Хадис

Кутуб ситтә, № 840

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
115. «Тахрим» сүресі
Нөмірі
№ 840 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
840
Кутуб ситтә, № 840 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ كَانَ لَهُ أَمَةٌ يَطُؤَهَا فَلَمْ تَزَلْ بِهِ عَائِشَةُ وَحَفْصَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا حَتَّى حَرَّمَهَا عَلَى نَفْسِهِ، فَنَزَلَ: لِمَ تُحَرِّمُ مَا أَحَلَّ اللَّهُ لَكَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Расулалланың (с.а.с.) жақындық жасайтын бір күңі бар еді. Айша мен Хафса (р.а.) осы мәселені қозғап, оны өзіне харам еткенге дейін сөзін қоймады. Соңында Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл күңді өзіне харам қылды. Осыған байланысты ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ لِمَ تُحَرِّمُ مَآ أَحَلَّ ٱللَّهُ لَكَ تَبْتَغِى مَرْضَاتَ أَزْوَٰجِكَ وَٱللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ “Уа, пайғамбар! Жұбайларыңның разылығын қалап, көңілін табам деп, неліктен Алланың адал еткенін өзіңе харам қыласың?! Алла − Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!” деп басталатын «Тахрим» сүресі түсті».1

Түсіндірме

«Тахрим» сүресінің түсу себебіне қатысты үш риуаят келтірдік. Алғашқы екеуі бір оқиғаға қатысты болғанмен, үшінші риуаятта басқа оқиға баяндалған. Тәпсір кітаптарында басқа оқиғалар да жазылған. Мәселені зерттеген ғалымдар бұл сүренің түсуіне бір емес бірнеше себеп түрткі болғанын айтады. Соған байланысты, көптеген аяттар мен сүрелерде болғанындай, бұл жерде де түсу себебі емес себептері жайлы айтқан дұрысырақ болады. Тақырыпқа қатысты бірнеше мәселеге тоқталайық:

1. Бал шәрбаты мәселесі: Алғашқы екі риуаят осы оқиғамен байланысты. Оқиғаға сырттай қарағанда ардақты аналарымыз жайлы бейәдеп пікірлер туындауы мүмкін бола тұра, егжей-тегжейлі зерттей келе, Расулалланың (с.а.с.) өмірінен мүминдер дәріс алатын көптеген өнегелерді қамтығанын айтуға болады. Сондай-ақ қаншама пайдалы мағлұмат алуымызға себеп болған осы оқиғаға қарап, Алла Елшісінің көп әйелмен үйленуінің қыр-сырын, хикметін тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз. Тіпті басқа ешбір пайдасы да, мақсаты да жоқ дегеннің өзінде, тек қана «Тахрим» сүресінің түсуіне себеп болуы Расулалланың көп әйелмен үйленуіне жеткілікті дәлел болып табылады. Мұхаммед үмбеті, әсіресе әйелдер қауымы соның себепкерлігімен орасан зор мейірімге бөленген. Бұл сөзіміз шындық. Ила оқиғасының себептері мен «Тахрим» сүресінің түсу себептерін көрсеткен риуаяттарды тереңірек зерттеп көргендер осы сөзбен келісері сөзсіз.

Ила оқиғасының себептері мен «Тахрим» сүресінің түсу себептері кейбір риуаяттарда бірдей. Осы риуаяттар Расулалланың (с.а.с.) күнделікті өмірін, әйелдерімен қарым-қатынасын, отбасылық сұхбаттары мен олардың мән-мазмұнын, әйел табиғатындағы қызғаныш сезімі мен сол қызғаныштан туындаған іс-әрекеттерге қарсы Алла Елшісінің қолданған тәсілдері мен жүргізген саясатын жарыққа шығарады.

Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік:

1) Ила жайлы түсіндірмелерге тереңірек үңіліп қарасақ (№109–112 хадистерге қараңыз), мынаны көруге болады, ардақты Пайғамбар күнде таң намазынан кейін Күн шыққанға дейін мешітте болып сахабалармен сұхбат жүргізетін. Бұл өзгермес қағида еді. Тек Ила жасауды шешкен күні осы қағидасын бұзған. Пайғамбардың «сұхбатты тәрк еткеніне» қарап сахабалар «Ғассанилердің шабуылынан» да маңызды бір оқиға болғанын ойлап, қатты алаңдаған.

