Хадис

«Мужадилә» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 107-тарау · 4 хадис · № 817–820

Хадистер

817
Кутуб ситтә, № 817 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي وَسِعَ سَمْعُهُ الْأَصْوَاتَ. لَقَدْ جَاءَتِ الْمُجَادِلَةُ خَوْلَةُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ تُكَلِّمُهُ وَأَنَا فِي جَانِبِ الْبَيْتِ، مَا أَسْمَعُ مَا تَقُولُ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: قَدْ سَمِعَ اللَّهُ قَوْلَ الَّتِى تُجَادِلُكَ فِي زَوْجِهَا وَتَشْتَكِى إِلَى اللَّهِ الْآيَة». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ وَالنَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деді: «Барлық дауысты еститін Аллаға мадақ болсын. Хаула Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, күйеуі жайлы шағым айтты. Мен үйдің бір шетінде едім, оның не айтып жатқанын естімедім. Сол кезде Алла Тағала ﴿قَدْ سَمِعَ ٱللَّهُ قَوْلَ ٱلَّتِى تُجَٰدِلُكَ فِى زَوْجِهَا وَتَشْتَكِىٓ إِلَى ٱللَّهِ وَٱللَّهُ يَسْمَعُ تَحَاوُرَكُمَآ إِنَّ ٱللَّهَ سَمِيعٌۢ بَصِيرٌ﴾ “Алла күйеуіне қатысты өзіңе жолығып, сенімен дауласқан һәм Аллаға арыз айтып мұңын шаққан әйелдің сөзін естіді. Алла екеуіңнің сөздеріңді естуде. Шүбәсіз, Алла – Самиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін көруші)”1 деген аятты түсірді».2

Түсіндірме

Аятта айтылған әйел – ансарлық Әус ибн Самиттің (р.а.) әйелі Хаула бинт Сағлаба (р.а.). Әус қартайып, жағдайы мүшкіл еді. Бір күні әйелі одан бір нәрсе сұрағанда, ол ашуланып: أَنْتِ عَلَيَّ كَظَهْرِ أُمِّي «Сен мен үшін анамның арқасындайсың», – дейді. Бұған зиһар дейді. Жаһилият дәуіріндегі ажырасудың бір түрі еді. Солай айтқан еркекке әйелі харам болады, онымен жыныстық қатынасқа түсе алмайды.

