وَعَنِ الشَّعْبِيِّ قَالَ: «لَقِيَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَعْبًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِعَرَفَةَ فَسَأَلَهُ عَنْ شَيْءٍ فَكَبَّرَ حَتَّى جَاوَبَتْهُ الْجِبَالُ. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: إِنَّا بَنُو هَاشِمٍ. فَقَالَ كَعْبٌ: إِنَّ اللَّهَ قَسَمَ رُؤْيَتَهُ وَكَلَامَهُ بَيْنَ مُحَمَّدٍ وَمُوسَى صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِمَا وَسَلَّمَ، فَكَلَّمَ مُوسَى مَرَّتَيْنِ، وَرَآهُ مُحَمَّدٌ ﷺ مَرَّتَيْنِ. قَالَ مَسْرُوقٌ رَحِمَهُ اللَّهُ: فَدَخَلْتُ عَلَى عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فَقُلْتُ: هَلْ رَأَى مُحَمَّدٌ رَبَّهُ؟ فَقَالَتْ: لَقَدْ تَكَلَّمْتَ بِشَيْءٍ قَفَّ لَهُ شَعْرِي. قُلْتُ رُوَيْدًا، ثُمَّ قَرَأْتُ: لَقَدْ رَأَى مِنْ آيَاتِ رَبِّهِ الْكُبْرَىٰ. فَقَالَتْ: أَيْنَ يُذْهَبُ بِكَ؟ إِنَّمَا هُوَ جِبْرِيلُ عَلَيْهِ السَّلَامُ. مَنْ أَخْبَرَكَ أَنَّ مُحَمَّدًا رَأَى رَبَّهُ، أَوْ كَتَمَ شَيْئًا مِمَّا أُمِرَ بِهِ، أَوْ يَعْلَمُ الْخَمْسَ الَّتِي قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: إِنَّ اللَّهَ عِنْدَهُ عِلْمُ السَّاعَةِ وَيُنَزِّلُ الْغَيْثَ. فَقَدْ أَعْظَمَ عَلَى اللَّهِ تَعَالَى الْفِرْيَةَ. وَلَكِنَّهُ رَأَى جِبْرِيلَ لَمْ يَرَهُ فِي صُورَتِهِ إِلَّا مَرَّتَيْنِ: مَرَّةً عِنْدَ سِدْرَةِ الْمُنْتَهَىٰ، وَمَرَّةً فِي جِيَادٍ لَهُ سِتُّمِائَةِ جَنَاحٍ قَدْ سَدَّ الْأُفُقَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Шағбидің айтуынша, Ибн Аббас (р.а.) Арафатта Кәғбпен кездесіп, одан бір нәрсе сұрады. Кәғб тәкбірді соншалық зор дауыспен айтты, үні тауларда жаңғырды. Ибн Аббас (р.а.): «Біз Хашимұлдарымыз!» – деді. Кәғб: «Алла руяты (көруі) мен кәламын (сөзін) Мұхаммед пен Мұса (аләйһимәс-салату уәс-сәлам) арасында бөлді. Алла Мұсамен екі мәрте сөйлесті. Мұхаммед (с.а.с.) миғражда Алланы екі рет көрді», – деді.
Мәсрук былай дейді: «Әзірет Айшаға (р.а.) барып: “Мұхаммед Раббысын көрді ме?” деп сұрадым. Маған: “Сенің мына сөзіңнен денем тітіркеніп кетті”, – деді. “Асықпаңыз”, – деп мына аятты оқыдым: ﴿لَقَدْ رَأَىٰ مِنْ ءَايَٰتِ رَبِّهِ ٱلْكُبْرَىٰٓ﴾ “Шүбәсіз, ол Раббысының ең үлкен аяттарының бір парасын көрді”.1
Айша былай жауап берді: “Осы аят сені қайда жетелеп барады? Оның көргені – Жәбірейіл (а.с.). Кімде-кім саған Мұхаммед Раббысын көрді, өзіне бұйырылған нәрсенің бірін жасырды немесе Алла Тағаланың ﴿إِنَّ ٱللَّهَ عِندَهُۥ عِلْمُ ٱلسَّاعَةِ وَيُنَزِّلُ ٱلْغَيْثَ وَيَعْلَمُ مَا فِى ٱلْأَرْحَامِ وَمَا تَدْرِى نَفْسٌ مَّاذَا تَكْسِبُ غَدًا وَمَا تَدْرِى نَفْسٌۢ بِأَىِّ أَرْضٍ تَمُوتُ إِنَّ ٱللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌۢ﴾ ‘Расында, қиямет жайлы нақты ілім бір Алланың құзырында! Жаңбырды да бір Өзі жаудырады. Құрсақтарда жатқандардың да барлық жай-күйі бір Өзіне ғана мәлім! Бірде-бір жан ертеңгі күні не табатынын нақты білмейді. Әрі ешбір жан қай жерде өлетінін де нақты білмейді. Расында Алла – Алим, Хабир!’2 деген аятында айтылған бес нәрсені біледі десе, ол Аллаға аса ауыр жала жапқан болады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейілді (а.с.) төл бейнесінде екі-ақ рет көрген: бір рет Сидратул-мунтаһада, бір рет Жиядта. Жәбірейілдің алты жүз қанаты бар еді, ол көкжиекті түгел жауып тұрды”».3
