Хадис

Кутуб ситтә, № 814

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
106. «Хадид» сүресі
Нөмірі
№ 814 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
814
Кутуб ситтә, № 814 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَا كَانَ بَيْنَ إِسْلَامِنَا وَبَيْنَ أَنْ عَاتَبَنَا اللَّهُ تَعَالَى بِقَوْلِهِ أَلَمْ يَأْنِ لِلذِينَ آمَنُوا أَنْ تَخْشَعَ قُلُوبُهُمْ لِذِكْرِ اللَّهِ إِلَّا أَرْبَعُ سِنِينَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Біздің мұсылман болуымыз бен Алла тағаланың “Иман келтіргендердің жүректері Алланың ұлы жолдауының (Құранның) һәм өздеріне түскен басқа да ақиқаттардың алдында тағзым етіп діріл қағатын һәм жұмсаратын (сөйтіп, Аллаға қалтқысыз мойынсұнатын) уақыт келмеді ме?”1 деген аятпен бізді ескертуінің арасында төрт-ақ жылдық уақыт бар».2

Түсіндірме

Осы аяттардың түсуіне қатысты әртүрлі риуаяттар бар. Жоғарыда берілген ибн Мәсғудтың риуаяты бойынша, аят Меккеде түскен. Уахидің төртінші жылында мүминдерге ескерту жасалған.

Ибн Аббастан жеткен бір риуаятта Исламның он үшінші жылында түскен. Түсу себебі ретінде әзіл-қалжыңға әуес болған кейбір сахабалар көрсетілген, сондай-ақ көпшілік сахабалардың босаңсуы көрсетілген. Ол былай болған еді: Меккеде әбден қиналған мүминдер Мәдинаға һижрет еткен соң, ол жерде тұрмысы жақсарып, босаңси бастады. Сөйтіп кейбіреулері жайбарақат әрекет етіп, бұрынғыға қарағанда қайрат-жігері мұқала бастады. Соған байланысты «оларға ескерту жасау үшін осы аят түсті» делінген.

Бұл пікірлердің келесі аяттың мазмұнымен сәйкес келмейтінін айтқан тәпсір ғалымдары адам табиғатындағы бір заңдылыққа назар аудартылғанын айтады. Оның ойынша, қоғамның да адамдар секілді балалық, жастық, қарттық шағы бар. Иманнан туындаған ұқыптылық, қайрат-жігер уақыт өте келе мұқалуы мүмкін, қоғам да солай. Олай болса, осындай жағдайларда қайтадан жігер беруге болады, ал оған иманның арқасында қол жеткізуге болады. Өйткені бір аятта Алла Тағала мүминдерді былайша суреттейді:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ إِذَا ذُكِرَ اللَّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَإِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ آيَاتُهُ زَادَتْهُمْ إِيمَانًا وَعلى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ

﴿إِنَّمَا ٱلْمُؤْمِنُونَ ٱلَّذِينَ إِذَا ذُكِرَ ٱللَّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَإِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ ءَايَٰتُهُۥ زَادَتْهُمْ إِيمَٰنًا وَعَلَىٰ رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ ۝ ٱلَّذِينَ يُقِيمُونَ ٱلصَّلَوٰةَ وَمِمَّا رَزَقْنَٰهُمْ يُنفِقُونَ﴾ «Шынайы мүміндер – Алланың аты аталғанда, жүрегі діріл қағатын, аяттары оқылғанда, иманы беки түсетін һәм Раббысына барынша тәуекел ететін жандар. Олар намаз оқиды және өздеріне ризық ретінде бергендерімізден ізгілік жолында жұмсайды»3.

Тәпсір ғұламаларының айтуынша, тек босаңсыған адамдарды немесе қоғамды қайтадан жандандыру үшін емес, үздіксіз жетіліп отыратын адами болмысымызды одан әрі жетілдіре түсу үшін де иман қайрат-жігерді қайрау керек. Жоғарыдағы аят осындай мақсатпен түскен.

  1. 1«Хадид» сүресі, 16-аят.
  2. 2Мүслим, Тәпсір 24, (3027).
  3. 3«Әнфәл» сүресі, 2–3-аяттар.