Бұл Исламдағы ең алғашқы зиһар еді. Әус айтқан сөзіне сол сәтте-ақ пұшайман болып, әйелін өзіне шақырады, алайда әйелі қарсылық танытып: «Жанымды құдірет қолында ұстаған Раббыма ант етейін, сен сол сөзді айтқаннан кейін Алла мен Оның Елшісі (с.а.с.) үкімін бергенге дейін сен менің жаныма келе алмайсың. Бар-дағы, Расулалламен ақылдас», – дейді. Әус: «Мен ұяламын, Расулалладан бұны сұрай алмаймын», – деген соң, әйел: «Олай болса мен сұраймын», – деп пайғамбардың құзырына барып былай деді: «Уа, Алла елшісі, Әуспен үйленгенімде жас едім, сұлу едім, бірақ қазір қартайдым, бірнеше балам бар, енді мені анасы секілді қылды, жалғыз қалдырды, егер маған рұқсат беріп, онымен қайтадан қосатын болсаң айт». Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен бұл мәселеде осыған дейін Алладан уахи алмадым, менің ойымша, сен боссың!» – деп жауап берді. Әйел: «Уаллаһи, талақ айтпады!» – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтадан: «Харам болыпсың!» – деді. Әйел қайта-қайта жалынып: «Уа, Алла елшісі, жаным құрбан, маған жәрдем беріңіз!» – деді. Алла Елшісінің (с.а.с.) жауабы өзгермеген соң, әйел Аллаға бет бұрып: «Я, Алла! Жалғыздығымның қасіретінен, мені қинайтын ажырасудың қайғысын саған шағымданамын. Кішкентай балаларым бар, оларды оған қалдырсам, құриды, өзіме алсам, аш қалады!» – деп көз жасын төгіп, басын көкке қаратып: «Я, Алла, саған шағымымды айтамын. Я, Алла, Пайғамбарыңа уахи түсір!» – деп жалбарынды. Сол жерден кетпей жатып, жоғарыдағы аят пен оның жалғасы түсті. Осы аяттарда Алла Тағала жаһилият дәуіріндегі зиһар деп аталған ажырасу түрінің Исламдағы орнын, жазасын баяндады. Аяттың жалғасы былай: ﴿ٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِنكُم مِّن نِّسَآئِهِم مَّا هُنَّ أُمَّهَٰتِهِمْ إِنْ أُمَّهَٰتُهُمْ إِلَّا ٱلَّٰٓـِٔى وَلَدْنَهُمْ وَإِنَّهُمْ لَيَقُولُونَ مُنكَرًا مِّنَ ٱلْقَوْلِ وَزُورًا وَإِنَّ ٱللَّهَ لَعَفُوٌّ غَفُورٌ ۝ وَٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِن نِّسَآئِهِمْ ثُمَّ يَعُودُونَ لِمَا قَالُوا۟ فَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مِّن قَبْلِ أَن يَتَمَآسَّا ذَٰلِكُمْ تُوعَظُونَ بِهِۦ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ ۝ فَمَن لَّمْ يَجِدْ فَصِيَامُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ مِن قَبْلِ أَن يَتَمَآسَّا فَمَن لَّمْ يَسْتَطِعْ فَإِطْعَامُ سِتِّينَ مِسْكِينًا ذَٰلِكَ لِتُؤْمِنُوا۟ بِٱللَّهِ وَرَسُولِهِۦ وَتِلْكَ حُدُودُ ٱللَّهِ وَلِلْكَٰفِرِينَ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾ «Араларыңда әйелдеріне зиһар айтқандар біліп қойсын, әйелдері олардың аналары емес. Олардың аналары өздерін туған әйелдер ғана. Анығында, олар өте жағымсыз әрі жалған сөз айтуда. Соған қарамастан Алла Афу (кешірімі мол), Ғафур (өте кешірімді)! Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып, бір құлды азат етуі тиіс. Сендерге бұйырылған нәрсе, міне, сол. Алла сендердің не істеп жүргендеріңнен толық хабардар! Азат ететін құл таппаған, яки оған шамасы келмеген зиһар айтқан әйелімен жақындаспай тұрып, қатарынан екі ай үзбей ораза ұстауы керек. Оған да шамасы жетпегендер алпыс пақыр-міскінді тамақтандыруы ләзім. Бұл – Аллаға және Елшісіне кәміл иман келтірулерің үшін кесілген үкім. Бұлар – Алланың белгілеген шектеулері! Кәпірлер үшін жан төзгісіз азап бар!»3.

