Хадис

Кутуб ситтә, № 843

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
117. «Қалам» сүресі
Нөмірі
№ 843 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
843
Кутуб ситтә, № 843 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «عُتُلٍّ بَعْدَ ذَلِكَ زَنِيمٍ. قَالَ: رَجُلٌ مِنْ قُرَيْشٍ كَانَتْ لَهُ زَنَمَةٌ مِثْلُ زَنَمَةِ الشَّاةِ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) ﴿عُتُلٍّۭ بَعْدَ ذَٰلِكَ زَنِيمٍ﴾ «қатыгез озбырдың, содан соң тексіздің»1 деген аятты түсіндіріп: «Мұнда Құрайыштан шыққан бір кісі айтылған. Оның құлағында қойдың құлағына салынатын ен тәрізді кесігі бар еді», – деді.2

Түсіндірме

Аяттағы «зәним» сөзі «зәнәмә» етістігінен тарайды. «Зәнәмә» – қойдың немесе түйенің құлағынан тереңірек кесіліп, салбырап тұратын терісі. Құлағы осылайша кесілген хайуанды «зәним» дейді. Алайда осыған ұқсатып, ел ішіне кейіннен қосылған, сол елде туған-туысы жоқ адамдарды да зәним деп атаған.

Ғалымдар аятта бұл сөзбен Уәлид ибн Муғираның меңзелгенін айтады. Өйткені Құрайыштықтар оны зәним деп шақыратын. Себебі әкесі оны 18 жасында асырап алған екен. Анасы Уәлидті некесіз тапқан деген пікірлер де бар. «Зәним» деп аталғанның Уәлид екенін меңзеген ибн Аббас (р.а.): «Алла тағаланың осы адамның айыптарын жария еткеніндей басқа екінші біреуді айыптап сипаттағанын біз білмейміз...» – дейді.

Алайда айта кету керек, «зәним» сөзімен кімнің меңзелгені белгісіз. Ғалымдар басқа есімдерді де айтқан.

Аят барлық кезеңдерге қатыстырып айтатындықтан, қазіргі уақытта да алдымыздан жиі кездесетін осы типтес адамдардың сипатын біздерге берілгенін айта аламыз. Осы зәним бейнесі 10–14-аяттарда былай беріледі:

10. ﴿وَلَا تُطِعْ كُلَّ حَلَّافٍ مَّهِينٍ﴾ «Ендеше, мыналардың ешбірінің ырқына бағынба: ант ішкіш қадірсіздің,»

11. ﴿هَمَّازٍ مَّشَّآءٍۭ بِنَمِيمٍ﴾ «өзгелерді кемсітіп ғайбаттағыш, сөз тасығыш өсекшінің,»

12. ﴿مَّنَّاعٍ لِّلْخَيْرِ مُعْتَدٍ أَثِيمٍ﴾ «үнемі жақсылықтан қақпайлаушы, шектен шыққан қаскөй күнәһардың,»

13. ﴿عُتُلٍّۭ بَعْدَ ذَٰلِكَ زَنِيمٍ﴾ «қатыгез озбырдың, содан соң тексіздің»

14. ﴿أَن كَانَ ذَا مَالٍ وَبَنِينَ﴾ «дәулетті һәм балалы-шағалы әулетті болса да, (ырқына бағынба).»3

  1. 1«Қалам» сүресі, 13-аят
  2. 2Бұхари, Тәпсір, Қалам 1.
  3. 3«Қалам» сүресі, 10–14-аяттар.