Хадис

Кутуб ситтә, № 801

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
102. «Нәжм» сүресі
Нөмірі
№ 801 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
801
Кутуб ситтә, № 801 · тараудағы реті: 3

وَفِي رِوَايَةِ التِّرْمِذِيِّ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «رَأَى مُحَمَّدٌ ﷺ رَبَّهُ». قَالَ عِكْرِمَةُ: قُلْتُ: «أَلَيْسَ يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿لَا تُدْرِكُهُ الْأَبْصَارُ وَهُوَ يُدْرِكُ الْأَبْصَارَ﴾؟» قَالَ: «وَيْحَكَ، ذَلِكَ إِذَا تَجَلَّى بِنُورِهِ الَّذِي هُوَ نُورُهُ، وَقَدْ رَأَى رَبَّهُ تَعَالَى مَرَّتَيْنِ».

Қазақша аудармасы

Тирмизи жеткізген нұсқада Ибн Аббас (р.а.): «Мұхаммед Раббысын көрді», – дейді. Икрима (одан): «Алла Құран кәрімде “Көздердің Оны көруге шамасы жетпейді, бірақ Ол барлық көздерді көріп-біліп тұрады”1 дейді ғой?» – деп сұрағанда, Ибн Аббас: «Пай-пай, бұл – Алла Тағала Өз нұрымен көрінгенде көздер Оны көре алмайды деген сөз. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Раббысын екі рет көрген», – дейді.2

Түсіндірме

Ибн Аббас «Көздер Оны көрмейді» деген аятты «Көз Алла Тағаланы толық қамти алмайды, Оның болмысын тұтас танып біле алмайды» деп түсінген. Оның пайымынша, аятта көздің Алланы көру мүмкіндігі түгелдей жоққа шығарылмаған. Ибн Аббас бұл пікірге Мұсаға (а.с.) қатысты басқа бір аятқа сүйеніп келген делінеді. Мұса Алланы көруді сұрағанда, Алла Тағала тауға көрінді. Тау күл-талқан болып, Мұса есінен танып қалды.

فَلَمَّا تَجَلَّى رَبُّهُ لِلْجَبَلِ جَعَلَهُ دَكًّا وَخَرَّ مُوسَى صَعِقًا ۚ فَلَمَّا أَفَاقَ قَالَ سُبْحَانَكَ تُبْتُ إِلَيْكَ وَأَنَا أَوَّلُ الْمُؤْمِنِينَ

﴿وَلَمَّا جَآءَ مُوسَىٰ لِمِيقَٰتِنَا وَكَلَّمَهُۥ رَبُّهُۥ قَالَ رَبِّ أَرِنِىٓ أَنظُرْ إِلَيْكَ قَالَ لَن تَرَىٰنِى وَلَٰكِنِ ٱنظُرْ إِلَى ٱلْجَبَلِ فَإِنِ ٱسْتَقَرَّ مَكَانَهُۥ فَسَوْفَ تَرَىٰنِى فَلَمَّا تَجَلَّىٰ رَبُّهُۥ لِلْجَبَلِ جَعَلَهُۥ دَكًّا وَخَرَّ مُوسَىٰ صَعِقًا فَلَمَّآ أَفَاقَ قَالَ سُبْحَٰنَكَ تُبْتُ إِلَيْكَ وَأَنَا۠ أَوَّلُ ٱلْمُؤْمِنِينَ﴾ «Мұса межелі жерге Біз белгілеген уақытта келді, сөйтіп, Раббысы онымен тілдесті. “Уа, Раббым! Маған көрінші”, – деді. Сонда Алла: “Сен Мені көре алмайсың. Одан да мына тауға қара, егер ол орнында міз бақпай тұра алса, онда Мені көре аласың”, – деді. Содан Раббысы тауға сәл ғана көрініп еді, оны күл-талқан етті. Мұса болса, есінен танып, сұлап түсті. Есін жиғанда: “Уа, Раббым! Сен мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың. Орынсыз өтінішім үшін Өзіңе тәубе етіп елдің алды болып Өзіңе иман келтіремін”, – деп жалбарынды»3.

Аятта Мұсаның (а.с.) тауға көрінген илаһи нұрға төтеп бере алмай, есінен танып қалғаны айтылады.

Мүслим жеткізген нұсқада Ибн Аббас «Мұхаммед Раббысын жүрегімен екі рет көрді» деген. Дегенмен Ибн Аббасқа телінетін кең тараған көзқарас бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) Раббысын көзімен көрген. Кей риуаяттарда оның «Алла Тағала Мұсаны (а.с.) Өз сөзімен, Ибраһимді (а.с.) достығымен, Мұхаммедті (с.а.с.) Өзін көрсетуімен айрықша мәртебеге бөледі» дегені айтылады.

  1. 1«Әнғам» сүресі, 103-аят.
  2. 2Мүслим, «Иман» (№176a–b); Тирмизи, «Тәпсір», «Нәжм» (№3279–3281; Жанан басылымында №3275–3277).
  3. 3«Ағраф» сүресі, 143-аят.