  1. 1«Мужадилә» сүресі, 1-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәухид», 9; Нәсәи, «Талақ», 33 (№3460); Ибн Мәжа, «Талақ», 25 (№2063).
  3. 3«Мужадилә» сүресі, 2–4-аяттар.
818
Кутуб ситтә, № 818 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ خَوْلَةَ بِنْتِ مَالِكٍ بْنِ ثَعْلَبَةَ قَالَتْ: «ظَاهَرَ مِنِّى زَوْجِى أَوْسُ بْنُ الصَّامِتِ فَجِئْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَشْكُو إِلَيْهِ، وَرَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُجَادِلُنِى فِيهِ وَيَقُولُ: اتَّقِي اللَّهَ فَإِنَّهُ ابْنُ عَمِّكِ، فَمَا بَرِحْتُ حَتَّى نَزَلَ الْقُرْآنُ: قَدْ سَمِعَ اللَّهُ قَوْلَ الَّتِى تُجَادِلُكَ فِي زَوْجِهَا إِلَى الْفَرْضِ. قَالَ: يَعْتِقُ رَقَبَةً. قُلْتُ:لَا يَجِدُ. قَالَ: فَيَصُومُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّهُ شَيْخٌ كَبِيرٌ مَا بِهِ مِنْ صِيَامٍ. قَالَ: فَلْيُطْعِمْ سِتِّينَ مِسْكِينًا. قُلْتُ: مَا عِنْدَهُ شَيْءٌ يَتَصَدَّقُ بِهِ. قَالَ: فَإِنِّى سَأَعِينُهُ بِعَرَقٍ مِنْ تَمْرٍ. قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: وَأَنَا أَعِينُهُ بِعَرَقٍ آخَرَ. قَالَ: قَدْ أَحْسَنْتِ. اذْهَبِى فَأَطْعِمِى بِهَا عَنْهُ سِتِّىنَ مِسْكِينًا وَارْجِعِى إِلَى ابْنِ عَمِّكِ. قَالَ: وَالْعَرَقُ سِتُّونَ صَاعًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Хаула бинт Мәлик ибн Сағлаба (р.а.) былай дейді: «Күйеуім Әус ибн әс-Сәмит маған зиһар айтты. Алла елшісіне (с.а.с.) барып, шағымымды айттым. Ол менімен күйеуімнің жайын талқылап: “Алладан қорық. Ол – әкеңнің бауырының баласы”, – деді. Мен сол жерден кетпей тұрып, Құранның мына аятынан кәффарат міндеттелген тұсына дейінгі аяттар түсті: ﴿قَدْ سَمِعَ ٱللَّهُ قَوْلَ ٱلَّتِى تُجَٰدِلُكَ فِى زَوْجِهَا وَتَشْتَكِىٓ إِلَى ٱللَّهِ وَٱللَّهُ يَسْمَعُ تَحَاوُرَكُمَآ إِنَّ ٱللَّهَ سَمِيعٌۢ بَصِيرٌ﴾ “Алла күйеуіне қатысты өзіңе жолығып, сенімен дауласқан һәм Аллаға арыз айтып мұңын шаққан әйелдің сөзін естіді. Алла екеуіңнің сөздеріңді естуде. Шүбәсіз, Алла – Самиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін көруші)”.1

Уахи түскеннен кейін Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

– Күйеуің бір құл азат етеді, – деді. Мен:

– Оның құл азат етуге шамасы жоқ! – дедім. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

– Олай болса, екі ай қатарынан ораза ұстасын, – деді. Мен:

– Уа, Алла елшісі, күйеуім әбден қартайды, ондай оразаға шыдай алмайды! – дедім.

– Олай болса, алпыс кедейді тойдырсын! – деді. Мен:

– Оның садақаға беретін ештеңесі жоқ, – дедім.

– Олай болса, оған мен жәрдем берейін. Мына бір арақ құрманы алып бар, – деді.

– Уа, Алла елшісі, мен де тағы бір арақ құрма беріп көмектесейін, – дедім.

– Жақсы айттың. Барып, осы құрмамен күйеуіңнің атынан алпыс кедейді тойдыр. Содан кейін күйеуіңе қайта қосыл, – деді».

Рауидің айтуынша, бір арақ – алпыс сағ сыятын өлшем ыдысы.2

Түсіндірме

Оқиғаның түсіндірмесі алдыңғы риуаятта берілді. Бұл нұсқа да Алла елшісінің (с.а.с.) үмбетіне көрсеткен мейірімін танытады.

  1. 1«Мужадилә» сүресі, 1-аят.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Талақ», 17 (№2214). Сол тараудың басқа нұсқаларында арақ отыз немесе он бес сағ деп көрсетілген.
819
Кутуб ситтә, № 819 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا نَزَلَ قَوْلُهُ تَعَالَى: «يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نَاجَيْتُمُ الرَّسُولَ فَقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَىْ نَجْوَاكُمْ صَدَقَةً. قَالَ لِى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مَا تَرَى دِينَارًا؟ قُلْتُ: لَا يُطِيقُونَهُ. قَالَ: فَنِصْفُ دِينَارٍ؟ قُلْتُ:لَا يُطِيقُونَهُ. قَالَ: فَكَمْ؟ قُلْتُ: شَعِيرَةٌ. قَالَ: إِنَّكَ لَزَهِيدٌ. فَنَزَلَ: أَأَشْفَقْتُمْ أَنْ تُقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَىْ نَجْوَاكُمْ صَدَقَاتٍ الْآيَة. قَالَ: فَبِي خَفَّفَ اللَّهُ تَعَالَى عَنْ هَذِهِ الْأُمَّةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَقَالَ: يَعْنِي وَزْنَ شَعِيرَةٍ مِنْ ذَهَبٍ.

