Хадис

Кутуб ситтә, № 1223

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
152. Ихрам және ондағы тыйымдар
Нөмірі
№ 1223 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 25
1223
Кутуб ситтә, № 1223 · тараудағы реті: 25

وَعَنْ عَبْدِاللَّهِ بْنِ حُنَينِ: «أَنَّ ابْنَ عَبَّاسٍ وَالْمِسْوَرَ بْنَ مَخْرَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا اخْتَلَفَا بِالأَبْوَاءِ. فَقَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: يَغْسِلُ الْمُحْرِمُ رَأْسَهُ؛ وَقَالَ الْمِسْوَرُ: لَا يَغْسِلُ الْمُحْرِمُ رَأْسَهُ. فَأَرْسَلَنِي ابْنُ عَبَّاسٍ إِلَى أَبِي أَيُّوبَ الأنْصَاريِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَوَجَدْتُهُ يَغْتَسِلُ بَيْنَ الْقَرْنَيْنِ وَهُوَ يَسْتَتِرُ بِثَوْبٍ. فَسَلَّمْتُ عَلَيْهِ فَقَالَ: مَنْ هَذَا؟ فَقُلْتُ: أَنَا عَبْدُ اللَّهِ بْنُ حُنَيْنٍ أَرْسَلَنِي إِلَيْكَ ابْنُ عَبَّاسٍ يَسْأَلُكَ كَيْفَ كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَغْسِلُ رَأْسَهُ وَهُوَ مُحْرِمٌ؟ فَوَضَعَ أَبُو أَيُّوبَ يَدَهُ عَلَى الثَّوْبِ فَطَأْطَأَهُ حَتَّى بَدَا لِيَ رَأْسُهُ. فَقَالَ لإنْسَانٍ يَصُبُّ عَلَيْهِ: اصْبُبْ فَصَبَّ عَلَى رَأْسِهِ فَحَرَّكَ رَأْسَهُ بِيَدَيْهِ فَأَقْبَلَ بِهِمَا وَأَدْبَرَ، وَقَالَ: هَكَذَا رَأَيْتُهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَفْعَلُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيُّ. زَادَ فِي رِوَايَة غَيْرُ مَالِكٍ: قَالَ الْمِسْوَرُ لِابْنِ عَبَّاسٍ: لَا أُمَارِيكَ أَبَدًا.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Хунайн былай дейді: «Ибн Аббас пен Мисуар ибн Махрама (р.а.) Әбуада келіспей қалды. Ибн Аббас: “Ихрамдағы адам басын жуа алады”, – десе, Мисуар: “Жуа алмайды”, – деді. Ибн Аббас мені Әбу Әйюб әл-Ансариге (р.а.) жіберді. Барсам, ол құдықтың екі тірегіне керілген перденің ар жағында жуынып жатыр екен. Сәлем бергенімде: “Бұл кім?” – деді. Мен: “Абдулла ибн Хунайнмын. Мені Ибн Аббас жіберді. Ол сізден Алла елшісінің (с.а.с.) ихрамда басын қалай жуғанын сұрайды”, – дедім. Әбу Әйюб пердені қолымен басып, басын көрсетті. Өзіне су құйып тұрған адамға: “Құй”, – деді. Әлгі кісі оның басына су құйды. Әбу Әйюб екі қолын басына қойып, алға-артқа жүргізді де: “Алла елшісінің (с.а.с.) осылай істегенін көрдім”, – деді»1.

Мәликтен өзге жолмен жеткен нұсқаларда Мисуардың Ибн Аббасқа: «Енді сенімен ешқашан таласпаймын», – дегені қосылған.

«قَرْنَا الْبِئْرَ» عِضَادَتَاهَا التِّى يَجْعَلُ عَلَيْهِمَا البَكْرَة. «وَالمُمَارَاةُ» الْمجَادَلَةُ.

Түсіндірме

1. Бұхари бұл хадисті «Ихрамдағы адамның жуынуы» деген тарауда келтірген. Жуыну денені кірден тазартуды да, жүніптіктен арылу үшін ғұсыл алуды да қамтиды. Ғалымдар ихрамдағы кісіге жүніптіктен арылу үшін ғұсыл алу міндет екеніне бірауыздан келіскен.

Имам Мәлик ихрамдағы адамның басын сумен жууын мәкруһ санаған. «Мууаттада» Ибн Омардың (р.а.) ихрамда басын ихтилам болғанда ғана жуғаны риуаят етіледі.

Ибн Аббас: «Ихрамдағы адам моншаға бара алады. Тырнағы сынса, сынған жерін алып тастай алады», – деген.