Түсіндірме
Риуаятта ибн Аббастың сауал қойған адамы – Мухадрамуннан Кәғбул-Ахбар деп танылған Кәғб ибн Матиғ әл-Химяри. Иеменнен шыққан яһуди. Әзірет Омар дәуірінде мұсылман болған. Одан бұрын әзірет Әбу Бәкір заманында, тіпті ардақты Пайғамбар заманында мұсылман болғаны айтылған. Ардақты Пайғамбардың сипаттарын естісімен мұсылман болғандардың бірі. Кәғб – ғалым кісі. Мұсылман болғаннан кейін Сирияға барып, Хумусқа орналасқан. Риуаятта ибн Аббастың сұрағына қатты таңданғандықтан зор дауысымен тәкбір айтқан болса керек. Тіпті сұрақтың Алланы көруге қатысты екенін аңғарған. Өйткені әзірет Айшадан (р.а.) да дәл осы мәселе сұралғанда, сұрақтан денесінің тітіркеніп кеткенін айтқан.
Тиби әзірет ибн Аббастың «Біз Хашимұлдарынанбыз» деген сөзін Кәғбтың ашуын басу үшін және ойланып жауап беруін ескерту үшін деп түсіндірген. Яғни, ибн Аббас (р.а.): «Біз ілімі мол кісілерміз, сендер жауап бере алмайтындай нәрселерді сұрамаймыз» дегісі келген. Міне, осы ескертуден кейін Кәғбул-Ахбар ойланып: «Алла руяты мен кәламын Мұхаммед пен Мұса (аләйһимәс-салату уәс-сәлам) арасында бөлді» деп басталатын жауабын айтқан.
Бұл мәселеде Кәғбтың пікірі Айшаның (р.а.) пікірінен өзгеше. Айша Алла елшісі Жәбірейілді төл бейнесінде екі рет көрді десе, Кәғб Алла елшісі (с.а.с.) Алла Тағаланы екі рет көрді деп есептеген.
Тирмизидегі басқа риуаятта ибн Аббас әзірет Айшаға былайша қарсы шыққан:
يَا أُمَّ الْمُؤْمِنِينَ، أَنْظِرِينِي وَلَا تُعَجِّلِينِي، أَلَيْسَ اللَّهُ تَعَالَى يَقُولُ: ﴿وَلَقَدْ رَآهُ نَزْلَةً أُخْرَى﴾، ﴿وَلَقَدْ رَآهُ بِالْأُفُقِ الْمُبِينِ﴾؟
«Уа, мүміндердің анасы, мені тыңдай тұрыңыз, жауап беруге асықпаңыз. Алла Тағала “Ол оны басқа бір жолы түскенінде тағы көрді”4 және “Ол оны ап-айқын көкжиектен көрді”5 демей ме?»
Хадистегі Жияд – Меккенің төменгі жағындағы мекен. Кей риуаятта оның атауы أَجْيَاد «Әжияд» болып келеді. Сол жолы Жәбірейіл көкжиекті түгел жауып тұрған. Алла елшісі (с.а.с.) қай жаққа қараса да, тек соны көрген.
Расулалланың Жәбірейілді екі рет көруі – оны табиғи бейнесімен көруі, алты жүз қанатымен, аспанды толығымен жапқан күйінде көрінуі. Міне, осылай екі рет көрген. Жәбірейіл (а.с.) Расулаллаға адам бейнесінде жиі көрінген. Тіпті оны осы бейнесінде сахабалар да көрген. Аталмыш хадис бірнеше қосымшамен түрліше нұсқада риуаят етілген. «Сахихайндағы» бір нұсқасы былайша: «Айшаға айттым: олай болса, Алла тағаланың ثُمَّ دَنَا فَتَدَلَّى فَكَانَ قَابَ قَوْسَيْنِ أَوْ أَدْنَى деген жері қайда? Айша: «Жәбірейіл (а.с.) кәдімгідей адам бейнесінде келетін. Аятта айтылғанына келсек, сол кезде ол өзінің табиғи бейнесімен келді», – деді».