Қазақша аудармасы

Али ибн Әбу Талиб (р.а.) былай дейді: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِذَا نَٰجَيْتُمُ ٱلرَّسُولَ فَقَدِّمُوا۟ بَيْنَ يَدَىْ نَجْوَىٰكُمْ صَدَقَةً ذَٰلِكَ خَيْرٌ لَّكُمْ وَأَطْهَرُ فَإِن لَّمْ تَجِدُوا۟ فَإِنَّ ٱللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Алла елшісімен оңаша жолығып сөйлесетін болсаңдар, жолығып сөйлесер алдында садақа беріңдер. Міне, сол өздерің үшін қайырлы һәм жүрек тазалығы әрі шынайылық тұрғысынан ең дұрыс іс болмақ. Ал егер садақа беретін еш нәрсе таппасаңдар, әрине, Алла – Ғафур (кешірім иесі), Рахим (ерекше мейірімді)!»1 (Мужәдала, 12) деген аят түскен кезде, әзірет Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған:

– (Бұл садақа) бір динар болса, қалай қарайсың? – деп сұрады. Мен:

– Бұл өте көп, шамалары жетпейді, – дедім.

– Жарты динар болса ше? – деді.

– Оған да шамалары жетпейді, – дедім.

– Олай болса қанша болсын? – деді.

– Бір арпа дәнінің салмағындай алтын, – дедім.

– Тым аз мөлшер ұсындың ғой! – деді.

Осыған байланысты мына аят түсті: «Алла Елшісімен оңаша жолығып сөйлесер алдында садақа беруді ауырсындыңдар ма (яғни, жолыққан сайын садақа бере берсек, дүниеміз ортайып қалар деп қорықтыңдар ма)? Мұны істей алмадыңдар, Алла Тағала да (шексіз мейірімімен) сендерге кеңшілік жасады. Ендеше, намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер, Аллаға және Оның елшісіне бойсұныңдар. Алла не істеп жүргендеріңнен толық хабардар».2

Әзірет Али (р.а.) былай дейді: «Алла менің арқамда бұл үмбеттің жауапкершілігін жеңілдетті».3

Түсіндірме

Аят Алла елшісіне (с.а.с.) жеке мәселесін айтуға, дұға сұрауға немесе сауал қоюға барған адамға әуелі садақа беруді бұйырған.

Хадисті түсіндірушілер бұл бұйрықта екі мақсат бар екенін айтқан:

1. Алла елшісімен (с.а.с.) оңаша сөйлесудің қадірін арттыру. Адам қиындықпен қол жеткізген нәрсенің қадірін біледі. Оңай жеткен нәрсені бағалай бермейді.

Бұл бұйрықтан мұқтаж мүміндер де пайда көрер еді.

2. Алла Елшісіне (с.а.с.) баруды азайту. Бұл да өте маңызды мәселе. Бұны түсіну үшін ибн Аббастың сөзіне қарайық: «Халық Расулаллаға (с.а.с.) бір нәрселер сұрау үшін жиі барып кетті. Тіпті бұл жағдай Пайғамбарымызға (с.а.с.) машақат бере бастады. Алла Тағала Елшісінің ісін жеңілдетуді және халықтың келіп-кетуін азайтуды қалады. Осы мақсатпен Расулаллаға (с.а.с.) бармай тұрып садақа беру керектігін бұйырды».

Аяттың түсу себебіне қатысты Қатада мынаны риуаят етеді: «Осы аят байларға қатысты түсті, өйткені олар жиі баратын және кедейлердің алдын орағытып кететін. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олармен ұзақ отырып, жеке мәселелерін сөйлесуден мазасыздана бастады. Садақа беру бұйырылғанда, олар жеке сөйлесуден бас тартты. Өйткені кедейлер мен жағдайы жоқтар садақа бере алмады, ал байлар мен жағдайы жақсы кісілер сараңдық танытты».

