وَعَنْ خَوْلَةَ بِنْتِ مَالِكٍ بْنِ ثَعْلَبَةَ قَالَتْ: «ظَاهَرَ مِنِّى زَوْجِى أَوْسُ بْنُ الصَّامِتِ فَجِئْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَشْكُو إِلَيْهِ، وَرَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُجَادِلُنِى فِيهِ وَيَقُولُ: اتَّقِي اللَّهَ فَإِنَّهُ ابْنُ عَمِّكِ، فَمَا بَرِحْتُ حَتَّى نَزَلَ الْقُرْآنُ: قَدْ سَمِعَ اللَّهُ قَوْلَ الَّتِى تُجَادِلُكَ فِي زَوْجِهَا إِلَى الْفَرْضِ. قَالَ: يَعْتِقُ رَقَبَةً. قُلْتُ:لَا يَجِدُ. قَالَ: فَيَصُومُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّهُ شَيْخٌ كَبِيرٌ مَا بِهِ مِنْ صِيَامٍ. قَالَ: فَلْيُطْعِمْ سِتِّينَ مِسْكِينًا. قُلْتُ: مَا عِنْدَهُ شَيْءٌ يَتَصَدَّقُ بِهِ. قَالَ: فَإِنِّى سَأَعِينُهُ بِعَرَقٍ مِنْ تَمْرٍ. قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: وَأَنَا أَعِينُهُ بِعَرَقٍ آخَرَ. قَالَ: قَدْ أَحْسَنْتِ. اذْهَبِى فَأَطْعِمِى بِهَا عَنْهُ سِتِّىنَ مِسْكِينًا وَارْجِعِى إِلَى ابْنِ عَمِّكِ. قَالَ: وَالْعَرَقُ سِتُّونَ صَاعًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Хаула бинт Мәлик ибн Сағлаба (р.а.) былай дейді: «Күйеуім Әус ибн әс-Сәмит маған зиһар айтты. Алла елшісіне (с.а.с.) барып, шағымымды айттым. Ол менімен күйеуімнің жайын талқылап: “Алладан қорық. Ол – әкеңнің бауырының баласы”, – деді. Мен сол жерден кетпей тұрып, Құранның мына аятынан кәффарат міндеттелген тұсына дейінгі аяттар түсті: ﴿قَدْ سَمِعَ ٱللَّهُ قَوْلَ ٱلَّتِى تُجَٰدِلُكَ فِى زَوْجِهَا وَتَشْتَكِىٓ إِلَى ٱللَّهِ وَٱللَّهُ يَسْمَعُ تَحَاوُرَكُمَآ إِنَّ ٱللَّهَ سَمِيعٌۢ بَصِيرٌ﴾ “Алла күйеуіне қатысты өзіңе жолығып, сенімен дауласқан һәм Аллаға арыз айтып мұңын шаққан әйелдің сөзін естіді. Алла екеуіңнің сөздеріңді естуде. Шүбәсіз, Алла – Самиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін көруші)”.1
Уахи түскеннен кейін Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Күйеуің бір құл азат етеді, – деді. Мен:
– Оның құл азат етуге шамасы жоқ! – дедім. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Олай болса, екі ай қатарынан ораза ұстасын, – деді. Мен:
– Уа, Алла елшісі, күйеуім әбден қартайды, ондай оразаға шыдай алмайды! – дедім.
– Олай болса, алпыс кедейді тойдырсын! – деді. Мен:
– Оның садақаға беретін ештеңесі жоқ, – дедім.
– Олай болса, оған мен жәрдем берейін. Мына бір арақ құрманы алып бар, – деді.
– Уа, Алла елшісі, мен де тағы бір арақ құрма беріп көмектесейін, – дедім.
– Жақсы айттың. Барып, осы құрмамен күйеуіңнің атынан алпыс кедейді тойдыр. Содан кейін күйеуіңе қайта қосыл, – деді».
Рауидің айтуынша, бір арақ – алпыс сағ сыятын өлшем ыдысы.2
Түсіндірме
Оқиғаның түсіндірмесі алдыңғы риуаятта берілді. Бұл нұсқа да Алла елшісінің (с.а.с.) үмбетіне көрсеткен мейірімін танытады.