2) Аталмыш №838 хадис күнде екінті намазынан кейін Расулалланың әйелдеріне кіріп шыққанын айтады. Кейбір ғалымдар таң намазынан кейін кіріп шыққанын айтқан риуаят пен осы риуаят арасында қарама-қайшылық бар дегенмен, бір сенімді көзқарас бойынша, қарама-қайшылық жоқ. Таңертең, бәлкім, жағдайларын сұрау үшін қысқа уақытқа кіріп шыққан болар, ал екінтіден кейін әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелесіп ұзағырақ отырған.

3) Осы риуаяттан Алла Елшісінің (с.а.с.) әйелдеріне кіріп-шығу уақытының шегін белгілеп қойғанын байқаймыз. Алла елшісі күнде сол уақытпен жүрген, не азайтпаған, не кемітпеген. Өйткені бір мәртесінде өзіне ұсынылған «бал шәрбатының құрметі үшін» біршама ұзартқанда, басқа әйелдері арасында «Неге кешікті екен?» деп алаңдаушылық туындап, олардың өзара ойластырып іс жасауына түрткі болған әрі сол жалғасын тапқан оқиғалар арқылы «Тахрим» сүресінің түсуіне себеп болған.

Осы екі оқиғаны Пайғамбарымыздың «уақыт» жайлы түсінігін баяндайтын басқа риуаяттармен бірге алып қарағанда, Алла Елшісінің (с.а.с.) күнделікті өмірін жоспарлап қойғанын көреміз. Белгілі бір уақытқа жоспарлап қойған істерін уақытылы жасаған, әрбір ісін белгілі бір уақыт ішінде аяқтаған, жоспарлап қойған уақытын өзгертпеген.

4) Осы оқиғаларды баяндайтын риуаяттардан мынаны да байқауға болады: әйелдері Алла Елшісін бір-бірінен қызғанып, оған біршама қиындық тудырған: бас көтерген, қарсы шыққан, қырсықтық танытқан, өкпелеп сөйлемей қойған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйел табиғатынан туындаған осындай әрекеттерге күлімсіреп, төзіммен тамашалаған. Осы мәселенің маңыздылығына орай, Ила оқиғасы жайлы әзірет Омардың ішінде көптеген хикметтер мен пайдалар бар бір риуаятынан бірнеше тұжырымды ұсынамыз:

«Бір ансарлық көршім бар еді. Расулаллаға кезекпен баратынбыз. Бір күні ол барып, уахи т.б. жаңалықтарды маған айтып келетін. Ертеңіне мен барып, сол күнгі жаңалықтарды оған айтып беретінмін. Бір күні сол көршім маған келіп, есікті тарсылдата ұрды. Дереу сыртқа шықтым. Ол қатты алаңдап: «Маңызды бір оқиға болды!» – деді. «Ғассанилер шапты ма?!» – дедім. «Одан да үлкен, Расулалла әйелдерін талақ етіпті», – деді. Мен ішімнен: «Қап, Хафса құритын болды ғой! Өзім де соны күтіп едім», – дедім. Тіке Хафсаға бардым. Жылап отыр екен».

Әзірет Омар Расулалланың басқа әйелдерінде де, мешіттегі жамағатта да – бәрінде де бірдей мұң бар екенін аңғарып, әрі Расулалланың (с.а.с.) талақ айтпағанын түсініп, Расулаллаға мұңын шағады: «Уа, Алла елшісі, бізді білесің, біз, құрайыштықтар, әйелдерге сөзімізді тыңдататын едік. Кейін Мәдинаға келген кезімізде, бұл жерде әйелдердің еркектерге дауыс көтеретінін көрдік. Біздің әйелдер де олардан үйреніп алды. Бір күні әйеліме ашуланып едім, өзіме қарсы сөз айтты! Онысын дұрыс көрмей, ұрысып тастадым. Сол сәтте «Маған неге ұрысасың? Уаллаһи, Расулалланың әйелдері де оған қарсы жауап береді, дауыс көтереді. Тіпті керек десең, олар күндіз өкпелеп түнге дейін Расулаллаға қарамай қояды», – деді. Хафсаға: «Расулаллаға сен де қарсы сөз айтып, дауыс көтересің бе?» – дедім. «Иә, ешқайсымыз, сол күні түнге дейін қасына жоламаймыз», – деді. «Қайсыбірің солай жасайтын болсаңдар, мол зиян шегіп, үлкен қайғыға душар боласыңдар. Қайсысың Алла Елшісін өкпелетіп, Алланың ашуына ұшырамайтынына сенімдісіңдер? Бір Алла біледі, бір сәтте-ақ құритын боласыңдар», – дедім.