Бұл жағдай сахабаларға қиын соқты. Содан кейін жеңілдік берген аят түсті: ﴿أَأَشْفَقْتُمْ أَنْ تُقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَيْ نَجْوَاكُمْ صَدَقَاتٍ ۚ فَإِذْ لَمْ تَفْعَلُوا وَتَابَ اللَّهُ عَلَيْكُمْ﴾ «Алла елшісімен оңаша жолығып сөйлесер алдында садақа берсеңдер, мұқтаж болып қаламыз деп қорықтыңдар ма? Егер мұны істемесеңдер де, Алла сендерге кеңшілік жасады».4

Осылайша, Алла Елшісіне (с.а.с.) жеке мәселесімен барғысы келген кедейлерге қайтадан жол ашылды.

Әлидің садақа мөлшерін бір арпа дәнінің салмағындай алтын деп ұсынуы аз мөлшердің де жеткілікті болатынын білдіреді. Алла елшісі оған «Сен нағыз заһид екенсің» деген. Бұл жерде заһид дүние-мүлкі аз, соған сай шағын мөлшер ұсынған адам деген мағынада айтылған.

Ибн Аббас (р.а.) пен Қатададан жеткен екі риуаят бір-бірін толықтырып тұр.

Садақа Алла елшісіне (с.а.с.) берілмей, мұқтаждарға арналды. Алла елшісі сыйлық қабылдаған, ал садақа мен зекет алмаған. Оларды өзінің әулетіне де алуға тыйым салған.

Тәпсірлерде әзірет Алидің мына оқиғасы жазылған: «Құран кәрімде бір аят бар, онымен менен бұрын ешкім амал жасамады, менен кейін де ешкім амал жасамады: Нәжуа (жеке мәселемен бару) аяты: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نَاجَيْتُمُ الرَّسُولَ . Осы аят түскен кезде менде бір динар бар еді. Бір динарды он дирһамға ұсаттым. Расулаллаға (с.а.с.) әр барған сайын, әуелі бір дирһам садақа бердім. Кейін ол аят насых етілді. Ешкім онымен амал жасамады».

  1. 1«Мужадилә» сүресі, 12-аят.
  2. 2«Мужадилә» сүресі, 13-аят.
  3. 3Тирмизи, «Тәпсір», «Мужадилә» (№3300; Жанан басылымында №3297).
  4. 4«Мужадилә» сүресі, 13-аят.
820
Кутуб ситтә, № 820 · тараудағы реті: 4

وَفِي رِوَايَةٍ لِرَزِينَ. قَالَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَا عَمِلَ بِهَذِهِ الْآيَةِ غَيْرِى.

Қазақша аудармасы

Али (р.а.) былай дейді: «Осы аятпен менен басқа ешкім амал жасамады».

Бұл – Рәзин жеткізген қосымша риуаят.1

Түсіндірме

Бұл риуаяттың мазмұны жоғарыда берілген түсіндірмелерге де, насых етуші аятқа да қайшы. Бәлкім, былай ойлаған дұрыс шығар: «Осы аятпен алғаш амал жасаған менмін, соңғы рет амал жасаған да менмін» дегісі келген шығар. Себебі өзі Алла Елшісіне (с.а.с.) жақын болғандықтан, онымен ең көп сөйлесуге мұқтаж болғандықтан, жоғарыда да айтылғандай, дереу динарын ұсақтаған. Кейбіреулері керексіз сөйлесуді тоқтатқандықтан, әрі садақа бермеді, әрі барып сөйлеспеді. Алайда әзірет Али жеңілдік берген аят түскенге дейін, өзінің маңызды мәселелерін сөйлесу үшін садақа беріп келген. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жамағаттың басындағы жағдайды сезгендіктен, садақа ретінде берілетін мөлшерді әзірет Алиден сұраған, ол «бір арпа дәнінің салмағындай алтын» деп, өзінің қиналып жүргенін сездірген, сонда Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «(түсінікті) сенің ақшаң аз» деп, «өте аз садақаға» рұқсат берген.

  1. 1Рәзин жеткізген. Ибн Кәсир тәпсірі (4-т., 326-б.).