عَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أُرِيَ أَعْمَارَ النَّاسِ قَبْلَهُ، أَوْ مَا شَاءَ اللَّهُ مِنْ ذَلِكَ، فَكَأَنَّهُ تَقَاصَرَ أَعْمَارَ أُمَّتِهِ أَلَّا يَبْلُغُوا مِنَ الْعَمَلِ مِثْلَ مَا بَلَغَ غَيْرُهُمْ فِي طُولِ الْعُمُرِ، فَأَعْطَاهُ اللَّهُ تَعَالَى لَيْلَةَ الْقَدْرِ، خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ».
Имам Мәлик «Муаттада» өзіне жеткен мына риуаятты келтіреді: «Алла Елшісіне (с.а.с.) өзіне дейінгі адамдардың ғұмыры немесе Алла қалаған бөлігі көрсетілді. Ол үмбетінің ғұмыры қысқалығынан бұрынғылардың ұзақ өмірде істеген амалына жете алмай қалар деп ойлады. Сонда Алла оған мың айдан да қайырлы Қадір түнін сыйлады».1
Түсіндірме
Үмбетіне шексіз мейірімімен қарайтын Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінен бұрынғы пайғамбарлардың үмбетімен салыстырғанда өз үмбетінің аз өмір сүретініне қарап, ақыреттік істерінің аз болатынын ойлаған. Өйткені үмбетінің орташа өмірі, Зәрқанидің көрсеткіші бойынша, 60–70 жас. Риуаяттарда берілмегенмен, алдыңғы үмбеттердің өмір жасының ұзақ болғанын осы хадистен аңғаруға болады. Алла Тағала өзінің сүйікті Елшісін осы мәселеде қуанту үшін, оның үмбетіне Қадір түнін тарту еткен. Осы түннің қадірін біліп, оны құлшылықпен өткізген адам 1000 ай, яғни орташа есеппен 83 жыл құлшылық жасағандай сауап алатын болады.
Ибн Абдулбәрр бұл хадистің Муаттадан басқа кітаптарда кездеспегенін айтады.
بَلَغَ مَالِكًا أَنَّ سَعِيدَ بْنَ الْمُسَيَّبِ كَانَ يَقُولُ: «مَنْ شَهِدَ الْعِشَاءَ مِنْ لَيْلَةِ الْقَدْرِ فَقَدْ أَخَذَ بِحَظِّهِ مِنْهَا».
Имам Мәликке Сағид ибн әл-Мусайябтың мына сөзі жеткен: «Қадір түнінде құптан намазына қатысқан кісі сол түннен өз несібесін алған».
- 1Мәлик, «Муатта», «Иғтикаф», 15 (1-т., 321-б.). Ибраһим Жанан мәтінінде үмбетінің өмірі көрсетілгені айтылса, «Муатта» нұсқасында өзінен бұрынғы адамдардың өмірі немесе Алла қалаған бөлігі көрсетілгені баяндалған.