Хадис

«Нұх» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 118-тарау · 1 хадис · № 845

Хадистер

845
Кутуб ситтә, № 845 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صَارَتِ الْأَوْثَانُ الَّتِى كَانَتْ فِي قَوْمِ نُوحٍ فِي الْعَرَبِ، أَمَّا وَدٌّ فكَانَتْ لِكَلْبٍ بِدَوْمَةِ الْجَنْدَلِ. وَسُوَاعٌ لِهُذَيْلٍ. وَيَغُوثُ لِمُرَادٍ، ثُمَّ صَارَتْ لِبَنِى غُطَيْفٍ بِالْجُرْفِ عِنْدَ سَبإٍ، وَأَمَّا يَعُوقُ: فَكَانَتْ لِهَمَدَانَ، وَأَمَّا نَسْرٌ: فَلِحِمْيَرَ لِآلِ ذِى الْكِلَاعِ. قَالَ: وَكُلُّهَا أَسْمَاءُ رِجَالٍ صَالِحِينَ مِنْ قَوْمِ نُوحٍ. فَلَمَّا هَلَكُوا أَوْحَى الشَّيْطَانُ إِلَى قَوْمِهِمْ أَنِ انْصُبُوا إِلَى مَجَالِسِهِمُ الَّتِى كَانُوا يَجْلِسُونَ فِيهَا أَنْصَابًا وَسَمُّوهَا بِأَسْمَائِهِمْ. فَفَعَلُوا فَلَمْ تُعْبَدْ، حَتَّى إِذَا هَلَكَ أُولَئِكَ وَتَنَسَّخَ الْعِلْمُ عُبِدَتْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Нұх (а.с.) қауымында болған пұттар кейіннен арабтарға өткен. Ол былай болды: Уәд атты пұт Дәумәтул-жәндәлде еді, ол Кәлб тайпасынікі еді. Суағ атты пұт Һузайлдікі еді. Яғус атты пұт Мурад тайпасынікі еді, кейінірек Ғутайфұлдарына өтті, Сәбәға жақын Журф деген жерде еді. Яғуқ болса Һамадандікі еді. Ал Нәср Химиярдікі, Зүл-Кәләғ әулетінікі еді. Осы пұт атаулары негізінде Нұх қауымындағы игі жақсылардың есімі еді. Шайтан әлгі игі жақсылар өлген соң, қауымын былайша азғырды: “Игі жақсыларың өмір сүрген жерлерге (оларға естелік ретінде) ескерткіш орнатыңдар және оларға олардың атын беріңдер”. Халық осыған алданып, айтқанын орындады. Әуел баста оларға табынбайтын. Алайда олар жер бетінен жойылып кеткенде, олар жайлы мәліметтер де ұмытылып, халық осы пұттарға табына бастады».1

Түсіндірме

Осы риуаят «Нұх» сүресінің 23-аятында аталмыш пұттар жайлы баяндаған. Аят мынау:

وَقَالُوا۟ لَا تَذَرُنَّ ءَالِهَتَكُمْ وَلَا تَذَرُنَّ وَدًّا وَلَا سُوَاعًا وَلَا يَغُوثَ وَيَعُوقَ وَنَسْرًا

«“Өз құдайларыңнан безуші болмаңдар! Әсіресе, Уәд, Суағ, Яғус, Яғуқ және Нәсрден баз кешіп, безбеңдер”, – деп үгіттеді.».2

Осы аят Нұх қауымы табынған пұттардан бесеуінің атын берген. Жоғарыда берілген Бұхари риуаятында осы бес пұттың Нұх қауымынан кейін Арабтарға өткенін, қай тайпада қай пұт табынылғанын көрсетеді. Бұл түсіндірмені ибн Аббас (р.а.) айтқан.

Тәпсірлерде және оларды түсіндіретін кітаптарда бұл пұттардың шығу тегі жайлы көбірек мәлімет беретін әртүрлі риуаяттар берілген. Риуаяттар осы бес пұттан Уәд пен Суағтың басқаларынан жоғары тұрғанын, тіпті өзіне ғибадат жасалған ең алғашқы пұттың Уәд екенін айтады.

Ибн Хажар бұл пұттардың мәжусилерден шыққаны жайлы мәліметтерді қабылдамайды және оған дәлел ретінде мәжусиліктің Нұхтан кейінірек шыққанын айтады. Оның ойынша, бұл пұт атаулары Үндістаннан шыққан болуы мүмкін.