Хасан әл-Басри мен Ата жуынуды мәкруһ санаған.

2. Бастың жуылуына қатысты қарама-қайшылық көбінде шаштың түсуі ықтимал дегеннен туындаған. Өйткені басты жуғанда қолмен ысқыланып, тырнақтармен қасылады. Ал ихрамды адамның денесінен қыл жұлуға тыйым салынған. Жоғарыдағы қарама-қайшылықтар осы мәселеден туындаған.

Абдулла ибн Хунайн әуелде Әбу Әйюбтен «Ихрамда бас жууға бола ма?» деп сұрамақ болды. Оның жуынып жатқанын көрген соң, Алла елшісінің (с.а.с.) басын қалай жуғанын сұрады.

3. Бұл риуаят кейбір мәселелерде сахабалардың өзарасында пікірталас болатынын, бірақ пікірталас кезінде өзара әдеп сақтайтындарын да көрсеткен. Олар алдымен мәселеге қатысты Құран мен хадистерге жүгініп талқылайтын, ол жерден іздегендерін тапса, ары қарай талқылауды тоқтататын.

4. Мисуардың ибн Аббасқа: «Сенімен енді таласпаймын» деп айтуы, олардың бір-бірлерін қадірлейтінін көрсетеді. Бұл сөз ибн Аббастың (р.а.) фиқһи мәселелерде де үстемдігін, Құран мен хадисті негізге алатынын көрсетеді.

5. Әбу Әйюбтан бұл хабарды жеткізген жалғыз кісі – Абдулла ибн Хунәйн. Олай болса Мисуар (р.а.) жалғыз хабарды, сондай-ақ табиғиннан жеткен дара хабарды қабыл етуде деген сөз. Бұл сахабалардың жалғыз кісі ғана жеткізген хабармен амал еткендеріне де дәлел болады.

6. Сахабалардың бірі айтқан сөз басқа сахаба үшін маңызды емес (үкім дәрежесінде емес). Сондықтан араларында тартыс-талас болады және талқылайды. Ибн Абдулбәрр былай деген: «Расулалланың (с.а.с.): «Сахабаларым көктегі жұлдыздар сияқты, қайсысына ерсеңдер тура жолды табасыңдар» деген сөзінде, соңынан еру, пәтуаларына бағыну ишара етілген болса, Ибн Аббас (р.а.) өз пікірі мен айтқанына дәлел іздемейтін еді және Мисуәрға: «Мен жұлдызбын, сен де жұлдызсың, бізден кейінгілер қайсымызға ерсе де жеткілікті» дейтін еді. Ендеше, ол хадистің мағынасы, ілім иелерінен әл-Музәни және басқаларының да айтқанындай, «Сахабалар хадис жеткізу мәселесінде жұлдыз сияқты» деген сөзді білдіреді. Өйткені бәрі де әділ, яғни, хадиске еш жалған араластырмайды.

7. Хадисте жуынғанда перде тұту керектігі және өзге біреуден жәрдем сұрауға болатындығына дәлел бар.

8. Тазалану (жуыну) кезінде сәлем беру, алу және сөйлесуге болады.

9. Ихрамдағы адамның жуынуына болады. Шашын да мол сумен жууға болады және шашының түспейтінінен сенімді болса, басын ысқылап жууына да болады. Қуртуби бұл хадиске сүйене отырып, жуынған кезде басты ысқылап жуудың уәжіп екеніне үкім шығарған. «Егер ысқыламай жуу жеткілікті болса, ихрамдағы адамның мұны тәрк етуге тіптен қақысы болар еді, ысқылап жуудың қауіпі анық (шаштың түсуі)».

Қуртуби: «Дәрет алған кезде сақалдың арасын саусақтармен тарамдаудың мұстахаб болуы ихрам кезде де жалғасады» деген. Бұл сөз Шәфиғилердің кейбірінің: «Ихрамды адам, дәрет алған кезде сақалын тарамдауы мәкруһ» деген сөзін теріске шығарады. Анығында Шафиғилердың кейбірі сақалдан бірді-екілі қылдардың жұлынуынан қауіптеніп тарамдауды мәкруһ санаған. Қуртуби үкімін аталмыш хадиске сүйеніп былай деген: «Бастағы шаштарды ысқылаумен, сақалды ысқылаудың арасында еш айырмашылық жоқ...»

  1. 1Бұхари, Жәзаус-Сайд 14; Мүслим, Хажж 91, (1205); Муатта, Хажж 4, (1, 323); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 38, (1840); Нәсәи, Хажж 27, (5, 128.129); ибн Мәжа, Мәнәсик 22, (2934).