وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كُنَّا نَخْرُجُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى مَكَّةَ فَنُضَمِّدُ جِبَاهَنَا بِالسُّكِّ الْمُطَيَّبِ عِنْدَ الْإِحْرَامِ فَإِذَا عَرِقَتْ إِحْدَانَا سَالَ عَلَى وَجْهِهَا فَيَرَاهُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَلَا يَنْهَانَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Меккеге аттанарда, ихрамға кірер кезде маңдайымызға “сукк” деген әтір жағатынбыз. Біріміз терлесек, әтір бетімізге қарай ағатын. Алла елшісі (с.а.с.) мұны көрсе де, тыйым салмайтын»1.
وَمَعْنَى «نُضَمِّدُ» أَيْ نُلَطِّخُ. وَ«السُّكُّ» نَوْعٌ مَعْرُوفٌ مِنَ الطِّيبِ.
Түсіндірме
1. «Лисан әл-арабта» сукк миск пен рамәк араластырылып жасалатын хош иістің бір түрі делінген. Оны өзге әтірлерге де қосатын.
2. Алла елшісі (с.а.с.) жұбайларының ихрамға кірерде жаққан сукк әтірі кейін беттеріне ағып түскенін көргенде, тыйым салмаған. Оның бір істі көріп, қарсылық білдірмеуі «тақрири сүннет» деп аталады. Бұл – істің құпталғанының белгісі.
Ахмад ибн Ханбалдың бір риуаятында Расулалланың (с.а.с.) ихрамды кезінде әтір араластырмаған таза зәйтүн майымен майланғандығы риуаят етілген. Бұл риуаяттан ихрамды кезде тек қана қоспасыз таза зәйтүн майымен майлануға болатындығына дәлел алынған. Бұл жерде №1211 хадисте түсіндірмесі берілген әзірет Айша мен ибн Омардың қарама-қайшылығының негізі тағы да байқалады.
3. Айша айтқан әтір ихрамға кірерден бұрын жағылған. Әбу Дәуіт бұл хадисті ихрамға кірмей тұрып жағылған әтірдің иісі кейін сақталуы мүмкін екеніне дәлел етіп келтірген. Ғалымдар ихрамда ерге де, әйелге де әтір жағуға болмайтынына бірауыздан келіскен. Зәйтүн майы әтірге жатпайды, оны хош иіс үшін жақпайды. Сондықтан ихрамдағы кісіге таза зәйтүн майын шашы мен сақалынан басқа жеріне жағуға рұқсат берілген.
- 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 32 (№ 1830).