وَعَنْ نَافِعٍ، «أَنَّهُ سَمِعَ أَسْلَمَ مَوْلَى عُمَرَ يَقُولُ لِابْنِ عُمَرَ: رَأَى عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَلَى طَلْحَةَ ثَوْبًا مَصْبُوغًا وَهُوَ مُحْرِمٌ. فَقَالَ: مَا هَذَا الثَّوْبُ الْمَصْبُوغُ يَا طَلْحَةُ؟ فَقَالَ طَلْحَةُ: إِنَّمَا هُوَ مَغْرَةٌ أَوْ مَدَرٌ فَقَالَ: إِنَّكُمْ أَيُّهَا الرَّهْطُ أَئِمَّةٌ يَقْتَدِي بِكُمْ النَّاسُ. فَلَوْ أَنَّ رَجُلًا جَاهِلًا رَأَى هَذَا لَقَالَ إِنَّ طَلْحَةَ بْنَ عُبَيْدِاللَّهِ كَانَ يَلْبَسُ الثِّيَابَ الْمُصَبَّغَةَ فِي الْإِحْرَامِ، فَلَا تَلْبَسُوا أَيُّهَا الرَّهْطُ مِنْ هَذِهِ الثِّيَابِ».
Нафиғтың айтуынша, Омардың азат еткен құлы Әсләм Ибн Омарға (р.а.) мына оқиғаны айтып берген: «Омар (р.а.) Талханың (р.а.) ихрамда боялған киім киіп жүргенін көріп: “Уа, Талха, мына бояулы киім қандай киім?” – деп сұрады. Талха: “Уа, мүміндердің әміршісі, бұл – қызыл топыраққа боялған киім”, – деді. Омар: “Уа, жамағат, сендер – жұрт үлгі алатын ел ағаларысыңдар. Мұны көрген білмейтін адам: ‘Талха ибн Убайдулла ихрамда бояулы киім киген’, – деуі мүмкін. Сондықтан мұндай бояулы киім кимеңдер”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Хадистің жоғарыдағы мәтінінде «Муаттадағы» мәтіннен бірнеше сөз кем келген. Аудармада кем сөздерді жақшаның ішіне алып келтірдік.
2. Талханың (р.а.) үстінде киім, анық тыйым салынған уәрс пен зағфаранмен боялған киім емес еді. Сондықтан әзірет Омар: «Бұл не?» деп сұраған еді. Әрине бұл сұрақ, ол киімнің әзірет Омардың көңіліне жақпағандықтан туындаған болатын. Өйткені әзірет Омар Талха сияқты алдыңғы буын сахабаларға қарап бой түзейтін жаһил халықтың оны уәрс немесе зағфаранмен боялған киім деп ойлап, ол бояулармен боялған киімді ихрам қылып кие беруге болады деп қателікке бой алдыра ма деп қорыққан еді.
3. Талха ибн Убәйдуллаға (р.а.) әзірет Омар: «Сендер ел ағаларысыңдар (жетекшісіңдер)» деп айтқан. Өйткені Талха (р.а.) сахабалардың алдыңғы буындарының бірі еді. Өйткені ол – әзірет Әбу Бәкірдің себепкерлігімен Исламды қабылдаған алғашқы сегіз мұсылманның бірі, сонымен қатар жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның да бірі еді. Әзірет Омар құрған шураның (кеңес) алты мүшесінің бірі болған. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны Сирия тарапына барлаушы ретінде жібергендіктен, Бәдір соғысына қатыспаған еді. Бірақ Бәдірден түскен олжадан оған да үлес бөлініп, Бәдірге қатысу сауабына ие болғандығы сүйіншіленген. Ухуд және басқа жорықтарға қатысқан, Бәйтур-Ридуанда ішінде болған. Ұхуд соғысында басынан ауыр жағдайлар өткерді, Расулаллаға қалқан болып жебелерге қолдарын төсеп, ауыр жарақаттар алған. Расулалланы арқасына көтеріп жардың үстіндегі қауіпсіз жерге жеткізген. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны Ұхудта «Талхатул-хайр», Усра күнінде «Талхатул-Фәйя», Хунәйн күні «Талхатул-жуд» деп атап, ілтипат білдірген. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Талха мен Зубәйір, жәннатта менің екі көршім болады» деген сөзі де халық арасында әйгілі.
Расулалла оның шәһид болатындығы жайлы да былай хабар берген: «Екі аяғымен жүріп жүрген бір шәһидті көргісі келгендер Талхаға қарасын!» Расымен де Талха (р.а.) Жәмал оқиғасында әзірет Алидің (р.а.) сапында соғысып жүріп, Мәруан ибн әл-Хакәмнің атқан оғынан шәһид болған.
Риуаят бойынша, бір адам Талха ибн Убәйдулланы (р.а.) үш күн қатарынан түсінде көреді. Әр көрген сайын: «Қабірімнің орнын өзгертіңдер, су мазамды кетіріп жатыр», – дейді. Ол адам сол түсті үшінші рет көргеннен кейін, ибн Аббасқа (р.а.) келіп түсін айтады. Содан кейін Талханың (р.а.) қабіріне барып қарап көрсе, расымен де қабірге су өтіп көгергенін көреді және қабірді ауыстырады.
- 1Мәлик, «Мууатта», «Хаж», 10 (1/326, бір нөмірлеуде № 909).