының ең жақын жеріне келген кезде тәлбия айтуды тоқтатып, Зу-Туба деп аталатын жерде қонақтайтын, мұның артынан сол жерде таң намазын оқитын және жуынатын. Содан кейін ол: «Расулалла осылай жасаған еді» деп осы мәселеге қатысты түсіндірме берген.
3. Арафатта уақфа жасау үшін жуынатын: «Муаттада» келген бір риуаятта оның Арафа кешінде жуынғандығы айтылған.
- 1Муатта, Хажж 3, (1, 322); Бұхари, Хажж 38.