Хадис

«Қалам» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 117-тарау · 2 хадис · № 843–844

Хадистер

843
Кутуб ситтә, № 843 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «عُتُلٍّ بَعْدَ ذَلِكَ زَنِيمٍ. قَالَ: رَجُلٌ مِنْ قُرَيْشٍ كَانَتْ لَهُ زَنَمَةٌ مِثْلُ زَنَمَةِ الشَّاةِ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) ﴿عُتُلٍّۭ بَعْدَ ذَٰلِكَ زَنِيمٍ﴾ «қатыгез озбырдың, содан соң тексіздің»1 деген аятты түсіндіріп: «Мұнда Құрайыштан шыққан бір кісі айтылған. Оның құлағында қойдың құлағына салынатын ен тәрізді кесігі бар еді», – деді.2

Түсіндірме

Аяттағы «зәним» сөзі «зәнәмә» етістігінен тарайды. «Зәнәмә» – қойдың немесе түйенің құлағынан тереңірек кесіліп, салбырап тұратын терісі. Құлағы осылайша кесілген хайуанды «зәним» дейді. Алайда осыған ұқсатып, ел ішіне кейіннен қосылған, сол елде туған-туысы жоқ адамдарды да зәним деп атаған.

Ғалымдар аятта бұл сөзбен Уәлид ибн Муғираның меңзелгенін айтады. Өйткені Құрайыштықтар оны зәним деп шақыратын. Себебі әкесі оны 18 жасында асырап алған екен. Анасы Уәлидті некесіз тапқан деген пікірлер де бар. «Зәним» деп аталғанның Уәлид екенін меңзеген ибн Аббас (р.а.): «Алла тағаланың осы адамның айыптарын жария еткеніндей басқа екінші біреуді айыптап сипаттағанын біз білмейміз...» – дейді.

Алайда айта кету керек, «зәним» сөзімен кімнің меңзелгені белгісіз. Ғалымдар басқа есімдерді де айтқан.

Аят барлық кезеңдерге қатыстырып айтатындықтан, қазіргі уақытта да алдымыздан жиі кездесетін осы типтес адамдардың сипатын біздерге берілгенін айта аламыз. Осы зәним бейнесі 10–14-аяттарда былай беріледі:

10. ﴿وَلَا تُطِعْ كُلَّ حَلَّافٍ مَّهِينٍ﴾ «Ендеше, мыналардың ешбірінің ырқына бағынба: ант ішкіш қадірсіздің,»

11. ﴿هَمَّازٍ مَّشَّآءٍۭ بِنَمِيمٍ﴾ «өзгелерді кемсітіп ғайбаттағыш, сөз тасығыш өсекшінің,»

12. ﴿مَّنَّاعٍ لِّلْخَيْرِ مُعْتَدٍ أَثِيمٍ﴾ «үнемі жақсылықтан қақпайлаушы, шектен шыққан қаскөй күнәһардың,»

13. ﴿عُتُلٍّۭ بَعْدَ ذَٰلِكَ زَنِيمٍ﴾ «қатыгез озбырдың, содан соң тексіздің»

14. ﴿أَن كَانَ ذَا مَالٍ وَبَنِينَ﴾ «дәулетті һәм балалы-шағалы әулетті болса да, (ырқына бағынба).»3

  1. 1«Қалам» сүресі, 13-аят
  2. 2Бұхари, Тәпсір, Қалам 1.
  3. 3«Қалам» сүресі, 10–14-аяттар.
844
Кутуб ситтә, № 844 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ النَّبِىَّ ﷺ يَقُولُ يَكْشِفُ رَبُّنَا عَنْ سَاقِهِ فَيَسْجُدُ لَهُ كُلُّ مُؤْمِنٍ وَمُؤْمِنَةٍ وَيَبْقَى مَنْ كَانَ يَسْجُدُ فِي الدُّنْيَا رِيَاءً وَسُمْعَةً فَيَذْهَبُ يَسْجُدُ فَيَعُودُ ظَهْرُهُ طَبَقًا وَاحِدًا». أَخْرَجَهُمَا الْبُخَارِىُّ. «وكَشفُ السَّاقِ» هُنَا عِبَارَةٌ عَنْ شِدَّةُ الْأَمْرِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Расулалланы (с.а.с.) естідім, ﴿يَوْمَ يُكْشَفُ عَن سَاقٍ وَيُدْعَوْنَ إِلَى ٱلسُّجُودِ فَلَا يَسْتَطِيعُونَ﴾ «Балтыр ашылатын (іс насырға шабатын) күні олар сәжде етуге шақырылады, алайда сәжде жасай алмайды.»1 деген аятқа қатысты былай деген еді: «Раббымыз «балтырын» ашады да, бүкіл мүмин ер мен мүмине әйел Оған сәжде жасайды. Фәни дүниеде жүргенде Аллаға риямен, жұртқа көрсету үшін сәжде жасағандар артта қалып қояды. Олар да сәжде жасамақшы болады, алайда белдері бүгілмей, бір табаққа айналады (да, сәжде жасай алмайды)».2

Түсіндірме

«Қалам» сүресінің 42-аятында «кәшфус-сақ» тіркесі берілген, ол «балтырдың ашылуы» деген мағынаны білдіреді. Алайда аятта сөздіктегі мағынасында емес, шамасы, ауыспалы мағынада қолданылған секілді.

Хадис жоғарыдағы риуаятта «балтыр» сөзін سَاقِهِ деп есімдікпен бірге береді.

Ибн Хажар басқа нұсқада есімдіксіз سَاقٍ түрінде берілгенін және осы нұсқасының аятқа сәйкес келгені үшін дұрыс екенін айтады. Себебі есімдікпен бірге берілсе, Алла тағалаға балтыр сөзін теліп, адамға ұқсатқандықтан, жауапқа тартылатынын айтады.

Олай болса «балтырдың ашылуы» нені білдіреді? Ғалымдар бұны «барша ақиқат анық болып көрінетіндіктен, істің насырға шабуы» деп түсінген. Өйткені хадисте Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Алла тағаланың барша ақиқатты жарыққа шығарып, есеп беру ісінің алапат үрейін басқа салған кезде, фәни дүниеде шынайы құлшылық жасағандар мен риямен әрекет еткендерді ажыратып, мүминдерді алапат үрейден құтқаратынын, рия жасаған екіжүзділерді еңкейе алмайтындай жағдайға душар етіп һәм күнәларын беттеріне басып, үрей үстіне үрей беретінін айтады.

Аяттардың толық мәтіні мен аудармасы ﴿يَوْمَ يُكْشَفُ عَن سَاقٍ وَيُدْعَوْنَ إِلَى ٱلسُّجُودِ فَلَا يَسْتَطِيعُونَ ۝ خَٰشِعَةً أَبْصَٰرُهُمْ تَرْهَقُهُمْ ذِلَّةٌ وَقَدْ كَانُوا۟ يُدْعَوْنَ إِلَى ٱلسُّجُودِ وَهُمْ سَٰلِمُونَ﴾ «Балтыр ашылатын (іс насырға шабатын) күні олар сәжде етуге шақырылады, алайда сәжде жасай алмайды. Үрейге толы көздері төмен қарап, сор жеңіп, әбден қор болады. Олар дүниеде есен-сау жүргенде, сәжде етуге шақырылатын.».3

  1. 1«Қалам» сүресі, 42-аят
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Қалам», 2 (№4919), «Тәпсір», «Ниса», 8, «Тәухид», 24; Мүслим, «Иман», 302 (№183).
  3. 3«Қалам» сүресі, 42–43-аяттар