Әзірет Омар былай дейді: «Мен осылай деген соң, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күлімсіреді». Әзірет Омар ары қарай былай дейді: «Хафсаға: «Абай бол, Расулаллаға қарсы жауап беріп, дауыс көтерме, одан ештеңе талап етуші болма. Бірдеңе керек болса, маған айт. Абай бол, кейбір құрбыларыңның Расулаллаға сенен сүйкімдірек болып көрінуі, оның көңілін аулауы сені алдатып, қателікке ұрындырмасын», – деп айттым. Әзірет Омар Расулалланың (с.а.с.) осы сөзден кейін де күлімсірегенін айтады.

Ила оқиғасының мән-жайын анықтайтын кезде әзірет Омар тек қызы Хафсаға ғана емес, әзірет Айша, Үммі Сәләма секілді басқаларына да барып, Расулаллаға қарсы шығып ренжіткендері үшін біраз ұрыспақшы болады. Үммі Сәләма (р.а.) мен оның арасында өткен мына әңгіме назар аудартарлық:

....Омар кейін Үммі Сәләманың қасына барып: «Уа, Үммі Сәләма, сендер Пайғамбарға бір мәселені айтып, артынша оған қарсы шығасыңдар ма?» – деді. Үммі Сәләма: «Мынаған қара! Саған таңым бар! Сен қашаннан бері Расулалла мен әйелдерінің мәселесіне араласатын болғансың?!» – деп қарсылық танытады.

5) Омардың (р.а.) Ила оқиғасы жайлы айтқан сөздерінде өте құнды мәліметтер бар, оларды басқа риуаяттардан таппаймыз. Солардың біреуі Расулалланың бір ай бойы тұрған мәшруба деген бөлмесінің қарапайымдылығы: қабырғада (Зейнеп бинт Жахш өңдеген) және ұнамсыз иіс шығарған бірнеше тері, тері өңдегенде қолданылатын акасия ағашының бірнеше жемісі, денесінде із қалдырған ши төсеніш және ішінде құрма талшықтары салынған тері жастық.

Әзірет Омар осы көріністен әсерленіп, өзін ұстай алмай көзіне жас алып, былай дейді: «Уа, Алла елшісі! Алланың екі дұшпаны Иран мен Византия патшалары атлас пен жібектер үстінде жатқан кезде, бүкіл әлемдердің Раббысының Елшісі әрі сүйіктісі мына сен ши төсеніш пен құрма талшығынан жасалған жастықта жатырсың (бұл қалай болғаны?)». Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Олардың нығметі фәни дүниеде берілген, (о дүниеде мақұрым қалады, оған қызығып қайтесің)», – деп жауап береді.

6) Мәшрубағы жағымсыз иіс шығарған терілер мен тері өңдеуде қолданылатын, еменге ұқсас акасия ағашының жемісі жайлы мәліметтер Алла Елшісінің (с.а.с.) ардақты әйелі Зейнеп бинт Жахш анамыздың тері өңдейтін шебер болғаны, өз қолымен жасаған өнімдерін сатып тапқан ақшасын Алла жолында садақа етіп бергені жайлы риуаяттардың басын қосқанда, мәшруба делінген осы бөлменің тері өңдейтін кішігірім ателье қызметін атқарғанын аңғарамыз.

Олай болса, «Тахрим» сүресінің түсуіне себеп болған оқиғалар бізге ардақты Пайғамбардың бақытқа толы үйінде кішігірім шеберхана типтес орын бар болғанын білуімізге мүмкіндік береді. Мұндай сүннетті білу әрбір мұсылманның өз үйінде осы сүннетті орындауға тырысуы – экономикамызға үлкен үлес қосатын орасан зор нығмет, әсіресе, қазіргі уақытта.

«Тахрим» сүресінің түсуіне себеп болған бір-бірімен жалғасымды оқиғалардың және осы оқиғалардың дәл ортасында жүрген Расулалланың (с.а.с.) көп әйелмен үйленуінің бұл үмбетке әкелген бірнеше игілігін еске түсірген болдық. Риуаяттарды тереңірек зерттейтін болсақ, басқа да көптеген игіліктерін табуға болады. هَذَا مِنْ فَضْلِ رَبِّنَا الْكَرِيمِ

  1. 1Нәсәи, Ишрәтун-ниса, 4, (7, 71).