Хадис

Кутуб ситтә, № 883

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
138. «Мағун» сүресі
Нөмірі
№ 883 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
883
Кутуб ситтә, № 883 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نَعُدُّ الْمَاعُونَ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ عَارِيَةَ الدَّلْوِ وَالْقِدْرِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай деген: «Біз Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) заманында қазан, шелек секілді заттарды қарызға беруді (“Мағун” сүресінде айтылған) жәрдем (мағун) деп санайтынбыз».1

Түсіндірме

«Мағун» сүресі – қысқа сүрелердің бірі, екі бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімі жетімге теріс қарайтын, кедейге жәрдем бермейтін һәм діннің соларға қатысты әмірлерін жоққа шығаратын адамдар жайлы. Тәпсіршілер бұл бөлімнің Меккедегі кейбір мүшріктерге қатысты түскенін айтады.

Екінші бөлімі намаз оқығанмен, құлшылығында кемшілігі көп мұсылмандарға қатысты. Жоғарыдағы риуаят осы бөлімге қатысты болғандықтан аудармасын бере кетейік:

4. (Ақиретке тиісінше сенбей) ықылассыз намаз оқитындардың жағдайы қандай өкінішті!

5. Олар намаздарында ғапыл,

6. сондай-ақ құлшылықтарын ел­жұртқа көз қылып, көрсету ниетімен орындайды.

7. Олар (қоғамдағы садақа, зекет және өзге де әлеуметтік жәрдем түрлерін қамтитын) қайырымдылық істеріне теріс қарайды (4–7-аяттар).

Жоғарыдағы риуаят ибн Мәсғудтың аяттағы «мағун» сөзін көрші-қолаңның бір-бірінен ыдыс-аяқ алып-беруі арқылы бір-біріне жәрдемдесуі деп түсіндірген. Ибн Омар, әзірет Али, Қатада, Хасан Басри және басқалары «мағун» сөзін «зекет» деп түсінген. Мужаһид «қарыз» деген. Икрима: «Мағунның ең жоғарғы дәрежесі – зекет, ал ең төменгісі – бір затты уақытша бере тұру» деген. Хаттаби: «Сұрағанға бермеу харам саналған су, тұз, от секілді нәрселер» деген. Қарызға берілетін заттарға ине, балта, қасық, шелек, табақ т.б. жатады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Зекет 32, (1657).