Хадис

Кутуб ситтә, № 838

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
115. «Тахрим» сүресі
Нөмірі
№ 838 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
838
Кутуб ситтә, № 838 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُحِبُّ الْعَسَلَ وَالْحَلْوَ، وَكَانَ إِذَا انْصَرَفَ مِنْ صَلَاةِ الْعَصْرِ دَخَلَ عَلَى نِسَائِهِ فَيَدْنُو مِنْ إِحْدَاهُنَّ فَدَخَلَ عَلَى حَفْصَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فَاحْتَبَسَ أَكْثَرَ مِمَّا كَانَ يَحْتَبِسُ. فَغِرْتُ فَسَأَلْتُ عَنْ ذَلِكَ، فَقِيلَ لِى أَهْدَتْ لَهَا امْرَأَةٌ مِنْ قَوْمِهَا عُكَّةً مِنْ عَسَلٍ، فَسَقَتِ النَّبِىَّ ﷺ مِنْهُ شَرْبَةً. فَقُلْتُ: أَمَا وَاللَّهِ لَنَحْتَالَنَّ لَهُ. فَقُلْتُ لِسَوْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا إِنَّهُ سَيَدْنُو مِنْكِ فَإِذَا دَنَا مِنْكَ فَقُولِى لَهُ يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَكَلْتَ مَغَافِيرَ؟ فَإِنَّهُ سَيَقُولُ لَكِ لَا. فَقُولِى لَهُ مَا هَذِهِ الرِّيحُ الَّتِى أَجِدُ مِنْكَ؟ وَكَانَ يَشْتَدُّ عَلَيْهِ أَنْ يُوجَدَ مِنْهُ الرِّيحُ. فَإِنَّهُ سَيَقُولُ سَقْتِنِى حَفْصَةُ شَرْبَةَ عَسَلٍ: فَقُولِى لَهُ جَرَسَتْ نَحْلُهُ الْعُرْفُطَ، وَسَأقُولُ ذَلِكَ. وَقُولِى أَنْتِ يَا صَفيَّةُ ذَلِكَ. قَالَتْ: تَقُولُ سَوْدَةُ. فَوَاللَّهُ الَّذِي لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ مَا هُوَ إِلَّا أَنْ قَامَ عَلَى الْبَابِ، فَأَرَدْتُ أَنْ أَبَادِيَهُ بِمَا أَمَرْتِنِى فَرَقًا مِنْكِ، فَلَمَّا دَنَا مِنْهَا قَالَتْ لَهُ سَوْدَةُ: يَارَسُولَ اللَّهِ أَكَلْتَ مَغَافِيرَ؟ قَالَ لَا. قَالَتْ: فَمَا هَذِهِ الرِّيحُ الَّتِى أَجِدُ مِنْكَ؟ قَالَ سَقَتْنِى حَفْصَةُ شَرْبَةَ عَسَلٍ. قَالَتْ: لَعَلَّ نَحْلَهُ جَرَسَتِ الْعُرْفُطَ. قَالَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: فَلَمَّا دَارَ إِلَيَّ قُلْتُ لَهُ مِثْلَ ذَلِكَ. فَلَمَّا دَارَ إِلَى صَفِيَّةَ قَالَتْ لَهُ مِثْلَ ذَلِكَ. فَلَمَّا دَارَ إِلَى حَفْصَةَ قَالَتْ يَارَسُولَ اللَّهِ: أَلَا أَسْقِيكَ مِنْهُ؟ قَالَ لَا حَاجَةَ لِى فِيهِ، قَالَتْ سَوْدَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: وَاللَّهُ لَقَدْ حَرَّمْنَاهُ. فَقُلْتُ لَهَا: اسْكُتِى». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бал мен тәтті нәрселерді жақсы көретін. Сондай-ақ екінті намазын оқығаннан кейін (күн сайын) әйелдеріне жеке-жеке кіріп шығатын, олармен әңгімелесетін. Сондай сәттердің бірінде әзірет Хафсаның (р.а.) жанына барған еді. Бұл жолы оның жанында әдеттегіден көбірек уақыт аялдады. Мен соны қызғанып, себебін (Расулалланың басқа әйелдерінен) сұрадым. Маған: «Оның жақындарынан бір әйел Хафсаға бір оққа (Таиф) бал тарту етіпті, Расулаллаға содан шәрбат жасап берген болуы мүмкін, (сол шәрбаттың құрметіне көбірек аялдаған болар)», – деді. Мен: «Аллаға ант етемін, оған айла ойластырамын», – дедім. Сәудаға (р.а.): «(Хафсадан кейін кезек сенде) Ол ішке кірген соң саған жақындайды. Сол кезде оған: «Уа, Алла елшісі! Мағафир1 жегенсіз бе?» деп айт. (Мен білемін, ол саған:) «Жоқ!» деп айтады. Сол сәтте сен: «Олай болса, сенен шығып тұрған мынау қандай иіс?» дейсің».

Бір риуаятта әзірет Айша былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінен ұнамсыз иіс шыққанын ұнатпайтын, ондай кезде мазасы кететін (сол себепті шындықты мойындап) міндетті түрде «Хафса маған бал шәрбатын берді» дейтін болады. Сол мезетте сен оған «Демек, ара балды урфут гүлінен жинаған болар» дейсің. (Сенен кейін маған келген кезде) мен де солай жасап, осылай айтамын. Сәфия, саған барған кезде, сен де солай айт!» – дедім».

Әзірет Айша сөзін жалғастырып: «Сәуда (кейінірек маған) былай деді: «Аллаға ант етейін, маған айтқандарыңды Расулалла есіктен кірісімен, сенен қорыққаным үшін (ұмытпай тұрып) бірден айтпақшы болдым». Не керек, Расулалла өзіне жақындағанда, Сәуда: «Уа, Алла елшісі, мағафир жегенсіз бе?» – дейді. Ол «Жоқ!» деп жауап береді. Сол кезде екеуара мынадай әңгіме өрбиді:

– Олай болса, бұл ненің иісі?

– Хафса маған бал шәрбатын ұсынды.

– Демек, ара урфут жеген болар.

Әзірет Айша (р.а.) әңгімесін әрі қарай жалғастырады: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған келгенде, мен де дәл сол нәрселерді айттым. Сәфия да сол нәрселерді айтты.

Расулалла келесі жолы Хафсаның жанына барғанда, Хафса: «Уа, Алла елшісі, өткендегі шәрбаттан берейін бе?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жоқ, керек емес», – деп жауап береді. (Осы жағдайды естіген кезде) Сәуда: «Аллаға ант етейін, балды оған харам қылдық!» – деді. Мен оған: «Үндеме», – дедім».2

  1. 1«Мағафир» урфут деп аталатын, еменге ұқсайтын ағаштан сүзіліп шығатын, иісі ұнамсыз шырын.
  2. 2Бұхари, Талақ 8, Неке 103, Атғима 32, Әшриба 10, 15, Тибб 4, Һиял 5; Мүслим, Талақ 20, (1474); Әбу Дәуіт, Әшриба 11, (3715); Нәсәи, Талақ 16, (6, 151, 152).