وَفِي رِوَايَةٍ عَنْ عَائِشَةَ: «أَنَّهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَخَّصَ لِلنِّسَاءِ فِي الْخُفَّيْنِ».
Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) ихрамдағы әйелдерге мәсі киюге рұқсат бергені1 айтылады.
Түсіндірме
Әбу Дәуітте бұл риуаят толығырақ берілген:
أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ كَانَ يَصْنَعُ ذَلِكَ، يَقْطَعُ الْخُفَّيْنِ لِلْمَرْأَةِ الْمُحْرِمَةِ. ثُمَّ حَدَّثَتْهُ صَفِيَّةُ بِنْتُ أَبِي عُبَيْدٍ أَنَّ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا حَدَّثَتْهَا: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَدْ كَانَ رَخَّصَ لِلنِّسَاءِ فِي الْخُفَّيْنِ، فَتَرَكَ ذَلِكَ.
Абдулла ибн Омар (р.а.) ихрамдағы әйел кісінің мәсісінің қонышын кесетін. Кейін Сафия бинт Әбу Убайд оған Айшаның (р.а.) «Алла елшісі (с.а.с.) әйелдерге мәсі киюге рұқсат еткен» деген сөзін жеткізді. Содан соң Абдулла мұны доғарды.
Бұл риуаятта № 1199 хадиске сілтеме жасалған. Абдулла ибн Омар ерлерге айтылған үкімге қияс жасап, ихрамдағы әйел де мәсінің жоғарғы жағын кесіп киюге тиіс деп пәтуа берген.
Азимабадидің түсіндіруінше, فَتَرَكَ ذَلِكَ тіркесі «Ибн Омар осыны естіген соң бұрынғы пәтуасынан қайтты» дегенді білдіреді. Демек, әйелдер ихрамда аяқтарын жауып тұратын мәсі тәрізді аяқкиім кие алады.
Ибн әл-Мунзир: «Ихрамдағы әйелдер тігілген киімнің кез келген түрін және мәсі кие алады, басы мен шашын жабады. Бөгде ерлердің назарынан қорғану үшін жеңіл жаулықты бетіне түсіре алады. Ғалымдар бұған бірауыздан келіскен», – деген.
- 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 33 (№ 1831).