Елмалылы осы пұттар жайлы риуаяттардан кейбіреуін таңдап алып, былай дейді: «Ибн Әбу Хатмнің Уруа ибн Зубәйірден алғаны бойынша, Уад – ең үлкені еді және ең жақсылары еді. Бәрі де Адамның ұлдары еді.3

Тағы бір риуаят бойынша, Уад ең алғаш өзіне табынылған пұт еді. Абд ибн Хумайдтың Әбу Мутаһһардан алғаны бойынша, Әбу Жағфар Мұхаммед ибн Бакир былай деген: Уад қауымы ішінде сүйікті мұсылман ер еді, өлген соң Бабил жерінде қабірінің айналасына әскерлер жиналып, жоқтау айтады. Ібіліс олардың осы шыңғырған дауыстарын көргенде бір адам бейнесіне еніп оларға: «Сендердің жанайқайларыңды, қайғыларыңды көріп тұрмын, сендерге оның бір суретін салсам, жиналатын жерлеріңе оны іліп қоярсыңдар!» – деді. Олар келіседі. Оған ұқсатып бір пұт жасады, жиналатын жерлеріне оны қойып, еске алатын. Осыны көргенде: «Қалай, үйлеріңе де жасасам, әркім өз үйінде еске алса бола ма?» – деп, оны да жасады, сөйтіп үйлерінде еске түсіретін болды. Кейін балалары өсіп жетілді, оған жасалып жатқандарды көрді, бірнеше ұрпақ ауысқанда оның не үшін еске алынатыны ұмытылды. Сөйтіп, оған құдай деп, ғибадат ете бастады. Міне, жер бетінде Алладан басқаға алғаш ғибадат жасалған – Уад болды».

Ибн Мунзир мен басқалары Әбу Осман Нәһдиден риуаят еткен: Ол былай деген: Яғусты көрдім, мыстан жасалған еді, оны түйеге жүктеп, онымен бірге жүреді, бір жерге барып өз-өзімен шөккенге дейін оны үркітпеді. Ол шөккен кезде: «Міне, тұрақтайтын орындарыңды белгіледі» деп, айналасына қонақтайды және оның үстіне бір ғимарат салады.

Кәшшафта айтылғандай, тағы да былай делінген: «Уад – еркек бейнесінде, Суағ – әйел бейнесінде, Яғус – арыстан бейнесінде, Яғуқ – ат бейнесінде, Нәср – бүркіт бейнесінде еді».

Тағы былай делінген: «Жермен-жексен болған Нұх қауымының пұттарының тікелей арабтарға қалай өткені түсініксіз. Шамасы, аттары ғана өткен сияқты. Себебі арабтар бірталай пұт жасап, оларға сол атауларды берген және Абд Яғус, Абд Яғуқ деп сол пұттардың атын қосақтап балаларына ат қойған. Әбу Османның айтуынша, олар дәл Нұх дәуірінен қалмаған, тек сол атаулармен аталған болу керек».

Алуси, әуелгі риуаяттағыдай, «олардың бәрі де адам бейнесінде еді» деген пікірді ең дұрысы деп қабылдайды. Бұл атаулар арабша болмағандықтан, Уәд пен Яғус атаулары үндістердің Уәдә, Уяса атауларына ұқсас болғаны ойға оралады.

  1. 1Бұхари, Тәпсір, Нұх 1.
  2. 2«Нұх» сүресі, 23-аят
  3. 3Елмалылы атын атамаса да ибн Хажардың Суһайлидің «ат-Тағриф» атты кітабынан алған бір риуаяты осы мәселені анық түсіндіреді: «Аңыз бойынша, Яғус – әзірет Адамның ұлы Шиттің баласы еді. Суағ пен басқалары да солай. Жұрт олардың дұғасын алса, құт-берекеге кенелеміз деп сенетін. Олардың біреуі өлетін болса, оның бет-бейнесіне ұқсатып мүсін (пұт) жасайтын. Әуелгі кезде бұл пұттарды (қолмен сипап) құрметтейтін. Уақыт өте келе шайтанның азғыруымен бірте-бірте табына бастайды. Кейінірек жәһилият дәуіріндегі арабтар арасында оларға табыну әдетке айналды...»